Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кезде еңбек даулары көбейіп кетті. Облыстық соттың мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығында сотқа 94 талап-арыз түскен болса, биылғы сәйкес кезеңде істердің саны 40,8 пайызға артып, 159 іс қаралған.
Сотқа жүгінгендердің басым бөлігі – 89 адам өздерінің еңбекақыларын даулаған. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Айдар Смағұловтың айтуынша, өңірде мұндай істердің күрт көбеюіне – Айыртау ауданындағы «Жарқын-СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз жұмысшыларына еңбекақысын төлемей отырғаны себеп. «Еңбекақыларын алу мәселесін қазір жұмысшылар нотариус арқылы шешуге құқылы. Ол үшін бірінші басшының қолы қойылған анықтама болуы керек. Кәсіпорынның басқа қалада тұратын басшылары сол анықтамаға қол қоймай жүр. Сондықтан 30 шақты адам сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Бұған дейін де 5-6 іс қаралған. Сөйтіп, бір кәсіпорынға қатысты істің саны 30-дан асып кетті» деп түсіндірді Айдар Әскербекұлы. Бұл кәсіпорынды тексеру үшін еңбек инспекторлары да кіре алмай жүрген көрінеді. Сот түсіндіргендей, бұған да басшылықтың тексеріс тағайындау туралы құжаттарды қабылдамай отырғаны қолбайлау. Бұл мәселемен енді прокуратура айналыса бастады. Еңбек дауларына қатысты басқа істер бойынша талап-арыз берушілер мемлекеттік қызметшілер, полиция қызметкерлері. Олар жұмыстан босатылуына, сөгіс жарияланғанына, тәртіптік іс қозғалғанына қарсы. Мәселен, Петропавл қалалық әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының өкілдері пәтер кезегіндегі жалғызбасты ананы некеге тұрғанына байланысты шығарып тастағаны үшін бастары бәлеге қалған болатын. Кезектен шығарылған адам оларды сотқа беріп, нәтижесінде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті шенеуніктерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп, тәртіптік іс қозғаған. Қорытындысында кінәлі деп танылған қызметкерлер – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин, бөлім басшылары Марат Ерханов, Данияр Асылбеков, Серік Сабралин, Наталья Дероваға қатысты тәртіптік жаза қолданылған. Алайда мұнымен келіспеген шенеуніктер сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот олардың талап-арызын қанағаттандырмай, облыстық сот та сол шешімді күшінде қалдырған. Ал Жоғарғы Сот бұл шешімді бұзып, істі шенеуніктердің пайдасына шешкен. Сондай-ақ жұмыстан шығарылған Мамлют және Ақжар аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері де әділдікті соттан іздеуге мәжбүр болыпты. Екеуі бір-біріне ұқсас істер болғанымен, шешімдері әртүрлі. Ақжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Шолпан Сәбитова облыстық Денсаулық сақтау басқармасын жеңіп, қызметіне қайтарылса, мамлюттік бас дәрігер Марина Коробкова жеңілген. Айта кету керек, екі бас дәрігер де пандемия кезінде еңбек қауіпсіздігін сақтамай, аурухана қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанына айыпты болғаны үшін қызметтен қуылған-тын. Айдар Смағұловтың айтуынша, екі істің екі түрлі шешілуіне ауруханада бақылау кеңесінің жоғы себеп болған. «Заң бойынша бас дәрігерді тағайындау немесе қызметтен босату үшін бақылау кеңесінің келісімі болуы керек. Ақжар аудандық ауруханасында бас дәрігер қызметтен босатылған кезде сол кеңестің келісімі болмай шыққан. Ал Мамлют аудандық ауруханасында мұндай кеңес мүлдем құрылмаған. Осындай процедуралық жайтқа назар аудару керек», – дейді Айдар Әскербекұлы. Бұған дейін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры да орынтағын даулап, сотқа жүгінген. Алдымен жеңіліп, ал Жоғарғы Сотта жеңіп шыққанына да процедуралық тәртіптің бұзылғаны себеп болған. Атап айтқанда, ректорды жұмыстан шығарып жіберу үшін кәсіподақтың уақытылы келісімі болмаған.КӘСІПОДАҚ НЕ ДЕЙДІ?
