Еңбек қаналып, табыс тоналмаса...
Еңбек қаналып, табыс тоналмаса...
238
оқылды

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылымы өзгерген Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ІІМ-нің көші-қон саласындағы функ­ция­лары мен өкілеттіктері, бос­қындар мәселесі берілмек. Осы орайда елдегі адам саудасы мен «құлиеленушілікке» шенді мамандар жол беріп қойып жат­қанда оның алдын алуға мына екінші органның құзыреті жете қояр ма екен?

Шетке кетуді шектеу керек

Таяуда Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақ­тау министрлігін қайта ұйымдастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол сәтте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақ­станнан кетуге және Қазақстанға келуге виза беру, ха­лықты құжаттандыру және азаматтық алу жөніндегі функциялар мен өкілет­тіктер, босқындар мәселесінің берілетіні белгілі болды. 2012 жылдан бастап еліміздегі теріс көші-қон сальдосы өсіп келе жатқанын ескерсек, жоғарыдағы шешім «жеті рет өл­шеп, бір рет кесілгенге» ұқсайды. Өйт­кені ІІМ өкілі Шұғыла Берікқызының ай­туын­ша, бұл өзгерістер құқық қорғау жү­йесін реформалау және ішкі істер ор­гандарын өз құзыретіне жатпайтын функ­циялардан бо­сату шаралары аясында жүзеге асырылмақ. – Бірақ біздің министрлік елдің миг­рация саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырудан хабардар болып отырады. Еңбек миграциясының шека­ра­дан заңсыз өтуі, заңсыз келген иммигрант­тарды елден шығару, Қазақстан Республи­касына келуге рұқсат беру мен құжат­тан­дыру ІІМ-нің құзыретінде қала береді, – дейді ол. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде мигранттарды «тауар» деп қарастырып, ал көші-қон процесін қауіпті құбылысқа жат­қызбайтын дамыған мемлекеттер имми­грация-эмиграция қозғалыстарын жай ғана «табиғи құбылысқа» жатқызады екен. Бұл ретте былтыр Халықаралық көші-қон ұйы­мы жариялаған «Әлемдік миграция бо­йынша есепте» Қазақстан халықтың жалпы санына қатысты елден кетуші эми­гранттар көрсеткіші бойынша алғашқы 20 елдің қа­тарына кірген. Енді мұндай үрдіс­тің әдетке айналмауы үшін бір мәселені қос органның екі жақтап еңсергені дұрыс шығар.

Күнкөрісті жақсартпаса болмайды

Тәуелсіз сарапшылар ала бағаннан әрі асушылардың артуына елдегі өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықты, мемлекеттің жабық саясатының салдарынан болашаққа деген сенімсіздікті, әлсіз азаматтық қо­ғамдағы адам құқықтарының шектелуін, жұмыссыздықты, жалақының төмендігін және әлсіз экономиканы жатқызады. Олар­дың бірқатары қазақстандық эми­грацияның ең басты себебін негізінен ха­лықтың едәуір бөлігінің еңбек табы­сының төмендеуінен іздейді. Мысалы, әлемнің дамыған индус­триал­ды мемлекеті – Люксембург күнкөріс деңгейінің ең жоғары көрсеткішін беріп отыр. Ондағы өмір сүру деңгейі адам ба­сына шаққанда жылына – 22 482,9, айына 2 мың долларға тең. Содан кейінгі күнкөріс деңгейінің үздік бестігін Еуропаның Франция (айына 1 454 доллар), Германия (1 397 доллар), Финляндия (1 307 доллар), Ұлыбритания (1 103 доллар), Нидерланд (1 263 доллар) секілді экономикалық тұрақты мемлекеттер толықтырады. Ал Қазақстан рейтинг нәтижелері бо­йынша, күнкөріс деңгейі ең төменгі мем­лекеттердің қатарында. Жіктеп айтқанда, біздегі базалық әлеуметтік төлемдер мөл­шерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34,3 мың теңгені (айына 80,08 доллар), ең төменгі жалақы деңгейі 42,5 мың теңгені (99,24 доллар) құрайды. Сон­дай-ақ 2021 жылғы заңға сәйкес, еліміздегі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 917 теңге болды. Әрине, мұның барлығы – күн көруге мүмкіндік бермейтін көрсеткіштер. Сол себепті Қазақстан халықтың шетке кету үдерісі бойынша ЕАЭО елдерінің арасында көш бастап тұр.

