Шетелдік компьютерге шектеу қойған жөн бе?

Шетелдік компьютерге шектеу қойған жөн бе?

Мемлекеттің импорттық компьютер-ноутбуктерді сатып алуға тыйым салынуы мүмкін. Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі осындай бастама көтер­ді. Елде компьютер мен лэптоп жетіспеушілігі байқалуда. Бұл шара тапшылықты ушықтырып, онсыз да қымбат техниканың бағасын шарықтатып жібермей ме? Ведомство бұл жерде нені көздеп отыр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Отандық өнім бәсекеде неге ұтылды?

Пандемия адамзатты компьютерге тәуелді етті. Оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшті. Елдегі карантин шектеулеріне байланысты мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары ұжымының 70-80 пайызы әлі күнге қашықтан жұмыс істеуде. Жеке секторда біраз қызметкер қашықтан қызметін жалғастырып жатыр. Ел Үкіметі мемлекеттік қызметтің басым көп­шілігін халық пен бизнеске электронды фор­матта көрсетеді. Осының бәрі меморгандарда, ква­зисекторда, жеке және заңды тұлғалардың бар­шасында компьютер мен ноутбуктың болуын талап етеді. Mechta электроника және тұрмыстық техника дүкендерінің желісінде компьютерлер (процессор) 129 мың теңгеден басталып, 1,7 миллион теңгеге (ACER Predator PO9-600) дейін барады. Ал ноут­буктер акция бойынша 119 мың теңгеден басталады. Technodom, Эврикада да бағалар ұқсас. Бәрінде негізінен Қытай мен Ресейде жасалған өнімдер. Қазақстанда шығарылғанын кездестір­мейсіз. Бірақ Цифрлық даму министрлігі олардың барына бек сенімді. Әрі жаңа бастамасы арқылы соларды қорғап, мемлекеттің қамқорлығына алып, ішкі нарықты жаулауына жол ашпақ ниетте. Осы меморган дерегінше, Қазақстанда сатылатын компьютерлік техниканың 90%-ы – импорттық. Тиісінше, қазақстандық өндірушілердің үлесі – 10 пайыз. «Атамекен» ҰКП ақпаратына сенсек, отандық өнімдерге ғана берілуі тиіс СТ-KZ нысанындағы «тауардың шығу тегі туралы сертификатқа» бүгінде осы салада 62 қазақстандық кәсіпорын ие. Отандық өндірушілер қатарында «Киров атындағы зауыт» АҚ, «Логиком» АҚ, «АТЕКО» ЖШС, «PC4U» ЖШС, «GSE» ЖШС, «F3.kz» ЖШС және басқасы аталады. Бұлардың өндірістік қуаты 2018 жылы орта есеппен 26%-ға, 2019 жылы − 25%, 2020 жылы 39% ғана жүктеліпті. Яғни, нашар жүктелген. Бұл ком­паниялардың кірістілік-рентабельділігі 2018 жылы – 16,7%, 2019 жылы – 17%, 2020 жылы  13,6%-ды құраған. Тенденция тек төмендеп келеді. Олар еліміздегі ірі электроника және тұрмыстық техника дүкендері мен интернет-дүкендердің желісіне өз өнімімен кіре алмайды. Сондықтан халық бұлардың бар-жоғынан бейхабар. Бұлар төл сайттары мен бірен-саран дүкені арқылы өнімін ілгерілетуге тырысуда. Бірақ тауары қымбаттау бол­ғандықтан, саудасының қызып жатқаны шама­лы. Отандық өндірушілер шығарған дербес ком­пью­тердің орташа құны 197 мың теңгені құраған. Ал импорттық компьютерді 129 мың теңгеден де та­буға болады. Демек, баға жөнінен бәсекеде ұтылуда.

Өтірік «отандық» өнімді қолдау керек пе?