Облыстық кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған «Татуласу орталығының» жетекшісі Людмила Голенкованың айтуынша, бұл – кәсіподақтардың құқықтық жұмысының нәтижесі. «Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының, ұжымдық келісімшарттардың, әлеуметтік келісімдердің сақталуын қадағалау, кәсіподақ мүшелерінің құқығы мен мүддесін қорғау, ақыл-кеңес беру, кәсіподақ қызметкерлерін оқыту – ұдайы жүргізілетін жұмыс. Облыстық сот пен кәсіподақтар орталығы арасындағы меморандумға сәйкес құрылған «Татуласу орталығы» еңбек ұжымдарында түрлі кездесу, семинар, конференция өткізіп тұрады, сондай-ақ еңбек даулары туындай қалса, оларды шешуге атсалысады. Келісім комиссиялары мүшелерін оқыту да біздің мойнымызда. Биыл еңбек заңнамасына қатысты 360 арыз-шағым қаралды», – дейді Людмила Петровна. Мәселен, «штатты қысқартуға орай еңбек шартын бұзу туралы ескерту уақытынан бұрын берілді» деп шағымданған жұмысшы мен жұмыс беруші арасында кәсіподақтың араласуымен келіссөз жүргізіліп, оған қызметтік еңбекақысы мөлшерінде жәрдемақы төленген соң тараптар татуласқан. Пандемия кезінде жұмысын тоқтатқан бюджеттік ұйымның басшысы жұмысшыларына минималды еңбекақы 42 500 теңге төлегеніне келіспегендер де кәсіподақтан араша сұрапты. Нәтижесінде, жұмысшылардың еңбекақысы сақталып, қалпына келтірілген.ДАУ МЕН КИКІЛЖІҢНІҢ АРАЖІГІ
Отставкадағы судья, заң ғылымдарының кандидаты, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің басшысы Инесса Қуанова заңгерлік тұрғыдан қарағанда еңбек дауы мен еңбек ұжымындағы кикілжің – екеуі екі бөлек нәрсе және оларды шешудің арасындағы айырмашылық жер мен көктей деген пікірде. Оның пікірінше, ең алдымен еңбек ұжымында туындаған кез келген кикілжіңнің тамырына балта шабуға тырысқан абзал. «Өйткені сотта қаралған іс нәтижесінде дау шешілгенімен, кикілжің сол қалпында қалуы мүмкін. Менің тәжірибемде жұмыстан заңсыз шығарылғаны үшін сотқа үш рет жүгініп, жұмысына үш рет қайта орналасқан адамның ісі болды. Бұл еңбек дауы шешілгенімен, кикілжің тарқаған жоқ деген сөз. Себебі сот шешіміне екі тараптың бірі риза болмайды. Сондықтан мәселені келіссөз, диалог, арбитраж, медиация сияқты жолдармен шешуге тырысқан жөн. Ұжымдағы кез келген қақтығысты қоғам теріс құбылыс деп бағалайды. Шын мәнінде, мұндай жағдай дамып-жетілуге септігін тигізеді. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында ешқандай кикілжің туындамауы мүмкін емес. Өйткені олардың мүдделері әртүрлі, әрі жұмыс берушінің ресурсы шектеулі. Дегенмен еңбек дауларын азайтуға тырысуымыз қажет. Онда да оларды бұқтырмай, тараптарды қанағаттандырарлықтай бейбіт жолмен шешкен дұрыс», – дейді бұрынғы судья Инесса Қуанова. Бұл мақсатта кәсіподақтар орталығы мен «Атамекен» палатасы бірлесіп, түрлі семинар ұйымдастырады. Биыл өткізілген 15 оқыту семинарына өндірістік кеңес және келісім комиссияларының мүшелері, еңбек инспекторлары, кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен мүшелері, барлығы 400 адам қатысқан. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 64 мыңнан астам адам кәсіподаққа мүше, 1 200-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Ал еңбек даулары болған ұжымда кәсіподақ ұйымы жоқ болып шықты. Жұмысшы өз құқығын қорғау үшін ең алдымен өзіне сеніп, ұжымдық және еңбек келісімшарттарын мұқият зерделегені жөн. Қиын жағдай туындай қалса, өзін қорғайтын ұйым бар екенінен хабардар болғаны абзал. Солардың көмегімен мүмкіндігінше істі сотқа жеткізбеуге тырысқаны дұрыс. Бірінші сатыдағы сотта талап-арызы қанағаттандырылмаса, салы суға кетіп, қолын бір-ақ сермейтін жұмысшылар да қателесетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Кей жағдайда істердің әділ нүктесін Жоғарғы Сот қоятынына куә болып отырмыз. Бірақ оған барлығының бірдей жүйкесі шыдай ма?Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы