Қазақстанда кез келген тауар бағасының нарқы жыл сайын ең кемі 10-15%-ға артып отыратыны ешкімге жасырын емес. Бірақ індет кезіндегі қымбатшылық халықты қатты титықтатып тастады. Биылғы көктем мен жазда бірінің соңынан бірі іркес-тіркес келген жанар-жағармай, сосын азық-түлік бағасының күрт көтерілуі, енді қуаңшылық күзде ет құнын аспандатып жібере ме деп елді үрейлендіріп отыр.
Осы мақаланы жазу барысында ауылдағы ағайынмен хабарласқанымызда, биыл тек Батыс пен Оңтүстікте ғана емес, Қазақстанның Орталық аймақтарында шөптің сирек шыққанын естідік. Бұған жекеменшік малын жаятын жердің тапшылығын, шабындық алқаптарының көбі байшыкештердің уысында отырғанын ескерсек, жұрттың тегіннен-тегін секем алмағанына көзіміз тағы жете түсті. Соңғы деректер бойынша, халықтың мал бағымы үшін 32,4 млн га жайылым жетіспейді. Бұл жайтты Үкіметтің кейінгі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатты сынға алған болатын. «Биыл Көкшетаудың айналасында шабындық шөп сұйық болып тұр. Осыдан он күндей бұрын жаңбыр жаумай, жердің үсті сарғая бастап еді, Аллаға шүкір жаңбыр жауып, елдің көңілі көтеріліп қалды. Дегенмен шөп жылдағыдай болмайды. Шөп сататындар да бағаны шырқатып жіберіпті. Бір шаршы тюк 1000 теңге. Дөңгелек тюк 16 000 теңгеге дейін. Өз болжамымша, далада қыстап шығатын жылқыға осындай ауа райы тұрса жаман болмас, ал қорадағы мал биыл күзде азаятын шығар. Бұл келесі жылы ет қымбаттайды деген сөз. Жем қалай болатыны да дүдамал жағдайда»,– дейді көкшетаулық белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек.Мал басының кемуі мүмкін бе?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мал саны келесідей: жылқы – 3,100 млн бас, ірі қара саны – 7,8 млн бас, түйе – 225 мың бас, қой-ешкі – 22,9 млн тұяқ, шошқа – 822,2 мың және құстың саны 47,3 миллионға жеткен. Жалпы, кейінгі бірнеше жыл бойы республикада мал басы үздіксіз өсіп отырған, бірақ биылғы қуаңшылықтың кесірінен осы оң үрдіс үзіліп қалатын сияқты. Мал баққан қазақтың шаруашылығы қашанда ауа райына тәуелді. Егер жаз бойы жауын-шашын әдеттегіден аз жауып, қуаңшылық жалғаса беретін болса, ол мал басының кемуіне ұрындыруы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда қысқы маусымға жеткілікті қор жинап ала алмаған шаруаның қолындағы төрт түлігін арам қатырғанша, пышаққа салғаннан басқа амалы қалмайды. Мал басы жаппай пышаққа іліккен соң нарықта ет өнімдерінің көлемі сұраныстан анағұрылым артып, еттің бағасы уақытша төмендеуі мүмкін. Бірақ елдің қолындағы мал басы көп кеміп кетуі салдарынан күзде, қыста еттің құны еселеп артып, ие бермей кетуі кәдік. Міне, нағыз дүрбелең сол кезде басталады дейді кейбір сарапшылар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, оған жол бермеудің түрлі амалдары қарастырылып жатыр. – Біз қуаншылық жағдайынан неғұрлым шығынсыз құтылудың түрлі амалдарын қарастырамыз. Тәжірибелі мамандармен, ірі мал шаруашылығы құрылымдарының иелерімен сөйлесіп, ақылдасамыз, сарапшы қауымның пікіріне жүгінеміз, тығырықтан шығудың кешенді жолын әзірлейміз, – дейді вице-министр Р.Құрманов. Оның айтуынша, маусымдық жауын-шашын әдеттегіден аз түсетін болса, онда шілде айының соңы, тамыз айының басында арпа, жүгері және екпе шөптерді өсіру қолға алынбақшы. Сондай-ақ жемшөп тапшылығы байқалған өңірлерге Үкімет тарапынан көмек ұйымдастыру шарасы да күн тәртібінен түскен жоқ. [caption id="attachment_153379" align="aligncenter" > © инфографика: Қуаныш Сапарбай[/caption] Қазіргі қуаншылықтан негізінен ұсақ фермерлер мен жекенің малы зардап шеккен. Ірі шаруашылықтар жемшөп қорын көп жылдар бойы үзбей жинап келе жатқандықтан, олар аса қатты қинала қойғаны байқалмайды.Қой бағасы неге ерекше қымбат?