«Қазақстанда жасалған» таңбалы компьютерлер мен ноутбуктердің шынында тек шетелден шашып әкелініп, елімізде құрастырыла салынатын өнім екенін Цифрлық даму министрлігі де жасырмайды. «Қазір отандық кәсіпорындар тек құрастырумен айналысады. Нәтижесінде, дайын өнімнің өзіндік құны құрауыш жинақтардың бағасына және оларды импорттау кезіндегі ілеспе шығындарға тікелей байланысты. Қолдау шарасы болмаса, отандық кәсіпорындардың өнім өндіру көлемі төмендеп, қаржылық ахуалы нашарлауы мүмкін» деп дәйектеді министрлік өкілдері. Ендеше шетелден келетін дайын өнімге тыйым салудың қандай қажеті бар? Аты ғана отандық, заты жатжұрттық өнімге ерекше жағдай жасап, айрықша артықшылық берген орынды ма? Орынды көрінеді. «Компьютерлік техника барлық салада, соның ішінде елдің ұлттық қауіпсіздігін, стратегиялық мүддесін, оның өнеркәсібі мен экономикасын қорғаумен тығыз байланысты төтенше маңызды салаларда қолданылады. Ол жабдық деректердің жасырын алынбайтынын (орысша нұсқасы – нег­лас­ный съем данных), сондай-ақ санкцияларға және басқа да сыртқы жағдайға қарамастан мемле­кеттік органдардың тұрақты жұмысын кепілдендіруі тиіс. Соңғы уақытта елімізде кибершабуылдар жиілеп кетті. Дата-орталықтар құру, барлық саладағы процестерді  автоматтандыру, күнделікті компьютерлік техниканы пайдалану – елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін өзекті етті», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. Сарапшылардың байламынша, әңгіме «бэкдор­лар» туралы болып отырса керек (ағылшынның back door – артқы есік деген сөзінен шыққан). Мысалы, биылғы наурызда Intezer сарапшылары RedXOR жаңа әрі күрделі бэкдор Linux жүйесіне шабуыл жасап, қытайлық киберқылмыскерлер тобының хакерлік операцияларына қатысатыны туралы хабар таратты. Бұл бэкдор пайдаланушыға қатысты жүйелі ақпаратты жинауға, файлдармен операцияларды жүргізуге, жүйелі бұйрықтарды орындауға, бақылаусыз шелл-командаларды іске қосуға, тіпті қашықтан жаңаруға қабілетті. 2018 жылы Lenovo-ның техникалық директоры Питер Хортенсиус The Inquirer-ге сұхбатында: «Қытайда барлық компания бэкдор орнатады» деп ашық айтты. Бұл деректерді тексеру қиын. Дегенмен «сақтансаң сақтаймын» деген. Ал елімізде құрас­тырыл­ған компьютерлік техникаға отандық бағ­дарламалық қамтылым орнатылса, мұндай тәуе­келдерден арылуға мүмкіндік бар. Әрі олар ақпарат­тық қауіпсіздік сынағынан өтеді. Бұл – бір. Екіншіден, құрастырумен айналысқанның өзінде компаниялар қазақстандықтарды жұмыспен қамтып, жалақысын төлеп, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік төлемдерін аударып отыр. Олар елімізге салық төлейді. Ал шетелдік дайын өнімді сатып алғанда, қаражат толығымен жатжұртқа кетеді, солардың өндірушілерін байытады.

Қанша компьютер экспорттадық?

