Ұлт әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушы Аягүл Мантайдың қазасы бәрімізді есеңгіретіп кетті.
Аягүл Мантай Түркістан облысы Мақтарал ауданы Байқоныс ауылында дүниеге келген.
Ресей халықтар достығы университетінде оқыды.
2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. «Жүрекке оралу» кітабының авторы.
«Серпер» жастар сыйлығының лауреаты. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері атанды.
Ол Aiqyn газетінің «Айқын-апта» қосымшасында арнайы айдар жүргізіп, әлем жазушыларының шығармалары, әдебиеттегі үрдістер жайлы мақалалар жариялап тұрды. Редакциямен шығармашылық байланысын үзген емес.
Ол – жаны таза, әлемі мөлдір, сеніммен, сезіммен өмір сүрген, оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленген жазушы еді. Интеллектісі жоғары, шығармашылығы бөлек, адамдардан адалдық іздейтін таза еді. Амал нешік, өмірден ерте кетті.
Aiqyn газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстарына, отбасына және әдебиет сүйер барша оқырмандарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Жаның жәннатта болсын, Ая Мантай!