«Түркістан легионы» Екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақ беттерінің қатарына кіреді. Қиын-қыстау күндерде осынау құрылым сапында болған азаматтардың басым көпшілігі әлі толық ақталған жоқ. Бірақ оларға тағылған айып кеңестік көзқарасқа негізделген еді. Ал тәуелсіз Қазақстанның заңдары да, ХХІ ғасырдың талаптары да, соғысқа берілген баға да бөлек. Ендеше жазықсыз жапа шеккен саяси тұтқындарды ақтайтын мезгіл жетті.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істің жалпы саны 17 231 сақтау бірлігін құрап отыр екен. Солардың арасында «ақталмаған азаматтардың архивтік қылмыстық істері» қорының жалпы саны – 563. Оның көпшілігі – әскери тұтқындар. Оның ішінде «Түркістан легионында» болған оңтүстікқазақстандықтар да баршылық екені анықталуда. Ендеше сол жат жерде жау қолында қалып, қапастан құтылса да қасірет шеккен қандастардың бірқатарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік. Сондай соғыс тұтқынының бірі – 1917 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданы «Қызыл Түркістан» ұжымшарына қарасты №24 ауылда туған Дәурен Рысбеков. Ұлты қазақ, аяқталмаған жоғары білімі бар азамат. 1942 жылғы қаңтарда Қызыл әскер қатарына алынып, сол жылдың шілдесінде жау қолына түседі. Бір жылдай өлім лагеріндегі азапты айларын артқа тастап, амалсыз 1943 жылы сәуірде «Түркістан легионы» қатарына қосылады. 2-батареяның жауынгері бола жүріп, кіші командирлер дайындайтын мектепке жіберілгенімен, денсаулығы сыр беріп, дәрісін аяқтай алмапты. Ал осы №2839 іс бойынша түзілген айыптау қорытындысында 25 жылға сотты болған жауынгердің 1949 жылы 15 қазанда өз ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жүрген жерінде тұтқынға алынғаны жазылады. Тағылған айып – 1943 жылы 162 дивизия құрамында Италияда, кейіннен 2-батареямен бірге Югославиядағы партизан отрядтарын жоюға қатысқаны, одақтастарға қарсы ұрыс жүргізгені, тағы басқа. Тіпті, табан астында Дәурен Рысбековтің суретін жазбай танитын, онымен бірге Порт-сайдта бірге болған белгісіз «куәгер» де табыла кетіп, тергеу хаттамасында «бұлтартпас шындықтың» бәрі айтылыпты. Сондай-ақ 1919 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келіп, ТүркВО-ның әскери трибуналы 1948 жылы 28 маусымда 25 жылға жаза кескен Арғынбай Құттыжолов та орта білімі бар жан болыпты. Әскер қатарына 1939 жылдары алынған. Тек КСРО Бас прокуратурасының қарсылығынан соң 1955 жылы 30 қарашада А.Құттыжоловқа қатысты қылмыстық істі қайта қараған КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы оның америкалық барлау қызметіне жұмыс жасағаны нақты айғақтардың жоқтығынан дәлелденбегенін қаперге алып, жаза мерзімін 10 жылға дейін қысқартады да, көп ұзамай рақымшылыққа ілініп, елге оралады. Дегенмен Арғынбайдың толық ақталсам деген арманы орындалмады. Сот оның 1941 жылы қыркүйекте әскери тұтқындар лагерінде аудармашы әрі батальон командирінің орынбасары қызметін атқарғанын, 1942 жылы диверсиялық-барлау мектебінен өтіп, «Бранденбург – 800» атты арнайы полк құрамында Кеңес әскеріне қарсы Моздок қаласы маңындағы ұрыстарға қатысқан тұста жаралы болғанын да «бұлтартпас» құжаттармен қаттап көрсетіп, сан рет жолдаған өтінішін қабылдамай, «ақтауға жатпайды» деген шешімге тоқтайды. Біздіңше, әр құжаттың, әр тергеу хаттамасының артында сарсаңға түскен сарбаз тағдыры тұр. А.