Қазақ театры орны толмас қазаға ұшырады. 69-ға қараған шағында белгілі режиссер, қазақ театр өнерінің майталманы Болат Атабаев өмірден өтті. Ол 1952 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынас тілдері университетін, Театр және көркемсурет институтын бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Ақсарай» театрының көркемдік жетекшісі, республикалық неміс театрының, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері болды. Грузия, Италияда тәжірибеден өтіп, Германияда білім алды. 40-тан астам спектакльді сахналап, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше пьеса жазды. Болат Атабаев – театр өнеріне орасан зор үлес қосқан тұлға. Ол режиссерлік еткен қойылымдар Ресей, Германия, Грузия, Түрікменстан мен Қазақстанда өткен халықаралық театр фестивальдерінде жүлдеге ие болды. Белгілі драматург Роза Мұқанова режиссер туралы: «Драматургия деген жанрдың ноқтасын ұстатқан Режиссерім! Өнердің өз заңы бар. Біреулер табытқа түскенше «ұлы» болады, біреулер табытқа түскеннен кейін «ұлы» болады. Мен білетін Болат (АТАБАЛА дейтін едім) Атабаев тыныштық пен күңгірттікке жаны қас найзағай мінезді жаратылыс еді. Ол санаға ғана бағынатын, өлшемге бағынбайтын. Алдыңнан жарылқасын, иманың жолдас болсын, АТАБАЛА!» деп жазды. Оның спектакльдерінде ешкім рөл ойнаған жоқ. Өзін-өзі ойнады. «Театрда сюжетті ойнауды қою керек» дейтіні де сондықтан. Оның спектакльдерінің ерекшелігі – осында. Актер Бекжан Тұрыс Facebook парақшасында: «Санамызға ұлтты ұғыну, ұлтымызды сүю керек деген саңылау енгізіп едіңіз. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайсар ағам! Бірде – илікпей ғұмыр кешіп, ажалды да илікпей жатып күтіп алған Сүйеу қарттай бәрін қалдырып жалғаннан сіздің де көшкеніңіз бе? Көңілімді бір өкініш өксітіп, жүрегімді бір жұбаныш жылытып, жанымды бір демде от өртеп, мұз қалтыратып барады. Жұбантатыны – кездесіп, жүздессем-ау деген ұстазыңызбен қауыштырып, арманыңызды орындай алғаным. Өксітетіні – Шалкөдені көрсетем деген уәдемді орындауға ажал шіркіннің аял бермегені. «Мұқағалидың тойына апаршы, Бекжан» деген өзімсіне айтқан өтінішіңізді енді ешқашан орындай алмайтыным. Рухыңыз асқақ, өзегіңіз мықты болатын, тәніңіз азаптан құтылып, жаныңыз өзіңіз аңсаған еркіндікке ұшып кетті, АҒАТАЙ! Сіз жайлы жазарым алда. Сатылмаған, сатпаған ештеңесі қалмаған мына тіршілікте арын сатпай, жанын саудаламай таза қалпында кеткен сіздей адам жайлы жазарым да, айтарым да таусылмақ емес, өйткені жақсы адамның өлген күні болмайды, бар болғаны тәтті ұйқыға кеттіңіз… Алла алдыңыздан жарылқасын!» деп жазды. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзін» қайта сахналағысы келген еді. Арманына жете алмады. Біз Атабаевтың «Мәңгілік бала бейнесін» көріп өстік. Ерекше қойылған спектакль болатын. Бір емес, бірнеше рет тамашаладық. Онда режиссердің айрықша қолтаңбасы бар еді. Атабаевты құрметтейтін шәкірт көп. Ол қойсам деген «Қарагөзін» шәкірттері қоятынына кәміл сенеміз. Алла алдыңыздан жарылқасын! Бақұл болыңыз, жақсы адам! Нұр-Сұлтан қалалық музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Асхат Маемиров: «Өнерге адал, шындықтың алдаспанындай жарқылдаған болмысыңыз санамызда сақталады! 90-жылдардың ортасынан бастап режиссура кеңістігіне қадам басқан жас буынға импульс бердіңіз, театр өнерінде шығармашылық бағдаршам болдыңыз! Рухани тірек болдыңыз! Фәниде Өзіңіз ерекше пір тұтқан, құрметтеген Гер-Аға, Бикен апа, Сәбира апа, Әкеңіз бен Анаңыздың артынан бақи әлемге аттандыңыз! Алла панасына алып, рақымына бөлесін! Бақұл болыңыз, БОЛАТ АҒА!..».
Айым БЕКТҰР