Біреуді қыршын қиса, біреуді зар илетті...
Біреуді қыршын қиса, біреуді зар илетті...
© коллаж: Әсел Балтақызы
380
оқылды

«Қылмыс азайды» дейді құқық қорғаушылар. Дегенмен күнделікті бұқаралық ақпа­рат құралдарынан, әлеуметтік желіден жаға ұстатарлық оқиғаларды оқи-оқи адам еті үйреніп кете ме, әлде күйбең тіршілік ойлануға мұрша бермей ме, әйтеуір «е-е» дейміз де, қоя салатын жағдайға жеттік. Ал қылмыс «жасарып» барады. Кеше ғана Теміртауда үкілеп өсірген бала­сынан туған­дары айырылып қалды.

Аталатсаң аталат, боталатпа...

Ата-бабамыз «Аталатсаң аталат, боталата көрме» деген. Адам үшін бауыр еті баласынан айырылудан асқан қайғы жоқ. 24 шілдеде ескі қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Теміртаудағы қалалық балалар ауруханасында 12 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды» деген хабарлама келіп түседі. Полицейлер анықтағандай, зардап шеккен бала қала үйлерінің бірінің ауласында 13 жастағы баламен ұрысып қалған. Жанжалдың соңы төбелеске ұла­сып, әлгі бала жарақат алған. Қай­тыс болған бала басынан соққы алып, оқиға орнында есінен танып қалған. Артынша жасөспірімнің сол күйінде есін жимағаны туралы ақпарат тарады. Елді дүрліктірген оқиға жайында баланың әкесі Ва­дим Сумкин: «Ұлымның жүрегіне осы уақытқа дейін бес рет ота жа­салды, ол кардиостимулятордың кө­мегімен өмір сүріп келді», – дейді. Арманда кеткен жасөспірім бағдарламашы болғысы келген. Алайда бір ғана соққы оның қиялын өмірімен қоса үзді... «Балалар бас­тапқыда доп теуіп ойнаған екен. Одан кейін ұлым өзара төбелесіп кеткен балаларды ажырата баста­ған. Оның жүрегі ауырады, жарым­жан еді. Бес отадан өткен. Бұл ту­ралы аула балалары түгелдей біле­тін», – дейді қара жамылған әке. «Оқиға Қылмыстық кодекстің 104-бабы бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті Тергеу басқарма­сы­ның бастығы Рустам Құлкеев. Сонымен қатар өз баласын ұр­лау фактісі де тіркелді...

Күн жарықта жоғалды...

Күн жарықта шешесі мен қызы жоғалып кетті. Бұл оқиға Қарағанды облысының Балқаш қаласында тіркелді. Анасы мен қызын ұрлау жайлы хабарлама Балқаш полиция бөліміне 67 жастағы жергілікті тұр­ғыннан келіп түсті. Қоңырау шал­ған ер адам қызы жұмыстан шығып, балабақшаға баласын алып кетуге кеткенін, үйге оралмағанын айтып хабарласқан. Әйел мен қыздың жо­ғалып кетуіне байланысты тергеуді арнайы жедел-тергеу тобы бастады. Хабарлама келіп түскен соң поли­цейлер бірнеше болжамды нұсқаны пысықтап, адам ұрлығын бұрынғы күйеуі жасауы мүмкін екенін ескер­ген. Балабақша қызметкерлері куә­лік бергеннен кейін осы нұсқа­ның растығы анықталды. Куәгер­лердің айтуынша, әйел мен баланы көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа қарай кеткен. Осы оқи­ғадан біраз бұрын ерлі-зайыптының ажырасқаны және әйелдің Қара­ғандыдан Балқаштағы туыстарына көшіп кеткені анықталды. Алайда экс-отағасы бұл шешімге келіспей, қызын жиі көру үшін осындай амалға барған. Бұл туралы Балқаш қаласынан хабарлама алғаннан кейін Қара­ғанды облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызмет­керлері күдіктінің болуы мүмкін бар­лық орындарды қараған. Әйел мен баланы облыс орталығындағы жер үйлердің бірінен тапты. Күдікті де бірден қолға түсті. Отбасын күш­теп Қарағандыға қайтаруға оқтал­ған азамат мұндай мәселелер аза­маттық-құқықтық қатынастар аясын­да сотта шешілуі мүмкін еке­нін ескермегенін айтты. Ал оның үстінен Қылмыстық кодекс­тің 126-бабы «бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша қылмыс­тық іс қозғады. Тергеу басталды. Баптың санкциясына сәйкес, ер адам бес жылға дейін бас бостанды­ғынан айырылуы мүмкін. Көшеде оқ ататындар да шық­ты...

Талтүсте қару алып шықты...