Құттыжолов – қу соғыс құтын қашырып, тағдыры қайда айдаса, қаңбақтай сонда дөңгелеген алапат соғыстың көп құрбанының бірі. Тіпті, әділет генерал-майоры Е.Варскойдың қолы қойылған бір құжатта оның кескілескен шайқастарға көп қатыспағаны, бір жылдай жау жағында тек қара жұмысқа жегілгені, «америкалық барлау қызметінен байланысы бар» деген қауесеттің шындыққа жанаспайтыны күн өткен сайын көзге ұрып, қайта жауынгердің өз атамекенінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүргені анық жазылыпты. А.Құттыжоловтың қылаудай да кінәсі жоқ дей алмаспыз, дегенмен оның өз қолымен жазылған өтінішіне, тергеу сұрақ-жауабына жіті үңілгеніміз жөн болады. Айталық, «Отаны үшін отқа түскен сарбаз соңғы оқты өзіне сақтайды. Сіз неге олай етпедіңіз?» деген сұраққа: «Қиян-кескі ұрыста оғым бітіп қалды. Оның үстіне ауыр жараландым. Тіпті, соңғы оқты сақтаған күннің өзінде біреу де болса азая берсін деп оны өзіме емес, жауға атар едім» деп ызалана жауап қатыпты. «Ал онда «Түркістан легионы» қатарына кіруге неліктен келісім бердіңіз?» деген қитұрқы сауалға да салмақпен: «Легионға кіресің бе, кірмейсің бе?» деп фашистер бізден сұрап жатпады. «Топ-тобымызбен дүркірете қуып, легионға тықты да жіберді. Қарсыласқанның қанын төкті, жауап қайтарғанның желкесін үзді. Сондықтан легионға кіруге ешкім де қарсы болған жоқ, ешкім де келісім берген жоқ» деп ақиқатын айтады. Өле-өлгенше ақтығын алға тартып, жоғарыға арыз жолдаудан талмаған қария КСРО КП Бас хатшысы М.Горбачевқа жолдаған хатында да өз ісін қайта қарауды сұрап, былай дейді: «... Мені 1947 жылы Шымкент қаласында тұтқындады. Ісімді жүргізген тергеуші Касианов шындықты бұрмалап, қалай жазғысы келсе, солай жазды. Ойдан шығарылған жаланың бәрін бейкүнә басыма үйіп-төкті. Бұрын да жазғанмын, 1942 жылы бізді Аустрия астанасы Вена маңындағы Унтервальдерсдорф селосына жеткізіп, бүкіл түркітілдес халықтар өкілдерінен тараған солдаттарды моншаға апарды да Түркістан жұмысшы батальонын жасақтады. Біздің келісімімізді ешкім сұраған жоқ. Бас тартқанның басы кететіні белгілі болатын. Сол себепті көппен бірге мен де бұл тағдырдың жазуына үнсіз көндім. Бірақ тергеуші Касианов қисынға келмейтін айыптауларды қарша боратып: «...Сіз барлау-диверсиялық мектебінен өткен жасырын жансызсыз. Немістерге аудармашы болып қызмет еткеніңіз аздай, Америка мүддесі үшін де шпиондық жасадыңыз» деп ұрып-соғып, күні-түні азаптап, қорқытып-үркітіп, хаттамаға қол қойдырып алды. Куәгерлермен көзбе-көз беттестіруді сұрағаныммен, рұқсат берілмеді. Құдай үшін ашығын айтайын, барлау мектебінде білім алған емеспін. Ондай опасыздыққа бару үш ұйықтасам түсіме де кірген емес. «Аудармашы болды» дегендері де ақылға сыймайды, бірауыз немісше білмейтін ауыл баласы қалай аудармашы болады?! Ағылшын, американ барлау органдарымен де еш қатысым жоқ. Сондықтан Касиановтың қолдан түзген ісін түгелдей теріске шығаруыңызды талап етемін». Ал 1989 жылы 28 қарашада ол Түркістан соғыс комиссариаты прокуратурасына қайта арызданып, М.