«Түркістан легионында» болғандарды ақтаймыз ба?
«Түркістан легионында» болғандарды ақтаймыз ба?
292
оқылды

«Түркістан легионы» Екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақ беттерінің қатарына кіреді. Қиын-қыстау күндерде осынау құрылым сапында болған азаматтардың басым көпшілігі әлі толық ақталған жоқ. Бірақ оларға тағылған айып кеңестік көзқарасқа негізделген еді. Ал тәуелсіз Қазақстанның заңдары да, ХХІ ғасырдың талаптары да, соғысқа берілген баға да бөлек. Ендеше жазықсыз жапа шеккен саяси тұтқындарды ақтайтын мезгіл жетті.

Бүгінде Шымкент қаласы По­лиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істің жалпы саны 17 231 сақтау бірлігін құрап отыр екен. Со­лардың арасында «ақталмаған аза­маттардың архивтік қылмыс­тық істері» қорының жалпы са­ны – 563. Оның көпшілігі – әскери тұтқындар. Оның ішінде «Түр­кістан легионында» болған оң­түстікқазақстандықтар да бар­шылық екені анықталуда. Ендеше сол жат жерде жау қолында қа­лып, қапастан құтылса да қасірет шеккен қандастардың бірқа­тарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік. Сондай соғыс тұтқынының бірі – 1917 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облысы Шәуілдір ауданы «Қызыл Түркістан» ұжымшарына қарасты №24 ауылда туған Дәурен Рысбеков. Ұлты қазақ, аяқтал­маған жоғары білімі бар азамат. 1942 жылғы қаңтарда Қызыл әскер қатарына алынып, сол жыл­дың шілдесінде жау қолына түседі. Бір жылдай өлім лагерін­дегі азапты айларын артқа тастап, амалсыз 1943 жылы сәуірде «Түр­кістан легионы» қатарына қо­сылады. 2-батареяның жауынгері бола жүріп, кіші командирлер дайындайтын мектепке жіберіл­генімен, денсаулығы сыр беріп, дәрісін аяқтай алмапты. Ал осы №2839 іс бойынша түзілген айып­тау қорытындысында 25 жылға сотты болған жауынгердің 1949 жылы 15 қазанда өз ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жүр­ген жерінде тұтқынға алын­ғаны жазылады. Тағылған айып – 1943 жылы 162 дивизия құрамында Италияда, кейіннен 2-батареямен бірге Югосла­виядағы партизан отрядтарын жоюға қатысқаны, одақтастарға қарсы ұрыс жүргізгені, тағы бас­қа. Тіпті, табан астында Дәурен Рысбековтің суретін жазбай та­нитын, онымен бірге Порт-сайд­та бірге болған белгісіз «куәгер» де табыла кетіп, тергеу хатт­а­ма­сында «бұлтартпас шындықтың» бәрі айтылыпты. Сондай-ақ 1919 жылы Жам­был облысы Талас ауданында дүниеге келіп, ТүркВО-ның әске­ри трибуналы 1948 жылы 28 мау­сымда 25 жылға жаза кескен Арғынбай Құттыжолов та орта білімі бар жан болыпты. Әскер қатарына 1939 жылдары алынған. Тек КСРО Бас прокура­тура­сының қарсылығынан соң 1955 жылы 30 қарашада А.Құттыжо­ловқа қатысты қылмыстық істі қайта қараған КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы оның америкалық барлау қызме­тіне жұмыс жасағаны нақты айғақтардың жоқтығынан дәлел­денбегенін қаперге алып, жаза мерзімін 10 жылға дейін қысқар­тады да, көп ұзамай рақымшы­лыққа ілініп, елге оралады. Дегенмен Арғынбайдың то­лық ақталсам деген арманы орын­далмады. Сот оның 1941 жылы қыркүйекте әскери тұт­қындар лагерінде аудармашы әрі батальон командирінің орын­басары қызметін атқарғанын, 1942 жылы диверсиялық-барлау мектебінен өтіп, «Бранденбург – 800» атты арнайы полк құра­мын­да Кеңес әскеріне қарсы Моздок қаласы маңындағы ұрыс­тарға қатысқан тұста жаралы бол­ғанын да «бұлтартпас» құжат­тармен қаттап көрсетіп, сан рет жолдаған өтінішін қабылдамай, «ақтауға жатпайды» деген шешімге тоқтайды. Біздіңше, әр құжаттың, әр тергеу хаттамасының артында сарсаңға түскен сарбаз тағдыры тұр. А.