Сонымен бірге, қазір базарда жылқы мен сиыр етіне қарағанда қой етінің бағасы шырқап тұр. Мәселен, 2021 жылдың шілде айында қой етінің бір келісі орташа алғанда 2,6 мың теңгеге саудаланған. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 14,4%-ке жоғары. Қой еті, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы (келісі 3,2 мың теңге) және Қарағанды (2,9 мың тг) қалаларында қымбат. Сондай-ақ Батыс Қазақстан өңірінде де қатты қымбатшылық байқалады. Сонымен қатар жылқы еті – 2,4 мың теңгеге дейін (7,2 %), сиыр еті – 2,1 мың теңгеге дейін (6,4 %), шошқа еті – 1,7 мың теңгеге дейін (6,4 %), тауық еті 965 теңгеге дейін (4,1 %) өскен. Министрлік өкілдері қой бағасының ерекше қымбатшылығын аша тұяқтыларды сыртқа тірідей және сойып сату арқылы тасымалдаудың күрт көбеюімен байланыстырады. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында шаруашылықтарда жалпы жиынтық салмағы 131,8 мың тонна болатын тірі қой (2020 жылмен салыстырғанда 2,1% көп) және 65,7 мың тонна (былтырғыдан 1,9% көп) қой еті сатылған. Қазір Қазақстанда саулық қойларды басқа елдерге тірідей экспорттауға тыйым салынған. Бүгінде Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен біргігіп кіші аша тұяқты малды сыртқа тірідей экспорттауға толықтай тыйым салатын шараны қарастырып жатыр. Сарапшылар қой етінің қымбаттауының басты себебі осы деп отыр.Етті қай өңірде көп жейді?
Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, адамдардың ет пен ет өнімдерін тұтыну көлемі былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда бес пайызға төмендеп кеткен. Бұл жан басына шаққанда 19,8 келіден айналды. Energyprom.kz зерттеуіне сүйенсек, етті ең көп Павлодар облысында – адам басына шаққанда 24 келіден, ең аз Шымкентте 14,6 келіден жейді екен. 2020 жылы әрбір қазақстандық орташа алғанда айына 7 келіден ет пен ет өнімдерін тұтынған. Жалпы, статистикалық кестеге қарасақ, қазақтың етке деген аңсары жылдан-жылға үздіксіз ұлғая беретінін көреміз. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын ол айына 3,7 келі ет жесе, былтыр айына 7 келіге дейін етті жәукемдейтін болған. Тек биылдан бастап ет өнімдерінің барлық түрлері бойынша тәбетін тыя тұруына тура келді. Мәселен, сиыр етін тұтыну – 1,9 пайызға, қой етін тұтыну – 3,9 пайызға, жылқы етін тұтыну – 5,4 пайызға, шошқа етін тұтыну 5,9 пайызға дейін төмендеді. 2021 жылдың бірінші тоқсанында үй шаруашылықтарының тұтыну шығындарының құрамындағы ет және ет өнімдерінің үлесі 17,9 пайыз болды. Ет өнімдері былтырмен салыстырғанда 6,8 пайызға, өткен аймен салыстырғанда 0,9 пайызға қымбаттады.Дәулет АСАУ