Қосымша вакцина қашан келеді?
Қосымша вакцина қашан келеді?

Қазақстанда вакциналар таусылып қалды. Ауыл-ай­мақта жұртшылық ресейлік вакцинадан басқасын таба алмай жатыр. Табанды көзқарас-ұстанымына орай «Спутник V»-мен егілуден үзілді-кесілді бас тартатын адам көп. Олар баламаның болғанын қалайды. Вак­цинация науқаны тұйыққа тірелмеуі үшін өзге вакцинаны молынан ұсынған жөн. QazVac, CoronaVac, Hayat-Vax қашан болады? Қытай вакциналары тағы әкеліне ме? Pfizer ше?

Вакцина егу қарқыны құлдырады

Егілу үшін өзі тіркелген емха­на­ға барған елордалықтарды тың жаңалық елең еткізіпті: МСАК дең­гейіндегі егілу пункттері қыр­күйекке дейін ғана жұмыс істеп, ары қарай жабылуы мүмкін. Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қала­сы­ның №8 қалалық емханасына жү­гіндік. Ондағы дәрігерлер «қыр­кү­йекке дейін вакцинация жүргізу­лерің мүмкін, содан кейін өз учас­келеріңде пациенттерді қа­рауға оралатын шығарсыңдар» деген ескертпе болғанын жеткізді. Сондықтан негізгі екпін алдағы тамыз айына түспек: барынша қарқынды жұмыс істеу жүктеліпті. Айтқандай, MEGA Silk Way сау­да ойын-сауық орталығындағы вакцинация пунктінің медицина қыз­меткерінің бірі де ұқсас бол­жам­­ды алға тартты. Денсаулық сақ­­­­тау министрлігі бұл тұрғыда әзір­ге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Қалай болғанда да, республика бойынша екпе егу қарқыны қай­тадан төмендей бастады. Денсау­лық сақтау министрлігінің дере­гінше, 2021 жылғы 29 шілдедегі мә­лімет бойынша Қазақстанда I компонентті жалпы саны 5 275 626 адам, II компонентті тек 3 535 508 адам салдырды. Біріншіден, бірін­ші дозамен 18 млн 984,8 мың қа­зақ­стандықтың небәрі 27,7%-ы ғана егілген. Бұл ұжымдық имму­нитет қалыптастыру үшін қажетті 60-80 пайыздан әлдеқайда төмен. Ұжым­дық иммунитет болмаған соң, Қазақстан коронавирус жұқ­тыру жөнінен рекорд орнатып жатыр. Екіншіден, егілушілердің тәу­лік­тік саны қазір 40-45 мыңға де­йін құлдырады. Әйтпесе, шілде айы­ның басында бір тәулікте 105 мыңға дейін адам егілген болатын. Мына бәсең қарқынмен 1 қыр­күйекке дейін 10 миллион адамға ең бо­л­маса, бірінші компонентті салып үлгеру үшін (межеге дейін 4,7 мил­лион адамды вакциналау қал­ды) күніне 147,5 мың адамды ек­пемен қамтып отыру қажет болады. Ал егер 45 мыңдық тәуліктік көрсеткіш сақталса, 10 миллион­дық межеге жету үшін 104 күн не­месе тағы 3,5 ай қажет болады.

Вакциналау жөнінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы лидеріміз

Әділін айту керек, Қазақстан вакциналау қарқыны бойынша өз өңірінде көшбасшы. Мысалы, Өз­бекстанның ресми дерегі бо­йын­ша 33 млн 988 мыңнан астам халықтың небәрі 3,7 миллионы не­месе 10,79%-ы 1-ші компонентті алды. Толық вакциналанғандары – 1 млн 23,5 мың немесе 3,01%. Өзбек елін­де вакцина тегін және таңдауға 3 түрлі екпе ұсынылады, бұлар Oxford/AstraZeneca, RBD-Dimer (Қы­тай ғылым академиясының Мик­ро­биология институты әзір­ле­ген ко­­­­вид-вакцина) және ресей­лік «Спут­ник V». Бұған қоса, 29 шіл­де­де АҚШ-тан арнайы рейспен Moderna вак­ци­насының 3 миллион до­­­за­сы жет­­кізілді. Бұл – ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің гуманитарлық көмегі. Қырғыз Республикасында тұр­ғындардың 3%-ы ғана вакциналан­ды. Бұл елде қытайдың Sinopharm және ресейлік «Спутник V» ғана қолда­­нылып келді. Енді Қазақстан көмек ретінде қырғыз еліне QazVac төл вакцинамыздың 25 мың доза­сын жолдады.

Бірінші дозамен 18 млн 984,8 мың қазақстандықтың небәрі 27,7%-ы ғана егілген. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажетті 60-80 пайыздан әлдеқайда төмен. Ұжымдық иммунитет болмаған соң, Қазақстан коронавирус жұқтыру жөнінен рекорд орнатып жатыр.

Тәжікстанда халықтың 250 мыңға жуығы (шамамен 1%) COVID-19 індетіне қарсы екпе алды. Республикада вакцина тапшылығы байқалады. Екпені негізінен гума­ни­тарлық көмек түрінде алады. Жалпы, OurWorldInData жа­һан­дық есептегішінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан вакциналан­ғандардың жалпы саны жөнінен Әзербайжаннан да (26,6%), Ре­сейден де (24,36%), Беларустен де (7%), Украинадан да (5%), Грузия­дан да (6%), Армениядан да (2%), Түрікменстаннан да (1%), бүкіл посткеңестік елдерінен, тіпті Чер­ногория, Румыния, Болгария, Сол­түстік Македония, Босния мен Герцеговина секілді бірқатар Еу­ропа елдеріне де алға озды. Бірақ пандемия өршіп, ел Үкіметі лок­даун енгізуге мәжбүр болып жат­қанда өзгеден азды-кем озғанымыз көңілді марқайтпаса керек.

Төл вакцинамыз балама қызметін атқармақ

Жалпы, төл вакцинамыз қай­да? Мәжіліс депутаты Бақытбек Сма­ғұл анықтағандай, БҒМ Ғы­лым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты және Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаңа биофармацевтикалық зауыт QazVac (QazCovid-in) вакцинасын кестеге сай мерзімде және міндет­темеге сай көлемде уақытылы жөнелтіп жатқан көрінеді. «Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-мен ара­мыздағы келісімшарт бойынша біздің тарапымыздан отандық вак­цинаның партиялары уа­қытында жіберіліп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылғы сәуірде QazVac-тың – 50 мың дозасы, мамырда – 50 мы­ңы, маусымда 100 мыңы «СҚ-Фар­мацияға» жолданды. Осы ап­тада шілдеге жоспарланған 100 мыңдай вак­ци­на жіберілді. Тамыз айында бір­­ден 650 мың вакцина өндіріп, жол­дау жоспарда бар. Ол міндет­ті орындауға қазірден да­йындық жасап жатырмыз. Бар­лығын ке­лісімшартқа сай әзірлеп, шы­ғарудамыз», – деді аталған инс­титуттың бас директоры, био­логия ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья. Ол журналистерге отандық вак­цинаның неге ақырғы тұты­ну­шыға дейін жетпей жатқанын «СҚ-Фар­мациядан» сұрауға кеңес берді. Бі­рыңғай дистрибьютор вак­ци­на­ларды өзінің 4 ірі хабына – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шым­кентке жіберіп жатыр екен. Ал өзге вакциналарға қатысты жағдайды БАҚ өкілдері Алматы қаласының бас санитарлық дәрі­гері Жандарбек Бекшиннен білді. Оның айтуынша, Sinopharm қытай компаниясы әзірлеген, бірақ БАӘ-нің Gulf Pharmaceutical Industries Julphar компаниясы өндіріп жат­қан Hayat-Vax (SARS-CoV-2, VeroCell) вакцинасы елімізге бір реттік науқан аясында ғана әкелінген. Енді әкелінетін-әкелінбейтіні белгісіз. «Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналар жеткілікті кө­лемде бар. Иә, оның басым көп­шілігі – ресейлік вакцина. Біз вак­циналау пункттерін тауарлар ас­сор­тиментіне толы дүкенге ай­нал­дыру міндетін қойған жоқпыз. Үкі­мет вакцинаны тегін беріп отыр. Қа­зіргі негізгі вакцина – «Спутник V». Ол жетіп-артылады. Алматыда да артығы бар. Оның үстіне, қоры үнемі толықтырылды, жаңадан келіп түсіп жатыр», – деген ал­матылық бас санитар ре­сейлік вакцинаны алғысы келмей­тіндерге таңдау барын, оларға отан­дық QazVac-пен егілуге мүм­кіндік жасалып жатқанын мәлімдеді. вакцина Денсаулық сақтау министр­лігінің Санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбе­това­ның мәліметінше, қытайлық вак­циналар таусылуға таяу. «Қазір Hayat-Vax-тың 5,5 мың дозасы ғана қалды. Ол қор тек Маң­ғыстау облысында сақтал­ған. Басқа өңірлерде түгесілді. CoronaVac-тың 17 мың вакцинасы ғана бар. Негізінен, Маңғыстау облысында, сондай-ақ Қарағанды, Атырау және Түркістан қалала­рын­да. QazVac-тан Жамбыл, Маңғыстау және Атырау облыс­тарында – 2 900 доза бар, ол да қалдығы. Бірақ отандық вакцина қоры енді ұдайы толығады. Бүгін­де QazVac-тың 99 мың вакцинасы бүкіл өңірге жөнелтіліп жатыр. Яғни, 31 шілдеге дейін барлық ­жер­­ге қазақстандық екпенің қо­сым­ша көлемі жеткізіліп, егіле бас­­тай­ды», – деді Айжан Есмағамбетова.

Pfizer вакцинасы тек жыл соңында келеді

Оның айтуынша, бүгінде вак­цина салғызған 5 миллионнан ­ас­там қазақстандықтың небәрі 6 420-сы ғана коронавируспен ауырып қалған. Егілсе де індет жұқтырғандардың басым көпшілі­гі – 85,84%-ы «Спутникті» салғыз­ғандар көрінеді. «Вакцинадан кейін ауырған 6,4 мың адамның 5 511-і – «Спутник V», 665-і (10,36%-ы) – Hayat Vax, 124-і (1,93%-ы) – CoronaVac және 113-і (1,7%-ы) QazVac-ты сал­ғыз­ған. Яғни, егілген барлық азамат­тың 0,1%-ы вирус жұқ­тырды. Бұл вакциналардың жұмыс істейтінін, дельта-штамға да төтеп беріп отырғанын паш етеді», – деді ДСМ Санита­риялық-эпидемио­логиялық бақылау комитетінің төрайымы. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавируспен ауыр­ғандардың 99,9%-ы – вакцина салғызбағандар. Кейбір қазақстандықтар ДДСҰ бекіткен америкалық вак­циналар­дың келуін асыға күтіп жүр. Мем­лекетімізбен арадағы уағдаластық бойынша Pfizer биылғы мамыр айында-ақ 2 мил­лион доза вакцина жеткізбек бо­лыпты. Pfizer өз вак­цинасын жет­кізетін барлық елге қоятын стандартты талабын Қа­зақстанға да жолдаған. Алайда ел Үкіметі ол талаптарды уақытында орындай алмаған көрінеді. Содан америкалық фармацев­тикалық алпауыт жаңа ұсынысын жолдап, іс-қимылдың бүкіл алго­ритмін жазып көрсеткен. Кейбір деректер бойынша америкалық-германиялық вакцинаны сақтау үшін қажетті рефрижераторлар жетіспей жатқанға ұқсайды. Президент Қ.Тоқаев ел Үкіметіне Pfizer вакцинасымен егілгісі ке­летін азаматтарымыздың тілегін қысқа мерзімде қанағаттанды­руды жүктеді. Алайда Айжан Ес­мағам­бетованың айтуынша, Ден­саулық сақтау министрлігі Pfizer вакци­наларын 2021 жылдың со­ңына қарай, 4-тоқсанда жеткізе бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізіпті. Егер билік халыққа вакцина бойынша лайықты таңдауды қам­тамасыз етсе, қазақстан­дықтардың 60-70 пайызы егілуге дайын. Де­мек, ұжымдық иммунитетті қа­лып­­тастыруға осының өзі жетер еді.

Елдос СЕНБАЙ