Құттыжолов – қу соғыс құ­тын қашырып, тағдыры қайда айдаса, қаңбақтай сонда дөңге­леген алапат соғыстың көп құрба­нының бірі. Тіпті, әділет генерал-майоры Е.Варскойдың қолы қойылған бір құжатта оның кес­кілескен шайқастарға көп қа­тыспағаны, бір жылдай жау жа­ғында тек қара жұмысқа жегілгені, «америкалық барлау қызметінен байланысы бар» деген қауесеттің шындыққа жанаспайтыны күн өткен сайын көзге ұрып, қайта жауынгердің өз атамекенінде қо­ғамдық жұмысқа белсене ара­ласып жүргені анық жазылыпты. А.Құттыжоловтың қылаудай да кінәсі жоқ дей алмаспыз, деген­мен оның өз қолымен жазылған өтінішіне, тергеу сұрақ-жауабына жіті үңілгеніміз жөн болады. Айталық, «Отаны үшін отқа түскен сарбаз соңғы оқты өзіне сақтайды. Сіз неге олай етпе­ді­ңіз?» деген сұраққа: «Қиян-кескі ұрыста оғым бітіп қалды. Оның үстіне ауыр жараландым. Тіпті, соңғы оқты сақтаған күннің өзін­де біреу де болса азая берсін деп оны өзіме емес, жауға атар едім» деп ызалана жауап қатыпты. «Ал онда «Түркістан легионы» қа­тарына кіруге неліктен келісім бердіңіз?» деген қитұрқы сауалға да салмақпен: «Легионға кіресің бе, кірмейсің бе?» деп фашистер бізден сұрап жатпады. «Топ-то­бымызбен дүркірете қуып, ле­гион­ға тықты да жіберді. Қарсы­ласқанның қанын төкті, жауап қайтарғанның желкесін үзді. Сондықтан легионға кіруге ешкім де қарсы болған жоқ, ешкім де келісім берген жоқ» деп ақиқатын айтады. Өле-өлгенше ақтығын алға тартып, жоғарыға арыз жолдаудан талмаған қария КСРО КП Бас хатшысы М.Горбачевқа жолдаған хатында да өз ісін қайта қарауды сұрап, былай дейді: «... Мені 1947 жылы Шымкент қаласында тұт­қындады. Ісімді жүргізген тер­геу­ші Касианов шындықты бұрма­лап, қалай жазғысы келсе, солай жазды. Ойдан шығарылған жала­ның бәрін бейкүнә басыма үйіп-төкті. Бұрын да жазғанмын, 1942 жылы бізді Аустрия астанасы Вена маңындағы Унтерваль­дер­сдорф селосына жеткізіп, бүкіл түркітілдес халықтар өкілдерінен тараған солдаттарды моншаға апарды да Түркістан жұмысшы батальонын жасақтады. Біздің келісімімізді ешкім сұраған жоқ. Бас тартқанның басы кететіні белгілі болатын. Сол себепті көппен бірге мен де бұл тағдырдың жазуына үнсіз көндім. Бірақ тер­геуші Касианов қисынға келмей­тін айыптауларды қарша боратып: «...Сіз барлау-диверсиялық мек­тебінен өткен жасырын жансыз­сыз. Немістерге аудармашы бо­лып қызмет еткеніңіз аздай, Аме­рика мүддесі үшін де шпион­дық жа­садыңыз» деп ұрып-соғып, күні-түні азаптап, қорқытып-үр­кітіп, хаттамаға қол қойдырып алды. Куәгерлермен көзбе-көз бет­тес­ті­руді сұрағаныммен, рұқ­сат беріл­меді. Құдай үшін ашығын айта­йын, барлау мектебінде білім ал­ған емеспін. Ондай опасыз­дыққа бару үш ұйықтасам түсіме де кір­ген емес. «Аудармашы бол­ды» дегендері де ақылға сыймай­ды, бірауыз немісше білмейтін ауыл баласы қалай аудармашы болады?! Ағылшын, американ барлау ор­ган­дарымен де еш қа­тысым жоқ. Сондықтан Ка­сиа­новтың қолдан түзген ісін түгел­дей теріске шы­ғаруыңызды талап етемін». Ал 1989 жылы 28 қарашада ол Түркістан соғыс комиссариаты прокуратурасына қайта арыз­данып, М.