Қазақстанда вакциналар таусылып қалды. Ауыл-аймақта жұртшылық ресейлік вакцинадан басқасын таба алмай жатыр. Табанды көзқарас-ұстанымына орай «Спутник V»-мен егілуден үзілді-кесілді бас тартатын адам көп. Олар баламаның болғанын қалайды. Вакцинация науқаны тұйыққа тірелмеуі үшін өзге вакцинаны молынан ұсынған жөн. QazVac, CoronaVac, Hayat-Vax қашан болады? Қытай вакциналары тағы әкеліне ме? Pfizer ше?
Вакцина егу қарқыны құлдырады
Егілу үшін өзі тіркелген емханаға барған елордалықтарды тың жаңалық елең еткізіпті: МСАК деңгейіндегі егілу пункттері қыркүйекке дейін ғана жұмыс істеп, ары қарай жабылуы мүмкін. Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының №8 қалалық емханасына жүгіндік. Ондағы дәрігерлер «қыркүйекке дейін вакцинация жүргізулерің мүмкін, содан кейін өз учаскелеріңде пациенттерді қарауға оралатын шығарсыңдар» деген ескертпе болғанын жеткізді. Сондықтан негізгі екпін алдағы тамыз айына түспек: барынша қарқынды жұмыс істеу жүктеліпті. Айтқандай, MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығындағы вакцинация пунктінің медицина қызметкерінің бірі де ұқсас болжамды алға тартты. Денсаулық сақтау министрлігі бұл тұрғыда әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Қалай болғанда да, республика бойынша екпе егу қарқыны қайтадан төмендей бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы 29 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда I компонентті жалпы саны 5 275 626 адам, II компонентті тек 3 535 508 адам салдырды. Біріншіден, бірінші дозамен 18 млн 984,8 мың қазақстандықтың небәрі 27,7%-ы ғана егілген. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажетті 60-80 пайыздан әлдеқайда төмен. Ұжымдық иммунитет болмаған соң, Қазақстан коронавирус жұқтыру жөнінен рекорд орнатып жатыр. Екіншіден, егілушілердің тәуліктік саны қазір 40-45 мыңға дейін құлдырады. Әйтпесе, шілде айының басында бір тәулікте 105 мыңға дейін адам егілген болатын. Мына бәсең қарқынмен 1 қыркүйекке дейін 10 миллион адамға ең болмаса, бірінші компонентті салып үлгеру үшін (межеге дейін 4,7 миллион адамды вакциналау қалды) күніне 147,5 мың адамды екпемен қамтып отыру қажет болады. Ал егер 45 мыңдық тәуліктік көрсеткіш сақталса, 10 миллиондық межеге жету үшін 104 күн немесе тағы 3,5 ай қажет болады.Вакциналау жөнінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы лидеріміз
Әділін айту керек, Қазақстан вакциналау қарқыны бойынша өз өңірінде көшбасшы. Мысалы, Өзбекстанның ресми дерегі бойынша 33 млн 988 мыңнан астам халықтың небәрі 3,7 миллионы немесе 10,79%-ы 1-ші компонентті алды. Толық вакциналанғандары – 1 млн 23,5 мың немесе 3,01%. Өзбек елінде вакцина тегін және таңдауға 3 түрлі екпе ұсынылады, бұлар Oxford/AstraZeneca, RBD-Dimer (Қытай ғылым академиясының Микробиология институты әзірлеген ковид-вакцина) және ресейлік «Спутник V». Бұған қоса, 29 шілдеде АҚШ-тан арнайы рейспен Moderna вакцинасының 3 миллион дозасы жеткізілді. Бұл – ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің гуманитарлық көмегі. Қырғыз Республикасында тұрғындардың 3%-ы ғана вакциналанды. Бұл елде қытайдың Sinopharm және ресейлік «Спутник V» ғана қолданылып келді. Енді Қазақстан көмек ретінде қырғыз еліне QazVac төл вакцинамыздың 25 мың дозасын жолдады.Бірінші дозамен 18 млн 984,8 мың қазақстандықтың небәрі 27,7%-ы ғана егілген. Бұл ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажетті 60-80 пайыздан әлдеқайда төмен. Ұжымдық иммунитет болмаған соң, Қазақстан коронавирус жұқтыру жөнінен рекорд орнатып жатыр.
