Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеді.
Осылайша, елімізде барлық өңірлерде КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есе өсті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істейді. Осыған байланысты ВАК карантин режимін күшейту жөніндегі бірқатар шараларды қарады.
«Барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өсті, ең көп сырқаттанушылық Солтүстік Қазақстан облысында - 3,5 есеге, Қызылорда облысында - 3 есеге, Ақтөбе облысында - 2,9 есеге, Түркістан облысында және Шымкент қаласында - 2,5 есеге өсуі байқалады», - деді А.Цой.
Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық 5,2 есе өсті. Жалпы республика бойынша өлім жағдайларының саны 2 аптаның ішінде 1,8 есеге, оның ішінде Ақтөбе облысында 8,5 есеге, Шымкент қаласында және Атырау облысында 2,8 есеге артты.
26 шілдедегі жағдай бойынша 1 шілдемен салыстырғанда елімізде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның 3 есе үдемелі ұлғайғаны байқалады. Осыған байланысты елімізде төсек-орын қоры 1,4 есеге артты.
Министрдің айтуынша, аталған кезеңде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның ең көп толтырылуы Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалады.
Төсек қорының күнделікті мониторингіне сәйкес өңірлер бөлінісінде 26 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың толуы 55%-ды, реанимациялық төсек-орындар – 43%-ды құрады. Инфекциялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақтөбе облысында - 73%, Қызылорда облысында - 73%, Нұр-Сұлтан қаласында - 76% және Шымкент қаласында - 81%, реанимациялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақмола облысында - 69%, Нұр-Сұлтан қаласында - 84% және Шымкент қаласында - 63% байқалады.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Егер өткен жылы сырқаттанушылық 3 348 адамды құраған болса, биыл шілде айында сырқаттанушылықтың өсуі 2 еседен астам болды. Сондай-ақ емделіп жатқан пациенттер саны 2 есеге артты. Бірқатар өңірлерде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы болуы мүмкін, бұл республика халқы арасында өлімнің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстары бар», - деді А.Цой.