Горбачевтан келген «Сіздің Жоғарғы Сотқа жазған арызыңызды біз Түркістан соғыс комиссариатына жібердік. Жауа­бын күтіңіз» деген тілдей қағазын да қоса тігіп, әділеттіліктен үміт үзбейді. Отан алдында ары таза екенін талай жылдан бері талмай айтумен келген ардагер өзі сияқ­ты нақақтан-нақақ соттал­ған­дардың да аз болмағанын айтады. Осынау хаттың соңында ол Ка­сианов сияқтылардың соғыс өртінен әупірімдеп аман шыққан жауынгерлерге жасаған қиянатын «1945-1947 жылдардағы репрес­сиялық әрекет» деп тануды талап етіп, жауап күтумен болады. Сондықтан біз де «Түркістан легионы» туралы сөз еткенде не­гізінен айыпталушының хатта­рына байыппен үңіліп, кеш те бол­са басы бұғаудан босамаған бауырларымызды ақтап алсақ, тарихымыздың бұл «ақтаңдағы» ашыла түсер еді. Әділет салтанат құрып, шерлі жылдардың шын­ды­ғына көз жеткізер едік деп ойлаймыз. Жалпы, америкалықтар ар­қы­лы Отанына оралып, көп ұзамай жазалауға ұшыраған жауынгерлер өңірде аз емес екен. Мәселен, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1-бабы 8-тармағы бойынша «Отанына опасыздық жасады» деп Нұралы Қасымбеков, Қал­шабек Құлбеков, Тұрсын Базар­құлов және Жанысбек Айдар­бе­ков тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылады. Тағылған айып – сол баяғы соғыс жылдарында майданда жүріп, немістерге тұт­қынға түсіп, әскери тұтқындар лагерінде болғаны. Олардың әр­қайсысына жеке-жеке тоқта­ла­тын болсақ: Нұралы Қасымбеков 1923 жы­лы туған. Оңтүстік Қазақстан об­лысы Қызылқұм ауданы Куй­бышев атындағы колхоздың тума­сы. Қазақ, білімі 7 кластық. 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған, тұтқындалғанға дейін аталған колхозда бухгалтер (есепші) болып жұмыс істеген. Қалшабек Құлбеков 1919 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас ауданы Сембі ауыл советіндегі «9 январь» кол­хозының тұрғыны. Қазақ, бас­тауыш мектептік білімі бар. 1941 жылдан 1945 жылға дейін жау қолында тұтқында болған. Тұрсын Базарқұлов 1920 жы­лы туған. Оңтүстік Қазақстан об­лысы Бостандық ауданының До­малақ ауыл советінің тумасы. Қазақ, білімі орта. 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған. Жанысбек Айдарбеков 1922 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Еңбек ауыл советінің «Қызылту» колхозының тумасы. Қазақ, білімі орта. 1943 жылдан 1945 жылға дейін фашис­терде тұтқында болған. Тұтқын­дал­ғанға дейін Шолаққорғанда тұ­рып, аға агроном қызметін атқарған. Төртеуіне де РСФСР ҚК-нің 58-1-бабы «б» тармағымен (1934 ж. – ред.) және 51-баппен (1930 ж. – редакция) үкім шығарылып, Н.Қасымбеков пен Т.Базарқұлов 15 жылға, Қ.Құлбеков пен Ж.Ай­дарбеков 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберіліп, бас бостан­дығынан айырылады. 1955 жылы 18 қыркүйекте КСРО Жоғары Кеңесі соғыс ке­зінде немістерге жәрдемдес­кен­дерге рақымшылық жариялаған болатын. Соған байланысты жо­ғарыда аталған төртеуі де өздерін босату жөнінде Бас әскери про­куратураға бірнеше рет өтініш жазады. Бірақ олардың өтініштері қанағаттандырылмаған. Тергеу материалдарында олардың тұт­қында бола жүріп, 1943 жылдан неміс әскеріне қызмет атқарғаны атап көрсетілген. Мәселен, Н.