Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы барысында «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының үш тармағы қаралды.
Жиында сондай-ақ халықты жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарының жұмысқа орналасуы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруы, орташа жалақыны 320 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы біршама маңызды сұрақтар бойынша жауапты басқармалардың есебі тыңдалды. Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Д.Әлкебайұлының баядамасына сәйкес, іске асырылып жатқан мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру жұмыспен қамту деңгейін арттыруға оң нәтижелер бергенін айтты. Қалада «Алматы-2025» даму бағдарламасы шеңберінде 2021 жылға жұмыс орындарын құру жоспары 51 217 бірлікті, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 35 418 бірлік, уақытша жұмыс орындарына 15 799 бірлікті құрайды. 2021 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша, қалада 39 219 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде: тұрақты жұмыс орындары – 25 200 бірлік, уақытша жұмыс орындары 14 019 бірлікті құрады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты биыл мүгедектігі бар азаматтар арасынан 1 051 адам көмекке жүгініп, жалпы 1,9 мыңнан астам азамат Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрды. Оның 1 072-сі (56%) жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 149 адам орналасып, 873 адамға – мемлекет тарапынан субсидияланатын орындарға, 29 азаматқа қысқа мерзімді курстарға жолдама беріліп, 21 азаматқа кішігірім бизнес ашуға грант тағайындалғаны белгілі болды. Жиын соңында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Д.Тазабек Жол картасы аясында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы бойынша есеп беріп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.Әбілмансұр ЖАСАН