Жалған вакцинация паспортын жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ішкі істер вице-министрі Арыстанғани Заппаров хабарлады.
Вице-министрдің айтуынша, жалған вакцинация паспортын және ПТР-анықтама беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинау бойынша ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы құрылған.
«ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінде жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландырулар бойынша тұрақты мониторинг топтар жұмыс істейді. Мәселен, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакцинация паспортын немесе ПТР-анықтама сату туралы 62 хабарландыру анықталды. Олар туралы ақпаратты бұғаттау үшін уәкілетті органға (АҚДМ) айтылды. Сонымен қатар, жалған құжаттарды сатып алуға тырысып, алаяқтардың құрбанына айналуға болатынын атап өткен жөн», - деді Заппаров брифингте.
Қазір полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, ауруханалар мен емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеріп жатыр.
«Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады. Оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасау фактісі», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.