Қа­сымбеков 1943 жылдың қазан-желтоқсан айларында Люке­н­вальд (Германияда) барлау-ди­версиялық мектебінде оқыған. Сонан соң немістер жасақтаған «Алаш» жазалаушы отрядының сапында болған. Қалшабек Құлбеков 1943 жыл­дың басында Франция же­рінде «Түркістан легионында» бо­ла­ды. Сол жылдың желтоқсан айында ол да Люкенвальд барлау-диверсиялық мектебіне келіп, 1944 жылдың сәуір айына дейін сол жерде болады. Содан соң «Алаш» отрядында қызмет атқа­рып, соғыстың аяғын Миландағы неміс комендатурасында қарсы алады. 1943 жылғы қыркүйек айында Т.Базарқұлов пен Ж.Айдарбеков те жоғарыда аталған барлау-диверсиялық мектебіне келіп жетеді. Оны бітірісімен олар да «Алаш» құрамасының сапына қосылады. Ол жерде соғыстың аяғына дейін болады. Ал Ж.Ай­дарбеков «Алаш» құрамасында жүріп тәртіп бұзғаны үшін отряд­тан шығарылып, соғыс аяқтал­ғанша әскери тұтқындар лаге­рінде күнін өткізеді. Н.Қасым­беков тергеуде және кейіннен сот­та берген жауабында алғаш­қыда барлау мектебінде, содан соң «Алаш» құрамасында өзімен бірге Базарқұловтың, Айдарбе­ковтің, тағы басқалардың болға­нын айтады. «Түркістан легио­нын­да» жүріп, Регенеберг қала­сынан 1945 жылдың сәуір айында бірнеше «легионерлермен» бірі­гіп, Мюнхен қаласына қашып ба­рады. Себебі ол жерді америка­лық әскер жаулап алған болатын. Сол жерде неміс әскерінің фор­масын шешіп тастап, америка­лықтардың орыс солдаттарына арнап құрған лагеріне барып паналайды. Сол сияқты Ж.Айдарбеков өзі­нің 1947 жылы 6 сәуірде тер­геу­де берген жауабында: «1942 жылы 1 қаңтарда Кеңес әскер қа­тарына әскери міндетімді атқа­ру үшін шақырылдым. Сол жылы сәуір айында 102-атқыштар ди­визиясының сапында майданға аттандым», – дейді. Ал 1943 жылы сәуір айында жараланып, неміс­тердің қолына тұтқынға түседі. Бір ай Харьков қаласында емделіп шыққан соң, Полтава қаласының маңындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберіледі. Тағы бір аптадан соң, 100 шақты білімі бар, (7 кластан төмен емес) қазақ­тар мен өзбектерді Люкенвальд қаласындағы «Офлаг-3» деген лагерьге ауыстырады. Ол жерде әскери киім беріліп, алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Неміс офицерлерінен сабақ алып, айына 10-12 марка көлемінде ақ­шалай сыйлық та алып отырыпты. 1944 жылы Италияның Торино қаласында орналасқан жоғарыда айтылған «Алаш» ұлттық отряды­ның қатарына алынады. Сол жер­де өзінің бұрынғы таныстары Қасымбековті, Базарқұловты кездестіреді. Бірақ 1944 жылы шілде айында тәртіп бұзғаны үшін «Алаш» құрамынан шет­тетіліп, соғыстың аяғына дейін тұтқындар лагерінде болады. Бұл жерде, әрине еріксіз түрде «Түркістан легионы» сапында «соғысқан» азаматтарды таза деуге келмес. Тек осы секілді аза­маттардың істерімен танысқанда біз ең алдымен мүсәпір кейіптегі тұтқынның үрей мен қорқыныш құшағына еніп, алдында тек өмір мен өлім таңдауы күтіп тұрғанда лажсыздан легион қатарын толықтырғанын да жадымызда ұстауымыз керек. Біздің білуімізше, неміс ар­миясы «Түркістан легионына» толық сенім артпаған. Оны тек басып алған аумақтағы парти­зандармен шайқасқа шығарып, қатаң бақылауда ұстаған. Бір жағынан саяси тұтқындар істерін ақтара отырып түйгеніміз: «Түр­кістандықтардың» дені ұрыс барысында Кеңес әскері жағына амалын тауып қашуға әрекет­тен­генге ұқсайды. Осындай тағдыр­дың тезіне көніп, жүрек түкпі­рінде Отанға деген тазалығын сақтаған, адалдығын кірлетпеген көнбіс солдатты «сатқын» деп біржақты айыптау да жөн емес деп ойлаймыз.

Сейдехан ӘЛІБЕК, тарих ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры