2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы кейінгі жылдары жасарғаны жасырын емес. Тасын түртсе, тарихы көрінетін шаһар өркениет көшіне ілесіп, заманауи үлгіде құлпыра түсті. Алайда қаланың орталығы бүтінделгенімен, шет аймақтарының бүлінгені көп болып тұр.
Мәселен, теміржолдың арғы бетінде (За линей) тұратын алқап та жол құрылысы қолға алынғанымен, аяқсыз қалып, бұқара жанайқайын білдірді. Сондай-ақ мұнда халық қарапайым дәріхана мен банкоматқа қол жеткізе алмай жүргеніне талай жылдың жүзі болған. – «За линей» аталып кеткен аймақта дені зейнет жасындағы адамдар тұрады. Өткен жылдың тамыз айында Күншуаққа қарай баратын көшенің біріне асфальт жабындысы төселген болатын. Алайда құрылыс жұмыстары өте сапасыз жүргізілді. Оған қоса, жол құрылысы орта жолда тоқтап, осы күнге дейін аяқсыз тұр. Асфальт төселген жерінің өзі шұрқ тесік болып, топырағы бетіне шығып жатыр. Бұдан бөлек, мердігер екі көше қиылысатын жерді қазып, сол бойы қалпына келтірмей, шаң топалаңын шығарып кетті. Песчаный-2 бұрылысынан бастап шұжық цехының алдына дейінгі жердегі көшелердің жағдайы – осы. Басында бұл көшелердің барлығына асфальт төселеді деп еді, алайда сол бойы тас төсендіні көрмедік. Сондай-ақ кеңестік кезеңнен қалған көшелердің де бүтінінен бүлінген жері көп. Асфальт әр жерінен морт сынып, ортасына түсіп кеткен. Дәл осындай көшелер аудан орталығы түгілі шалғай ауылдарда жоқ шығар, сірә, – дейді Песчаный көшесі №52 үйдің тұрғыны Гүлсім Оспанова. Жалпы, Абай көшесі Қарасу аялдамасынан Күншуаққа қарай кететін жол бойында №1,2,3-ші бұрылыс деп кететін көше көп. Олардың да ешқайсысына асфальт төселмеген. Жазда шаңы шығып жаса, көктемгі жауын-шашында балшығы езіліп жатады. Осы жолмен тұрғындар күнделікті жаяу жүруге мәжбүр. Өйткені жол болмағандықтан, мұнда қоғамдық көліктер кірмейді. «Былтыр жол құрылысын бастаған мердігер не себепті құрылысты аяқсыз қалдырып кеткенін ешкім түсіндірмейді. Неге сол серіктестікті шақырып, жергілікті билік жауапкершілікке тартпайды? – дейді Гүлсім Оспанова. Жол жырынан бөлек Жалпақтөбеге дейін жалғасып жатқан бұл аумақтағы тұрғындардың жанына дәріхана мен банкоматтың жоқтығы да батып тұр. – Жолдың жайын айта-айта шаршадық. Жасым жетпісті алқымдап қалғандықтан, Абай көшесіндегі аялдамаға дейін 1 сағат жүріп, әзер жетемін. Жаяу жүргеннен аяғым ауырып, балтырым сыздап, кешке тұра алмай жатып қаламын. Оған қоса, біз жақта қоқысты күнделікті алып кетпейді. Ақшасын ай сайын төлеп отырсақ та, желмен ұшып, көшеге шашылмағанша қоқысты ешкім жинамайды. Округке бекітілген әкімдік инспекторын да танымаймыз. Себебі ол халықпен кездесіп, жұмыс істемейді. Ал егер ауырып қалсақ, алқаптан дәріхана таппай сандаламыз. Зейнетақымызды алатын банкомат та жоқ. Содан қайта сағаттап аялдамаға жаяу жүріп, қалаға қатынауымызға тура келеді. Ең болмаса жолды асфальттауды бастаған мердігер өз жұмысын тиісті деңгейде аяқтаса, көшемізге қоғамдық көлік кіріп, бұлай қиналмас па едік, – дейді аудан тұрғыны Любовь Баклова. Тұрғындардың көкейіндегісін естігеннен кейін жосықсыз мердігерге іздеу салып, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есігін қақтық. – Бұл былтыр бес жолдың жөндеу жұмыстарын жеңіп алған мердігердің ісі болып тұр. Біз қазір серіктестікті сотқа беріп жатырмыз. Сот шешімі шықпай, ештеңе істей алмаймыз. «Жандос и К» ЖШС жоспарлы жұмыстың 30 пайызын жасады да, қалғанын аяқсыз тастап кетті. Мердігердің аталған көшеден бөлек облыс бойынша жасап кеткен былықтары да аз емес. Сондықтан біз жосықсыз мердігерді сотқа беріп, жауапкершілікке шақырып жатырмыз. Сот өкімі шыққаннан кейін құрылысы аяқсыз қалған көшенің мәселесін қайта қараймыз, – дейді тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. Ал дәріхана мен банкомат мәселесіне қала әкімдігі қатысы жоқ екенін айтады. Дәріхананы ашу үшін жеке кәсіпкер ниет танытуы керек. Банкоматты банк тиімді деп тапса ғана орнатады екен. Сондықтан бұл мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айту қиын. Сондай-ақ теміржолдың арғы бетіндегі тұрғындарға сот шешімі шыққанға дейін топырағы бетіне шығып, шаңы көтеріліп жатқан жолмен жүруіне тура келеді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы