Олимпиада өткізудің пайдасы бар ма?

Олимпиада өткізудің пайдасы бар ма?

Қазақстан да Олимпиада өткізбек болған. 2011 жылы Туризм және спорт министрі Т.Досмұхамбетов еліміздің 2022 жылғы қысқы Олимпиялық ойындарды өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Жак Рогге осыған қазақ елінің әлеуеті жеткілікті деп бағалапты. Ақыры 2013 жылғы тамызда ХОК-ке Алматы бірінші болып, ресми өтінім ұсынды. Дегенмен 12 елді артқа тастап, келесі жылғы XXIV қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын Қытай жеңіп алды. Шың елінен Қазақстан бар-жоғы 4 дауысқа (44 және 40) қалып қойды. Жалпы, жаһандық осы доданы өткізу қанша тұрады, тиімді ме?

Олимпиадамен байланысты болу – беделге нұқсан

Сарапшылардың байламынша, бүгінде Токиода өтіп жатқан Олимпиада  тарихтағы ең сәтсізі әрі ең шығындысы болатын түрі бар. Әлемдегі біраз елдің көшбасшысы, тіпті Toyota, Fujitsu, Panasonic секілді көптеген ірі жапон компаниясының басшылары жазғы Ойындардың ашылу салтанатына қатысудан бас тартты. Олар көрерменсіз өтетін олимпиада жергілікті халықтың қолдауын иеленбегенін алға тартқан. Жапония жұртшылығы оның өтуіне қарсы екенін танытып, наразылық шерулерін ұйымдас­тырды. Олимпиаданың ең ірі демеушілері Toyota мен Bridgestone онымен байланысты жарнамаларын паш етуден бас тартты. Себебі халықтың құрметі мен қолдауына ие болмаған Олимпиялық ойындар олардың өнімдерінің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Bloomberg-тің хабарлауынша, жапондардың көбісі індет өршіп тұрғанда аса қымбат турнирден мүлдем бас тарту керек еді деп санайды. Токионың өзінде коронавирустың таралуы жалғасып жатыр. Төрткүл дүниенің әр түкпірінен қаптап келген спорт және ресми делегациялар мутацияланған инфекция түрлерін елге әкелуі мүмкін деген пікір кең жайылған. Спортшылардың біразынан КВИ анықталды. Оның үстіне, жаһандық жарыстар өткізу кезеңінде төтенше жағдай жарияланды. Бұл Олимпиада – көрерменсіз өткен тарихтағы тұңғыш ойындар. Бастапқыда Жапония билігі шетелдік жанкүйерлердің келуіне тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Ізінше стадиондарды жергілікті жұртшылық үшін де жауып тастады. Financial Times дерегінше, демеушілер Токио Олимпиадасына 3 миллиард доллардай ғана қара­жат бөліпті. Тиісінше, бұл олимпиялық қозғалыстың дамуындағы соны бетбұрысқа айналуы ықтимал. Себебі уақыт өткен сайын әлемде Олимпиада өткізу шығындары еселеп өсіп барады. Демеуші­лердің осы сайыстарға зор қызығушылығы әрі белсенді қаржыландыруы арқасында мемлекеттің кез келген шығыны өтелетін. Егер Олимпиададан демеушілер теріс айнала бастаса, ойындарға сонша шығын шығаруды құптамайтын тұрғындардың қарсылығы күшейсе, өзінде оны өткізуге құлықты елдер саны да сиреуі мүмкін.

Олимпиада өткізу қанша тұрады?

Жапонияның Наганосындағы 1998 жылғы қысқы Олимпиада 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммеріндегі Олимпиададан 10 есе қымбатқа түсті: норвегтер – 1,3 миллиард, жапондар 14,6 миллиард доллар шығындады. 1960 жылы Италияның астанасы Римде өткен жазғы Олимпиадаға бар-жоғы 145 миллион доллар­дай қаражат жұмсалыпты. 1980 жылғы 13-24 ақпан­да АҚШ-тың Лейк-Плэсидіндегі XIII қысқы Олим­­пия­лық ойындар 373 миллион доллар қар­жыны ғана қажет етті. 1992 жылы Альбервилде өткен XVI қысқы ойын­дар Францияға шамамен 2,8 миллиард дол­ларға түсті. 1968 жылғы Гренобльдегі Олимпиаданы француздар барынша арзандатып, небәрі 1,9 мил­лиард доллардай бағыттады. Алайда Мюнхендегі 1972 жылғы жазғы ойындар құны 3,3 миллиардқа дейін қымбаттаған. 2010 жылы Канаданың Ванку­веріндегі Олимпиада 5 миллиард доллар межесінен асты. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының шы­ғыны шамамен 13,6 миллиард доллардай болды. 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиадаға Ресей әртүрлі бағалаулар бойынша 25-40 миллиард доллардай шығын шығарды. Бұл  әлем тарихындағы ең қымбат ойындар саналып келген. Әйткенмен 2015 жылы тексеру жүргізген РФ Есеп палатасы қаланы абаттандыру шараларын қоспағанда, Сочиде стадиондарды, спорт және қосалқы объектілерді салуға, уақытша инфрақұрылымды тұрғызуға, сондай-ақ қысқы Олимпиада және Паралимпиялық ойындарды дайындап, өткізуге небәрі 325 миллиард рубль (сол кездегі бағам бойын­ша 4,8 миллиард доллар) шығындалғанын жария­лады. Оның тек 104 миллиард рублі бюд­жеттен бөлінген. Қалған 221 миллиардын жеке инвес­тициялар құрады. Әділін айту керек, солтүстік көрші жаһандық доданы өткізуге бастапқыда тек 214 миллиард рубль (оның 100 миллиарды – бюд­жет­тен) жұмсауды жоспарлапты. Сочи ойындарын өткізуден Ресей 85,4 миллиард рубль табыс көрді (соның ішінде ХОК оны ұйымдастыруға 833 мил­лион доллар бөлген). Бұл о баста жоспарланған табыстан 2 есе көп болғанымен, Олимпиада көр­шіге бәрібір қаржылық пайда әкелмеді. Ресейдің экономика ғылымдарының докторы, белгілі эксперт Игорь Николаевтың бағалауынша, Сочи Олимпиадасы өте шығынды болды. «325 миллиард рубль ресми шығынға инфра­құрылымға жұмсалған қыруар шығыс кірмей қалды. Оны қосса, Сочи Олимпиадасына шамамен 1,6 триллион рубльден артық (25 млрд доллар) шы­ғын жұмсалды. Олар бюджеттен, мемкомпания­лардан, шетелден кредит түрінде алынды және әлі күнге өтеліп жатыр. Сол кезде жарыстар үшін салынған нысанның көбісі қазір пайдаланусыз, жабық тұр. Сонда салынған жүздеген шақырым жол бірер жыл өте қайта төселді, жаңартылды», – дейді сарапшы. Спорт делегациялары, туристер үшін теңіз жағалауынан тау кластеріне, «Красная Полянаға» апаратын жеке теміржол тұрғызылған. Алайда ойындар аяқталған соң, 285 миллиард рубль шы­ғын­далған мега-жоба – туристік теміржол желісі сұранысқа ие болмай, тоқтап қалған.

Бір сайысты өткізу құны – 22,4 млн доллар

Осыған дейінгі XXXI жазғы Олимпиада 2016 жылғы 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейросында өткені мәлім. Reuters ақпаратын­ша, осы елдің Олимпиялық мұра федералдық агенттігі (AGLO) Рио-де-Жанейро Олимпиадасын ұйым­дастыруға кеткен шығынды 43,3 миллиард реалға ($13,2 млрд) бағалады. Яғни, шығындары бас­тапқыда жоспарланған 28,8 млрд реал ($8,8 млрд) бюджетінен 4,4 млрд долларға асып кетті. Бра­зилиядағы жаһандық жарыстар да шығынды болды. Ал Токиодағы Ойындар шығындылығы жөні­нен оны да артқа тастайтын түрі бар. The Wall Street Journal жазуынша, Жапония 2020 жылғы Олим­пиаданы ұйымдастыруға жалпы саны 25 миллиард доллар шығын шығарады. Спортшыларға қауіпсіз орта түзу үшін ғана 900 миллион доллардан артық қаражат кетіпті. Биылғы 20 шілдеде ХОК-тың 138-сессиясында Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы Тосиро Муто Жапония үкіметі мен Токио үкіметі жазғы ойындарды ұйымдастыруға 15,4 миллиард доллар бағыттағанын мәлім еткен. Олимпиада бір жылға кері шегерілгенде оның бюджеті өсірілген. Әйт­кенмен жапон аудиторлары журналистерге Олим­пиаданың жалпы шығысы 20 миллиард дол­лардан асқанын хабарлады. ХОК 2020 жылы жариялаған Олимпиялық ойындар құнына қатысты зерттеуге жүгінсек, мұндай халықаралық іс-шараны өткізудің орташа құны 12 млрд долларға түспек. Алайда спортпен байланысты емес жалпы шығыстары бұдан бірнеше есе артады. Жазғы Ойындарда 1 ғана спорт түрі бойынша жарысты ұйымдастырудың орташа құны – $22,4 млн, қысқы ойындарда $39,2 млн доллар тұрады. Қорыта айтқанда, Олимпиада – аса қымбат жоба. Қазіргі уақытта оның шығыны өзін-өзі өтемейді. Рас, оның саяси, экономикалық пайдасы жоқ емес. Осындай әлемдік аламан өткеннен кейін туризм дамиды, ол қаланың танымалдығы артады. Бірақ бұған өзге іс-шаралармен және бастамалармен де қол жеткізуге болады.

Елдос СЕНБАЙ