Ауыл байланыс аясынан тыс жерде
Ауыл байланыс аясынан тыс жерде
301
оқылды

Үкімет елдегі интер­нет желісінің 100 пайыз­ға жа­қындап қалғанын ай­тып жылда жұ­батады. Бү­гін­нің өзін­де елді ме­кен­дердегі жұрт айшы­лық алыс жер­лерден жыл­­дам хабар алып отыр­­ған көрінеді. Алай­да өткен жылы қашықтан оқу үрдісіне көшкенде жоғарыда айтылған сөз­дің қаншалықты шын­дық­­қа жанасатынын көз­бен көрдік.

Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрі Бағдат Мусин биыл алты ай ішінде Қазақ­стан­дағы интернет трафигі 7 900 пе­та­байтқа дейін артқанын айтты. Бұл был­тырмен салыстырғанда 15 па­йызға көбейген. Бір жыл ішінде елімізде мобильді ғалам­тордың жылдам­дығы бойынша Speedtest Global Index рейтин­гіндегі алатын орнын 15 сатыға жақсартып, 80-орынды иеленген. Қазақстан бекітілген интернет жылдамдығы жөніндегі рей­тинг­те 65-орында тұр. Ал интернет желісі қазақ­стандық сегментінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалып­тас­тыру мен дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған тұжырым­дамасы қабылданғаны бар. Құ­жатта 2006 жылғы жүргізген зерт­теулерге сәйкес, интернет желі­сіне қосылған мектептердің саны 95% болғаны көрсетілген. Оның ішінде 6 095 ауылдық мектептің 5 785-і немесе 94%-ы ғаламтордың қызығын көреді екен.  Сырт көзге әдемі деректер бұлар. Сымсыз байланысқа жауапты саланың қазіргі және бұрынғы басшылары 2012 жылдан бері елдің барлық аймағына ғаламтор желісі тартылып, цифрлан­ды­рудың сыйын көрсетуге сөз беріп келеді. Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігінің алдыңғы басшысы 2020 жылға дейін Қа­зақстанның кез келген жерінде интернет ұстайды деп еді. Қазіргі министр келесі жылға шегерді. Бәрінен бұрын 15 жыл бұрын 94% ғаламтормен қамтамасыз етілген ауыл мектептерінің еліміздің қай аймағында екені қызық. Өйт­кені былтыр ғана министр Бағдат Мусин 500 ауылда орна­тылған ғаламтор желісі сын көтермейтінін өз аузымен айтқан. «Интернет» деген аты бар, бірақ заты жоқ 500 ауыл тұрғанда жыл аяғына дейін сымсыз желіні 1 200 ауылға жет­кізу мүмкін еместей көрінеді.

Әдеттегі байланыс жоқ

Жақында министр Бағдат Мусин Қарағанды маңындағы Баймырза ауылындағы байланыс сапасын көру үшін елді мекенге екі рет барған. Таңертең және кеш­ке жүргізілген өлшеулер ауыл­дағы байланыс сапасының төмендігін көрсеткен. Ауыл ау­мағында Теле-2 базалық стансасы орнатылса, екі метр қашықтықта Қазақтеле­комның оптикасы са­лынғанына қарамастан Tele-2 мо­бильді интернеттің орташа жыл­дамдығы секундына 0,34 мегабит, Beeline мүлдем аула­майды, ал Kcell-ге тек 60 жағдай­дың 24-інде ғана қосылу мүмкін болған. Осы іссапар ту­ралы министрдің әлеуметтік желідегі жазбасына 164 адам пікір қалдырған. Олар­дың дені елдегі интернет са­пасының төмендігін, ал кейбір жерлерде жақындармен байла­ныс орна­тудың қиындығын айтып ша­ғым­данған. Түркістан, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан, Ба­тыс Қазақ­стан, Ақмола мен Қа­рағанды об­лыстарының тұрғын­дары ведом­ство басшысын ауылдарына қо­нақ болып қайтуға шақырыпты. Үш жыл бұрын тар­тылған опти­калық сым қажетке жарамай жат­қанын, енді бірі интернеттен бұ­рын ауыл халқы естіп-білмеген ұялы байла­ныс­тың қызығын кө­руді армандап жүргендерін ай­та­ды. «Бір өзіңіз бүкіл облысты биыл аралап бітпейсіз. Өзіңіз тұрып жатқан елордадан 15-20 шақырым алыс­тасаң, интернет емес байла­ныс жоқ. Біздің Үкімет қандай цифр­ландыру туралы айқайлап жат­қанын түсінбеймін. Бізде әдеттегі байланыс жоқ», – дейді Нұр-Сұл­тан қаласының тұрғыны Жанат Кәкімжанов. Ал ірі ме­гаполис саналатын Алма­ты­дағы Алатау ауданы Дархан шағы­н­ауданы Жалағаш көшесінде мүл­дем интернет жоқ көрінеді. Қара­ғанды облысы Қарқаралы ауданы Аппаз ауылында WhatsApp хабар­ламасы жарты күн жүреді екен.