Горбачевтан келген «Сіздің Жоғарғы Сотқа жазған арызыңызды біз Түркістан соғыс комиссариатына жібердік. Жауабын күтіңіз» деген тілдей қағазын да қоса тігіп, әділеттіліктен үміт үзбейді. Отан алдында ары таза екенін талай жылдан бері талмай айтумен келген ардагер өзі сияқты нақақтан-нақақ сотталғандардың да аз болмағанын айтады. Осынау хаттың соңында ол Касианов сияқтылардың соғыс өртінен әупірімдеп аман шыққан жауынгерлерге жасаған қиянатын «1945-1947 жылдардағы репрессиялық әрекет» деп тануды талап етіп, жауап күтумен болады. Сондықтан біз де «Түркістан легионы» туралы сөз еткенде негізінен айыпталушының хаттарына байыппен үңіліп, кеш те болса басы бұғаудан босамаған бауырларымызды ақтап алсақ, тарихымыздың бұл «ақтаңдағы» ашыла түсер еді. Әділет салтанат құрып, шерлі жылдардың шындығына көз жеткізер едік деп ойлаймыз. Жалпы, америкалықтар арқылы Отанына оралып, көп ұзамай жазалауға ұшыраған жауынгерлер өңірде аз емес екен. Мәселен, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1-бабы 8-тармағы бойынша «Отанына опасыздық жасады» деп Нұралы Қасымбеков, Қалшабек Құлбеков, Тұрсын Базарқұлов және Жанысбек Айдарбеков тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылады. Тағылған айып – сол баяғы соғыс жылдарында майданда жүріп, немістерге тұтқынға түсіп, әскери тұтқындар лагерінде болғаны. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ: Нұралы Қасымбеков 1923 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы Куйбышев атындағы колхоздың тумасы. Қазақ, білімі 7 кластық. 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған, тұтқындалғанға дейін аталған колхозда бухгалтер (есепші) болып жұмыс істеген. Қалшабек Құлбеков 1919 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас ауданы Сембі ауыл советіндегі «9 январь» колхозының тұрғыны. Қазақ, бастауыш мектептік білімі бар. 1941 жылдан 1945 жылға дейін жау қолында тұтқында болған. Тұрсын Базарқұлов 1920 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданының Домалақ ауыл советінің тумасы. Қазақ, білімі орта. 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған. Жанысбек Айдарбеков 1922 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Еңбек ауыл советінің «Қызылту» колхозының тумасы. Қазақ, білімі орта. 1943 жылдан 1945 жылға дейін фашистерде тұтқында болған. Тұтқындалғанға дейін Шолаққорғанда тұрып, аға агроном қызметін атқарған. Төртеуіне де РСФСР ҚК-нің 58-1-бабы «б» тармағымен (1934 ж. – ред.) және 51-баппен (1930 ж. – редакция) үкім шығарылып, Н.Қасымбеков пен Т.Базарқұлов 15 жылға, Қ.Құлбеков пен Ж.Айдарбеков 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберіліп, бас бостандығынан айырылады. 1955 жылы 18 қыркүйекте КСРО Жоғары Кеңесі соғыс кезінде немістерге жәрдемдескендерге рақымшылық жариялаған болатын. Соған байланысты жоғарыда аталған төртеуі де өздерін босату жөнінде Бас әскери прокуратураға бірнеше рет өтініш жазады. Бірақ олардың өтініштері қанағаттандырылмаған. Тергеу материалдарында олардың тұтқында бола жүріп, 1943 жылдан неміс әскеріне қызмет атқарғаны атап көрсетілген. Мәселен, Н.