Тәжікстанда халықтың 250 мыңға жуығы (шамамен 1%) COVID-19 індетіне қарсы екпе алды. Республикада вакцина тапшылығы байқалады. Екпені негізінен гуманитарлық көмек түрінде алады. Жалпы, OurWorldInData жаһандық есептегішінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан вакциналанғандардың жалпы саны жөнінен Әзербайжаннан да (26,6%), Ресейден де (24,36%), Беларустен де (7%), Украинадан да (5%), Грузиядан да (6%), Армениядан да (2%), Түрікменстаннан да (1%), бүкіл посткеңестік елдерінен, тіпті Черногория, Румыния, Болгария, Солтүстік Македония, Босния мен Герцеговина секілді бірқатар Еуропа елдеріне де алға озды. Бірақ пандемия өршіп, ел Үкіметі локдаун енгізуге мәжбүр болып жатқанда өзгеден азды-кем озғанымыз көңілді марқайтпаса керек.Төл вакцинамыз балама қызметін атқармақ
Жалпы, төл вакцинамыз қайда? Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл анықтағандай, БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты және Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаңа биофармацевтикалық зауыт QazVac (QazCovid-in) вакцинасын кестеге сай мерзімде және міндеттемеге сай көлемде уақытылы жөнелтіп жатқан көрінеді. «Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-мен арамыздағы келісімшарт бойынша біздің тарапымыздан отандық вакцинаның партиялары уақытында жіберіліп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылғы сәуірде QazVac-тың – 50 мың дозасы, мамырда – 50 мыңы, маусымда 100 мыңы «СҚ-Фармацияға» жолданды. Осы аптада шілдеге жоспарланған 100 мыңдай вакцина жіберілді. Тамыз айында бірден 650 мың вакцина өндіріп, жолдау жоспарда бар. Ол міндетті орындауға қазірден дайындық жасап жатырмыз. Барлығын келісімшартқа сай әзірлеп, шығарудамыз», – деді аталған институттың бас директоры, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья. Ол журналистерге отандық вакцинаның неге ақырғы тұтынушыға дейін жетпей жатқанын «СҚ-Фармациядан» сұрауға кеңес берді. Бірыңғай дистрибьютор вакциналарды өзінің 4 ірі хабына – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкентке жіберіп жатыр екен. Ал өзге вакциналарға қатысты жағдайды БАҚ өкілдері Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннен білді. Оның айтуынша, Sinopharm қытай компаниясы әзірлеген, бірақ БАӘ-нің Gulf Pharmaceutical Industries Julphar компаниясы өндіріп жатқан Hayat-Vax (SARS-CoV-2, VeroCell) вакцинасы елімізге бір реттік науқан аясында ғана әкелінген. Енді әкелінетін-әкелінбейтіні белгісіз. «Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналар жеткілікті көлемде бар. Иә, оның басым көпшілігі – ресейлік вакцина. Біз вакциналау пункттерін тауарлар ассортиментіне толы дүкенге айналдыру міндетін қойған жоқпыз. Үкімет вакцинаны тегін беріп отыр. Қазіргі негізгі вакцина – «Спутник V». Ол жетіп-артылады. Алматыда да артығы бар. Оның үстіне, қоры үнемі толықтырылды, жаңадан келіп түсіп жатыр», – деген алматылық бас санитар ресейлік вакцинаны алғысы келмейтіндерге таңдау барын, оларға отандық QazVac-пен егілуге мүмкіндік жасалып жатқанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, қытайлық вакциналар таусылуға таяу. «Қазір Hayat-Vax-тың 5,5 мың дозасы ғана қалды. Ол қор тек Маңғыстау облысында сақталған. Басқа өңірлерде түгесілді. CoronaVac-тың 17 мың вакцинасы ғана бар. Негізінен, Маңғыстау облысында, сондай-ақ Қарағанды, Атырау және Түркістан қалаларында. QazVac-тан Жамбыл, Маңғыстау және Атырау облыстарында – 2 900 доза бар, ол да қалдығы. Бірақ отандық вакцина қоры енді ұдайы толығады. Бүгінде QazVac-тың 99 мың вакцинасы бүкіл өңірге жөнелтіліп жатыр. Яғни, 31 шілдеге дейін барлық жерге қазақстандық екпенің қосымша көлемі жеткізіліп, егіле бастайды», – деді Айжан Есмағамбетова.Pfizer вакцинасы тек жыл соңында келеді
Оның айтуынша, бүгінде вакцина салғызған 5 миллионнан астам қазақстандықтың небәрі 6 420-сы ғана коронавируспен ауырып қалған. Егілсе де індет жұқтырғандардың басым көпшілігі – 85,84%-ы «Спутникті» салғызғандар көрінеді. «Вакцинадан кейін ауырған 6,4 мың адамның 5 511-і – «Спутник V», 665-і (10,36%-ы) – Hayat Vax, 124-і (1,93%-ы) – CoronaVac және 113-і (1,7%-ы) QazVac-ты салғызған. Яғни, егілген барлық азаматтың 0,1%-ы вирус жұқтырды. Бұл вакциналардың жұмыс істейтінін, дельта-штамға да төтеп беріп отырғанын паш етеді», – деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавируспен ауырғандардың 99,9%-ы – вакцина салғызбағандар. Кейбір қазақстандықтар ДДСҰ бекіткен америкалық вакциналардың келуін асыға күтіп жүр. Мемлекетімізбен арадағы уағдаластық бойынша Pfizer биылғы мамыр айында-ақ 2 миллион доза вакцина жеткізбек болыпты. Pfizer өз вакцинасын жеткізетін барлық елге қоятын стандартты талабын Қазақстанға да жолдаған. Алайда ел Үкіметі ол талаптарды уақытында орындай алмаған көрінеді. Содан америкалық фармацевтикалық алпауыт жаңа ұсынысын жолдап, іс-қимылдың бүкіл алгоритмін жазып көрсеткен. Кейбір деректер бойынша америкалық-германиялық вакцинаны сақтау үшін қажетті рефрижераторлар жетіспей жатқанға ұқсайды. Президент Қ.Тоқаев ел Үкіметіне Pfizer вакцинасымен егілгісі келетін азаматтарымыздың тілегін қысқа мерзімде қанағаттандыруды жүктеді. Алайда Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакциналарын 2021 жылдың соңына қарай, 4-тоқсанда жеткізе бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізіпті. Егер билік халыққа вакцина бойынша лайықты таңдауды қамтамасыз етсе, қазақстандықтардың 60-70 пайызы егілуге дайын. Демек, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға осының өзі жетер еді.Елдос СЕНБАЙ