Жақында «Сарыарқа» велотрегі жедел басқаруға берілетіні мәлім болды. Яғни, кешен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы нысанына айналады. Осы хабардан кейін халық велотректің, соның ішінде Олимпиадалық даярлау орталығының жағдайына алаңдап отыр. Ал бұған Мәдениет және спорт министрлігі мен велотрек ұжымы не дейді?
Келісімнен ұтатын кім?
2013 жылы салынған «Сарыарқа» велотрегінің еліміз үшін маңызы зор. Олай дейтініміз, 58 мың шаршы метрлік кешенде спорттың барлық түрі бойынша спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейн, баскетбол алаңдары, мұзайдыны, мәжіліс залдары, мейрамхана мен қонақүй де бар. Бұл спорт түрлерінен ұлттық құрамалардың дайындалуына, халықтың жаппай спортпен айналысуына, кез келген іс-шараға сақадай-сай болуға жағдай жасайды. Оған қоса велотректе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ә дегенде спорт кешені жекешелендіруге өтсе, ары қарай не болмақ? Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған мәліметке көз жүгіртсек, МЖӘ бойынша ұсыныс ақпан айында түскен екен. «Қазақстандық велосипед спорты федерациясы» министрлікке «Сарыарқа» республикалық велотрегі негізінде UCI халықаралық спутниктік орталығын құру және балалар спортын дамыту орталығын ашу жобасын таныстырған. Осы тұста бұйрыққа сәйкес, аталған федерацияның МЖӘ келісімшартын талқылау бойынша тікелей келіссөздердің қатысушысы екен. Қазір министрлікпен екінші тарап келіссөз жүргізіп жатқанға саяды. Олар «жеке серіктеске талаптар қойылады және есептеулер талданады» деп отыр. Түсінгеніміз, жауапты орган «федерация келіссөздердің қатысушысы» дегенімен, кешендегі мамандарды оқытып, халықаралық спутниктік орталық құруға қаржы бөлетін нақты кім екенін айтпай отыр. «МЖӘ механизмі шеңберінде объектіні жекеменшікке иеліктен шығару құқығынсыз ғимаратты жедел басқаруға ғана беріледі. Ал барлық спорттық компоненттер, оның ішінде 17 жазғы олимпиадалық спорт түрінен спортшылар дайындалатын Олимпиадалық даярлау орталығы бұрынғыдай министрліктің қарауында қалады. Жобаны жүзеге асыру барысында Олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары аталған объектіге кедергісіз кіре алады. Бұл өз кезегінде олимпиадалық резервтің дайындалуына кері әсерін тигізбейді. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, мүгедек және жетім балалар үшін тегін секция қарастырылған. Бастысы, паравелоспорттың дамуына ерекше көңіл бөлінеді», – дейді министрлік өкілдері. Сонымен, жеке серіктес UCI халықаралық спутниктік орталығын құрып, спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар құрамын дайындау және біліктілігін арттыру бойынша халықаралық аккредиттеуден өткізуге бел байлап отыр. Балаларға арналған халықаралық білім беру бағдарламасын енгізумен бірге балалар спортын дамыту орталығын құру бойынша қызмет көрсетуді де қолға алмақ. Оған қоса, жоба шеңберінде жаңадан құрылған Nur-Sultan Cycling Team-ға қолдау көрсетілмек. Жалпы, спорт саласындағы МЖӘ-нің инфрақұрылымды жаңарту мен жақсарту үшін инвестиция тарту мақсатында жүзеге асатынын ескерсек, жаңалыққа қуануға болады. Алайда министрлік субсидия көлемін, шартын, жеке серіктестің нақты кім екенін ашып айтпай отыр. Сондықтан да қоғам пікірі екіге жарылып, белсенділер «124 млн долларға салынған кешен қолдан сусып кетпесін» деп шарқ ұрып жатыр.Алаңдауға себеп бар ма?
Жекешелендіру жайын естісек, кірпідей жиырылатынымыз бар. Әрине, шарты мен түсер пайдасы айқын жарияланса, қолдайтындар табылары анық. Осы тұста ғимарат басшысынан жағдайдың барысы жайлы сұрап, білуге тырыстық. «Өздеріңіз білетіндей, біз тек орындаушымыз. Жоғары жақ қандай тапсырма береді, соны мақұлдаймыз. Бізге ешқандай өзгеріс болмайтынын түсіндірді. Өзгеріс деп отырғанымыз, кадрлар ауысуы мен жұмыстан қысқаруы жайы. Өйткені велотректегі қызметкерлер, соның ішінде техникалық қызметкерлер қысқару болып-болмайтынына алаңдап отыр. Жұмыс орындары қысқармайтынын айтып сендірді. Олардың айтуынша, мамандарды оқытып, халықаралық орталық құрмақ. Бұл турасында пікірім жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, қалай деп шешеді, соны орындаймыз», – дейді ғимараттың басшысы Назар Жанатұлы. Иә, «халықаралық орталық жасаймыз» деген хабардан кейін қызметкерлердің алаңдап отырғаны белгілі. Велотрек федерация тарапынан жекешелендіруге өтеді дегенімен, олар да нақты қай тұлғаның қарамағына өтетінін күтіп отыр. Әсіресе, техникалық қызметкерлер жұмыстан айырылып қалмау қамын жасап жүр. Өзге де қызметкерлер «жаттықтырушы-оқытушылар құрамын дайындау және біліктілігін арттыру бойынша халықаралық аккредиттеуден өткізу» жайына да бір үміт, бір күдікпен қарайды. Ал БАҚ бетінде жарияланған «жекенің қолына өткен жағдайда ол жерде велотрек қана қалып, жыл сайын 2 миллиард теңге ғана субсидия төленеді» деген пікірге министрліктен жауап ала алмадық. Мұны екі тарап келісімшарт жүргізіп жатқанымен байланыстырып көрдік. Жоғарыдағы пікірдің жалғасында тек велоспортшылар үшін мемлекеттік бюджеттен 2 млрд теңге бөлінетіні жазылған. Ал кешендегі Олимпиадалық спорт түрлерін дайындауға бюджеттен шамамен 2,8 млрд теңге бөлінеді екен. Егер бұл жазылғандар рас болса, еліміздегі велоспорттың ертеңі «жарқын» болары сөзсіз.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