Қасымбеков 1943 жылдың қазан-желтоқсан айларында Люкенвальд (Германияда) барлау-диверсиялық мектебінде оқыған. Сонан соң немістер жасақтаған «Алаш» жазалаушы отрядының сапында болған. Қалшабек Құлбеков 1943 жылдың басында Франция жерінде «Түркістан легионында» болады. Сол жылдың желтоқсан айында ол да Люкенвальд барлау-диверсиялық мектебіне келіп, 1944 жылдың сәуір айына дейін сол жерде болады. Содан соң «Алаш» отрядында қызмет атқарып, соғыстың аяғын Миландағы неміс комендатурасында қарсы алады. 1943 жылғы қыркүйек айында Т.Базарқұлов пен Ж.Айдарбеков те жоғарыда аталған барлау-диверсиялық мектебіне келіп жетеді. Оны бітірісімен олар да «Алаш» құрамасының сапына қосылады. Ол жерде соғыстың аяғына дейін болады. Ал Ж.Айдарбеков «Алаш» құрамасында жүріп тәртіп бұзғаны үшін отрядтан шығарылып, соғыс аяқталғанша әскери тұтқындар лагерінде күнін өткізеді. Н.Қасымбеков тергеуде және кейіннен сотта берген жауабында алғашқыда барлау мектебінде, содан соң «Алаш» құрамасында өзімен бірге Базарқұловтың, Айдарбековтің, тағы басқалардың болғанын айтады. «Түркістан легионында» жүріп, Регенеберг қаласынан 1945 жылдың сәуір айында бірнеше «легионерлермен» бірігіп, Мюнхен қаласына қашып барады. Себебі ол жерді америкалық әскер жаулап алған болатын. Сол жерде неміс әскерінің формасын шешіп тастап, америкалықтардың орыс солдаттарына арнап құрған лагеріне барып паналайды. Сол сияқты Ж.Айдарбеков өзінің 1947 жылы 6 сәуірде тергеуде берген жауабында: «1942 жылы 1 қаңтарда Кеңес әскер қатарына әскери міндетімді атқару үшін шақырылдым. Сол жылы сәуір айында 102-атқыштар дивизиясының сапында майданға аттандым», – дейді. Ал 1943 жылы сәуір айында жараланып, немістердің қолына тұтқынға түседі. Бір ай Харьков қаласында емделіп шыққан соң, Полтава қаласының маңындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберіледі. Тағы бір аптадан соң, 100 шақты білімі бар, (7 кластан төмен емес) қазақтар мен өзбектерді Люкенвальд қаласындағы «Офлаг-3» деген лагерьге ауыстырады. Ол жерде әскери киім беріліп, алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Неміс офицерлерінен сабақ алып, айына 10-12 марка көлемінде ақшалай сыйлық та алып отырыпты. 1944 жылы Италияның Торино қаласында орналасқан жоғарыда айтылған «Алаш» ұлттық отрядының қатарына алынады. Сол жерде өзінің бұрынғы таныстары Қасымбековті, Базарқұловты кездестіреді. Бірақ 1944 жылы шілде айында тәртіп бұзғаны үшін «Алаш» құрамынан шеттетіліп, соғыстың аяғына дейін тұтқындар лагерінде болады. Бұл жерде, әрине еріксіз түрде «Түркістан легионы» сапында «соғысқан» азаматтарды таза деуге келмес. Тек осы секілді азаматтардың істерімен танысқанда біз ең алдымен мүсәпір кейіптегі тұтқынның үрей мен қорқыныш құшағына еніп, алдында тек өмір мен өлім таңдауы күтіп тұрғанда лажсыздан легион қатарын толықтырғанын да жадымызда ұстауымыз керек. Біздің білуімізше, неміс армиясы «Түркістан легионына» толық сенім артпаған. Оны тек басып алған аумақтағы партизандармен шайқасқа шығарып, қатаң бақылауда ұстаған. Бір жағынан саяси тұтқындар істерін ақтара отырып түйгеніміз: «Түркістандықтардың» дені ұрыс барысында Кеңес әскері жағына амалын тауып қашуға әрекеттенгенге ұқсайды. Осындай тағдырдың тезіне көніп, жүрек түкпірінде Отанға деген тазалығын сақтаған, адалдығын кірлетпеген көнбіс солдатты «сатқын» деп біржақты айыптау да жөн емес деп ойлаймыз.Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры