Дәрігер тапшылығын азайтуды көздеп отыр
Дәрігер тапшылығын азайтуды көздеп отыр
241
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында  272 дәрігер жетіспейді. Өңірде, әсіресе  жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтер, психиатрлар және сәулелік диагностика дәрігерлеріне мұқтаждық бар.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы Ұлт денсаулығы мәсе­лелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Құмар Құсемісов ме­дицина кадрларының тап­шы­лығын азайту шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, соңдай-ақ өңірде педиатрларға, акушер-гинеколог­терге және дәрігер-зертханашы­ларға қа­жеттілік туындап отыр екен. Сонымен қатар 102 орта меди­циналық қызметкерді тарту қа­жеттілігі бар. – 2021 жылғы 9 шілдедегі жағ­дай бойынша, 1,5 млн теңге мөл­шерінде көтерме жәрдемақы 27 дәрігерге 40,5 млн теңге сомасында тағайындалды. Биыл 128 жас дә­рігер, оның ішінде 56 маман ауыл­дық жерлерге, 72 маман қалаға тартылмақ. Облыстық бюджет қаражаты есебінен білім алған 24 резиденттің келуі күтілуде. Қалған резиденттер оқуын аяқтап, 2022 жылы және 2023 жылы жұмысқа кіріседі. Денсаулық сақтау басқар­масының бюджетінде биылғы қаржы жылына 143,5 млн теңге салынды. 128 жас дәрігерді тарту үшін 2021 жылға қосымша қажет­тілік 106 млн теңгені құрайды, – деді Құмар Құсемісов. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жергілікті бюджет есебінен, (5 жылдан кем емес) кейіннен жұмыспен өтеу шартымен 10 жоғары медициналық оқу орындарында жалпы сомасы 155,4 млн теңгеге 113 резидент оқи­­ды. Олардың арасында кар­диолог­тер, анестезиологтер-реани­­матолог­тер, офтальмологтер, отори­нола­рин­го­логтер, акушер-гинекологтер, неврологтер және басқа да көптеген маман бар. Қазір өңірдің денсаулық сақтау ұйым­дарында 1 342 дәрігер және 5 022 орта медицина қызмет­кері жұмыс істейді.

Әбілмансұр ЖАСАН