Сымсыз желі сын көтермейді

Бес жылдан бері тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарға интернет жеткізу жобасы қолға алынды. Қазір 928 ауылдың 60-қа жуығында базалық станса ор­натылған. Бірақ сымсыз желінің сапасы сын көтермейді. Байланыс саласының мама­ны Гүлім Жанайдарова біздегі ба­залық стансаның өзі стандарт­қа сәйкес орнатылмайды деп отыр. «Мысалы, олардың арақа­шық­ты­ғы 100, 200 метр болу керек болса, бізде олардың ара­сын 500-600 метр ұзартып тас­тайды. Осыдан кейін интернет ұстамайды. Қаланың қақ орта­сында интернет нашар деп жа­тады. Өйткені жобалаушылар ба­залық стансаны 4 қабатты үйдің төбесіне орнатады. Оның қасын­дағы 10 қабатты үй сигнал өткіз­бейді. Сосын жаңағы айт­қандай аралары ұзақ. Бір базадан бір базаға сигнал бармайды. Шуылдап дұрыс естілмейді, бұр­малау коэф­фициенті бір-бірін көрсетпейді. Екіншісі оптикалық жүйе деп ата­лады. Ол да ауылды жерлерде дұ­рыс орнатылмаған. Қаражаттың жеткі­ліксіздігінен стандартқа сәйкес жа­салмайды. Әйтпесе Еу­ропа ел­де­рінің бар­лығында оп­тика тарт­қан. Жа­қында Польшада бол­дым. Кез келген жерде интер­нет зуыл­дап тұр. Ол жақта да оп­тика тар­тыл­ған», – дейді Гүлім Жанайдарова. Кез келген қазақстандық қа­лаған жерінде ғаламторға қол жеткізіп, әлемдегі соңғы жаңа­лықтан құлағдар болып жатса, қуанасың, әрине. Дегенмен әлем­дік рейтингтегі орыннан бұрын онлайнға қолжетімділікті арттыру маңызды болып тұр. Өйткені елдімекендердің 99%-ы сапалы интернетпен қамтамасыз етілге­німен, қаланың ортасында келіп жатып-ақ ғаламтор қатып қала беретіні рас. Ал шалғайдағы ға­лам­торға қолы жетпеген мың­нан аса ауылдың бірқатары байланыс аясынан тыс жерде өмір сүріп отыр. Екі жылдан бері онлайн сабақ өту үшін ұстаздар жарым түнде жаяулатып, оқу­шылар білім алу үшін тал-терекке өрмелеп кеткенін білеміз. Ал 2020 жылдың соңы­на дейін 250-ден астам тұрғыны бар 1 250 ауылға оптика тар­ты­латынын айтқан министрлік бұл міндетті келесі жылға қал­дырды. Елде қауіпті індетпен ауырғандар саны күн сайын ар­тып келеді. Ба­ласының аман­ды­ғы үшін бас ауыртқан ата-аналар қашықтықтан оқу үрдісі қа­был­данар болса, былтырғы көрініс тағы қайталана ма деп қауіптенеді.

Жадыра МҮСІЛІМ