Теміртауда тәртіп сақшылары көршісімен жанжал барысында үйі­нен мылтық алып шығып, оқ атқан ер адамды ұстады. Бұл жайт 8 ма­мырда болды. Ел Жеңіс күнін той­лайын деп жатса, теміртаулық аза­мат көшеге мылтық алып шығып екі рет аспанға оқ атты. Отшашу жа­­сау үшін емес, өзінің мықтылы­ғын осы­лай көрсетпек болса керек. Теміртау қаласы ПБ Криминалдық полиция қызметкерлері оқ қаруын қолданып, бұзақылық жасағаны үшін 32 жас­тағы қала тұрғынын ұс­тады. «Күдікті өз кінәсін мойын­да­ды. Armsan мар­калы тегіс ұңғылы мылтық тәркі­ленді. Тиісті сарап­та­малар тағайын­далды», – деп хабар­лады Қарағанды облысы ПД бас­пасөз қызметі. 8 мамыр күні сағат 20.42 шамасында Теміртау қала­сында 8 шағын аудан­дағы аулалар­дың бірінде кәмелетке толмаған екі бала арасында жанжал болды. Ба­ла­ларды ажырату үшін үйлерінен әке­лері шыққан. Алайда жағдайды анық­тау барысында ба­лалардың бірінің 43 жастағы әкесі 32 жастағы қарсы­ласын бетінен ұрған. Содан кейін соңғысы үйінен мылтық алып шы­ғып, екі рет ауаға оқ атып, қа­шып кеткен. Бұл бірінші де соңғы оқиға емес, жақында қару ұстап көшеде маң­ғаз басып жүрген азамат ұстал­ды. 25 маусымда Қарағанды қаласы­ның ПБ патрульдік полиция полкі­нің қызметкерлері 33 жастағы жі­гіттің көлігінен қару тапты. Көлікті тексеру кезінде полицейлер трав­матикалық және пневматикалық екі тапанша, тегіс ұңғылы аңшы мылтығының 50 патроны және аңшы пышағын тапты. Қылмыстық кодекстің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Мылтығы жоғы не істейді? Әри­не, пышақ ала жүгіреді». Осын­дай заман басталғандай. Өйткені көшедегі жаға жыртыстың көбі осы суық қарудың қатысуымен өтетіні дабыл қақтырарлық.

Пышақпен де жүр көшеде...

Қарағанды қаласының тұрғыны Михайловкадағы «Стекляшка» аялда­масында автобус күтіп тұрған баласына мас екі ер адам жақында­ғанын жазды. Олар өздерін әдепсіз ұстап, жандарынан өтіп бара жат­қан адамдарды балағаттаған. 16 жас­тағы Темірлан олардан тыныш­тық сақтауды өтінген кезде ер адамдар бұған назар аударып, «Сен кімсің? Біздің кім екенімізді білесің бе?» деген сөздермен баланы қор­қыта бастайды. «Олар өздерін «беделді авто­ри­тет­тер» деп атаған сәтте ұлым еш­кімді білмейтінін айтты. Содан кейін төбелес басталды. Өтіп жат­қан адамдар болса оларды ажы­ра­тып алуға батылдары барма­ды!», – деп ренішін білдірді Темірланның анасы Айсұлу Матаева. Тәртіп сақшылары «оқиға ба­рысында ешкім айтарлықтай жара­қат алған жоқ» дейді. Алайда Айсұлу Матаева төбелес кезінде ұлының үш жеріне пышақ тигені туралы айтты. Бірінші соққы – ба­сына, екіншісі кеудеге, үшіншісі қолына тиіпті. Оқиғаны видеоға түсіріп үлгер­ген куәгер кадр сыртында біреудің «пышағыңды лақтыр» деп айқайла­ғанын естіген. «Осыдан кейін менің балам ауру­ханаға жеткізіліп, жарақат­тан­ған қолының етін тіктірді», – деп жазды баланың анасы Instagram-да. «Күдіктілер анықталып, қамауға алынды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, іс бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді Қарағанды қалалық по­ли­ция қыз­меткерлері. Ал 3 маусым күні кешке Қа­рағанды облысы Жезқазған қа­ласындағы ауруханалардың біріне пышақталған 14 жасар мектеп оқу­шысы түсті. Абырой болғанда кә­мелеттік жасқа толмаған азаматтың жағдайы жақсы болғандықтан ауру­ханаға жатқызылмаған. Жәбір­ле­нуші оқиға кешке үйінің жа­нында болғанын айтқан. Оның қа­сына белгісіз бір азамат келіп, кенет­тен пышақ жұмсап, қашып кеткен. Жәбірленуші оны бұрын көрмеген және білмейтінін айтқан. Учаскелік полиция инспекторының сауатты жүргізілген жедел әрекет­терінің ар­қасында ізін суытпай осы іске қаты­сы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Жауап алу бары­сында күдікті қыздармен еш­қашан тіл табысып, жараса алма­ған­дықтан олардан өш алуды ой­лас­тыр­ғанын айтқан. Сондықтан да қолына пы­шақ алып, көшеде ал­ғаш­қы кезіккен қыздарға пышақ саламын деп шық­қан. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық ко­декстің 293-бабына сәйкес қыл­мыс­тық іс қозғалып, тергеу жүргізі­ліп жатыр.

Түйін.

Расымен де, қылмыс азаяр емес. Ол неден туындайды? Кім кінәлі? Ойланып көрдік пе? Әрине, бірден жауап беру қиын. Бәлкім, қоғам, за­­ман айыпты дейтін шығар­мыз. Әй­теуір, әдеттегідей сырғытпа жауап бе­руіміз мүмкін. Ал айна­ла­дағы оқи­ға­ларға немқұрайды қа­рауды көбей­тіп, тәрбиеге көңіл бө­луді азай­тып ал­ғанымызды сирек айтамыз. Кім бі­леді, қылмыстың көбеюінің тамыры отбасы, ошақ қасында жат­қан шығар...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы