«Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді» – Әбілхан Аманқұл
«Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді» – Әбілхан Аманқұл
Фото: prosports.kz
5,441
оқылды
Токио Олимпиадасында бокстан іріктеу кезеңі бойынша жекпе-жектер жалғасып жатыр. 75 келіде алғашқы кездесуін сәтті өткізген Әбілхан Аманқұл жекпе-жек жайлы ой бөлісті.
"Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын болды. Жалпы, Олимпиадада жекпе-жектер оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын.  Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді. 
Әрине, құрамада жігіттердің кешегі жеңілісінен кейін көңіл күй түсіп қалды. Не дегенімен олар фавориттер, мықты спортшылар. Бірақ  рингке шыққанда әркім өзі үшін шығады. Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды. Біз бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды", – деді боксшы olympic.kz-ке берген сұхбатында. Айта кетерлігі, 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Алайда екінші раунда тез жиналған Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, үшінші кезеңде де қарсыласынан басым түсті. Ширек финалда Әбілхан Аманқұл Бразилия елінің өкілі Эберт Консейса Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.