«Құлдықты» жойса, құба-құп

Біз бұған дейін биыл Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс былтыр­ғымен салыстырғанда 2 есе көп тіркелгенін жазған болатынбыз. Иә, еліміз бүгінде сол «тірі тауар» саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы трафигімен де бетпе-бет келіп отыр. Көбіне көршілес Өзбекстан, Тәжік­стан және Қырғыз елінен құрылыс, сауда-саттық сияқты әлеуметтік салаларға жұ­мыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалып жатқан азаматтар көп. Осылайша, адам саудасы фактілерінің көші-қон үдеріс­терімен бірге дамитынын мониторинг жұмысының нәтижесінен көріп отырмыз. Соған орай белгілі заңгер Айгүл Орынбекке «Көші-қон саласының тізгінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұстатқан дұрыс па?» деген сұрақ қойып көрдік. Оның айтуынша, ірі қалалардағы жезөкшелер притондары мен сауналардың түбін қаза келгенде, оған тәртіп сақшы­ла­рының қамқорлық жасап жүретіні анық­талған. Сондай-ақ учаскелік инспектордың үйінде құлдыққа жегілген азаматтар бар. Сондықтан мемлекет көші-қон саласын­дағы былық-шылық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты ішкі істер органдарының құзыретін тартылту арқылы құртпақ. Сондай-ақ Айгүл Орынбек зауыт-фабрикалар жұмысына заңсыз жегіліп жүрген азаматтарға полиция қызметкерлері тексеру жүргізе алмайтынын, ал Еңбек инспекциясы ол адамның еңбекке жарам­ды-жарамсыз емесін анықтауға құқылы екенін алға тартты. – Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құ­зы­ретіне елдегі зауыт-фабриканы түгел қара­тып, адам еңбегінің бағалануын қадағалау керек. Иммигранттар келіп, жұмыс істеп жатыр. Қателеспесем, осыдан 5 жыл бұрын Тәжікстанның кісі өлтірген бір азаматы Фирдаусиден құжат алып, Алматыда оқы­ған. Оған көші-қон полициясының жалған құжат дайындап бергенін анықтаған едік. Сол кездерде Еңбек инспекциясы «бізде оларды тексеретін құзырет жоқ, мораторий болғандықтан, бәрін полиция шешеді» деген сылтау айтатын. Ал «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге келсек, біз шын мәнінде адам құқығы қорғалмаған мем­лекетте өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол.

Түйін:

Полицияның жезөкшелерге қалқан болып, «құл жұмсауды» әдетке айналдыра бастағаны рас. Ол мәселе АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында да ай­тылды. «Қазақстанда жезөкшелік пен әйел саудасы – өзекті мәселе. Бұл іске жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері қамқорлық көрсетеді» делінген онда. Со­нымен қатар қазақстандық ҮЕҰ өкілдері де адам саудагерлері жауапкершіліктен жал­тару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара беретінін, тіпті кей полиция қызметкері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыстарына «бас-көз» болатынын айтып, дабыл қаққан-ды. Кейін прокурорлар заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алуды осы салаға жа­уапты мемлекеттік органдағы заңсыз­дық­тарды әшкерелеуден бастауға көшті. Енді, міне құқық қорғау жүйесін реформалау ша­ралары Еңбек инспекциясына да пәрмен бере ме, жоқ па, оны уақытында көрерміз.

Еркеғали БЕЙСЕН