Үшіншіден, коронавирус көптеген елде өндірістің тоқтауына, жеткізілімдердің кідіруіне соқтыруда. Мұндай жағдайда жергілікті өндірістің өркен жайғаны керек. Былтыр мемлекет оқушылар үшін компьютерлер мен ноутбуктерді шұғыл әрі үлкен көлемде сатып алғанда қазақстандық кәсіпорындар тез құрастырып берген, ал дайын өнімді жеткізушілер Қытайдың құрастырушы зауыттарындағы шектеулерге байланысты кешіккен көрінеді. Төртіншіден, елде құрастырылатын компьютер­лік техника функционалдық мүмкіндіктері бо­йынша да, сапа сипаттамалары бойынша да им­порт­тық жабдықтан еш кем түспейді. Сонымен бір­ге қазақстандық өндірушілер өзі шығарған өнімге техникалық қолдау, сервистік қызмет көрсетеді. Шетелдік өндірушілер болса, одан бас тартып жатады. Бұл айналып келгенде оның қызмет ету мерзіміне кері әсер етеді. Ішкі нарық сапасыз өнімге толады. Бесіншіден, саладағы 62 отандық кәсіпорын өз өнімдерімен халықаралық нарыққа шығуға талап­тануда. Қазақстаннан 2018 жылы – 15 784, 2019 жылы – 13 988, 2020 жылы 12 547 бірлік компью­терлік техника сыртқа экспортталыпты. Оның бәрін дерлік ТМД елдері, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы сатып алды. Тұтастай алғанда, 2020 жылы Қазақстанда 59,3 мың компьютерлік техника өндірілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6 есе көп! Цифрлық есептеу техникасының өндірісі тұтастай дерлік Алматыда шоғырланған: Алатау бөктеріндегі мегаполисте 58,1 мың құрылғы жасалды: 1 жыл бұрынғыға қарағанда 6,8 есе артты. Қарағанды облысында индустрия кері кетуде: былтыр 1,1 мыңға жуық техника жасалды, бұл алдыңғы жылдағыдан 15,5% кем. Нұр-Сұлтанда алғаш рет 124, ал Жамбыл облысында 24 компьютер (+20%) өндірілді. Өндірісін еселеп арттырғанына қарамастан, отандық кәсіпорындар қуатының жартысын да жүктей алмады. Ел Үкіметі оларды 90-100%-ға дейін жүктеуді мақсат етіп отыр. Бұған «тыйымды енгізу» ықпал етуі тиіс. Беларусь ІТ компаниялары бізге ауып келмек Қазақстандықтар мен бизнестің, мемлекет пен квазисектордың миллиардтаған қаражаты шетелге кетуде. Жалпы алғанда, Қазақстан 2020 жылы 1 миллион 630 мың бірлік компьютерлік техника тұтыныпты. Бұл 2018 жылғыдан 2 есе артық. Соның ішінде 1 миллион 530 мың компьютерді еліміз шетелден импорттады. Сөйтіп, 246 миллиард теңге жатжұрттық елдердің экономикасына құйылды, солардың өркендеуіне қызмет етті. Нақтылай кетсек, осы өнімдердің 82%-ы – Қытайдан, 10%-ы – Вьетнамнан, тағы 8%-ы Ресейден әкелінді. Ал Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2020 жылы мемлекеттік сатып алу ар­қылы Үкімет пен әкімдер 36 млрд 924 млн теңгеге ком­пью­терлік техника алған. Экономика ведом­ствосы осы мемсатып алулардағы жергілікті өндіру­шілердің үлесі 2019 жылы 39% болса, былтырғы 2020 жылы 8,71%-ға дейін құлдырағанын жеткізді. Сондықтан Б.Мусин ұжымы ең болмаса, мемле­кеттік сатып алуда шетелдік өнімді алуға ты­йым салуды, тек елімізде құрастырылған компью­терлік техниканы тендерге жіберуді ұсынды. Осы мақсатта «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы» қаулы жобасы әзірленіп, қоғамдық талқы­лауға шығарылды. Егер құжат қабылданса, мемле­кеттік сатып алу мақсатында шетелден компью­терлер, мониторлар, ноутбуктер әкелуге жол беріл­мейді. Құжат әзірлеуші мамандардың ұстанымынша, бұл шектеу отандық кәсіпорындарға өндірістік қуа­тын ұлғайтуға, жұмыс орындарын 12-15% арт­тыру­ға, бюджетке салық түсімдерін 30% көбейтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде отандық кәсіпорындар мемлекет пен квазисектордың осы техникаға деген мұқтаж­дығын өздері толық өтеуге дайын екенін білдірді. Бұл бастаманы 2021 жылғы 4 тоқсаннан бастап енгізу жоспарланыпты, І кезеңде өзге мемор­гандардың келісімін алу, нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу жүреді. Екінші кезеңде, келесі 2022 жылғы І тоқсаннан бастап тыйымды енгізу қарас­тырылуда. Қазақстан бұл саланы дамытуға білек сыбана кіріспек. Мемлекет экспортқа жұмыс істейтін ІТ компаниялар шығындарының бір бөлігін бюджеттен субсидиялауға шешім қабылдады. Сондай-ақ оларға 6% ставкамен жеңіл несие беріп жатыр. Бұған қоса Astana Hub тынышы кеткен Беларусьтен 600-ге жуық ІТ компанияны елге тартуда: олар «Астана» қаржы орталығы мен Astana Hub резиденті ретінде тіркелу рәсімінен өтіп жатыр. Кім біледі, бәлкім Қазақстан компьютермен жаһанды жабдықтайтын елдің біріне айналар? Вьетнам да осылай бастады емес пе?!

Айхан ШӘРІП