Қант нарығымыз одақтастардың еншісінде
Қант нарығымыз одақтастардың еншісінде
©А.Ахметқазы
170
оқылды

Бүгінде Қазақстанның қант нарығының 60 пайызын Ресей мен Беларусь компания­лары иемденіп отыр. Ел ішіндегі базарлар мен дүкендерді толтырып тұрған импорттық қанттың басым бөлігі сол елдерден келеді. Ал отандық қант зауыттары жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Қазақстан ЕАЭО біртұтас эко­номикалық аймағында бол­ған­дықтан біздің нарыққа орыс­тың, белорустің өндірісшілері ба­са-көк­теп кіріп алды. Маман­дар­дың есеп­теуінше, қазір республика ау­ма­ғында 75 ресейлік және 4 бе­ло­рустық қант зауыты жұмыс іс­тейді. Сөйте тұра, Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында Қазақ­станға шикі қант құрағын сатып алу үшін 5 пайыздық жеңілдік берілді деген желеумен ЕАЭО нарығы біздің өндірісшілер үшін есігін тарс жауып алған. Ол аздай, біздің өндірісші­лер баж салығының тым жоға­рылығына байланысты Өзбекстан нарығына да ене алмай отыр.

Егістік алқаптары жеткіліксіз

Енді бар қалғаны, өз ішкі на­рығымыздың күйін күйттеу еді. Алайда өзі әупірімдеп күн көріп отырған отандық 4 қант зауытының шетелдік бәсекелестердің адуы­нына төтеп бере аларлық қауқары жоқ. Оның үстіне, ел ішінде қант шикізаты тапшы. Бүкіл Жамбыл өңірінде өсірілетін қант қызыл­шасы Мерке зауытын 2,5-3 айлық жұмыспен қамтуға әзер жетеді. Сон­дықтан қазақстандық кәсіп­орындар жетіспеген шикізатты сырттан тасымалдауға мәжбүр. «Бірақ ЕАЭО ішінде қазақ қант зауыттарының шикізат алуына қарсы түрлі айла-шарғы жасалып, небір тосқауылдар қойылған. Со­ны салдарынан біздің қант за­уыт­тарының жұмысы тоқырап отыр. Одан шығудың жалғыз жолы – мем­лекет тез арада қант қызыл­ша­сын өсіретін фермелерді ынталан­дыруы тиіс. Әйтпесе, Ресей кома­ниялары қазақ қант өндірісін жөргегінде тұншықтырады. Қол­жетімді шикізатсыз біз өз нары­ғы­мызды қорғап қала алмаймыз», – дейді Жамбыл облыстық қант өндірушілер бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбаев. Осының кесірінен отандық төрт қант зауытының екеуі – Ақсу мен Мерке зауыттарының жұмысы тоқтады. Қалған екеуінің де жағ­дайы мүшкіл: Тараз қант зауыты бұған дейін айына 25 мың тонна өнім шығарып келсе, енді шикі­заттың жетіспеушілігінен айына 15 мың тоннамен шектеліп қалған. Қазақстанның қант, тағам және өңдеу өнеркәсібі қауым­дас­тығының президенті Айжан Нау­рызғалиеваның айтуынша, мем­лекет қант қызылшасы егістігін кеңейтумен бірге, оларды сумен қамтамасыз ету мәселесін де ше­шуі қажет. Қауымдастықтың был­тыр Ауыл шаруашылығы министр­лігімен бірлесіп әзірлеген Қант шаруашылығын дамыту жөніндегі Жол картасында бұл проблема­лардың бәрі егжей-тегжейлі көр­сетілген екен, бірақ аталған құжат әлі күнге қабылданбапты. «Отандық қант зауыттары то­лық күшінде жұмыс істеу үшін егіс­тік алқабы жеткілікті болуы тиіс. Сондықтан ішкі нарықты отан­дық өнімдермен қамтамасыз ету­дің 2021-2023 жылдарға арнал­ған Кешендік жоспарына қант қызылшасын өсіруге болатын құ­нар­лы жер бөлу, оны суғару инфра­құрылымдарымен жабдықтау мә­селелерін енгізу қажет», – дейді Айжан Наурызғалиева. Мәселен, 2020 жылы көптеген қант қызылшасын өндірушілер су тапшылығын сезінген. Әсіресе, Алматы және Жамбыл облыстары­ның егіншілері судың жоғынан қатты қинаған. Ал тамшылап су­ғару жүйесі қымбат: 1 гектар ал­қапқа тамшылап суғару құрылғы­сын орнату үшін 5 млн теңге қажет екен. Сондықтан қомақты инвес­тиция салынбай бұл саланың проб­лемасын шеше қою неғайбіл. Әйтпесе, бұрынғы Кеңес заманын­дағыдай, суды арықпен жеткізіп берсе де жаман болмас еді.

Өнімді қант құрағынан дайындау тиімді

Қазақстанның қант нарығы­ның шетелге тәуелділігі баға тұрақ­сыздығына да тікелей әсер етеді. Жыл басында қант шикізаты мен құмшекердің күрт қымбаттауы – импорттық үстеменің кесірінен. Әсіресе, Ресейдегі баға ойыны біз­дің нарықты безек қақтырады. Мәселен, еліміз қант жасайтын шикі-қант құрағын Бразилиядан алдырады. Ал оның бағасы доллар бағамы мен биржалық котировкаға қарай құбылып тұрады. Сондай-ақ республикаға Ресей арқылы жет­кен шикізаттың бағасы тасымал­дау шығындарына байланысты тағы 15 пайызға арта түседі. Қазақстанның Қант, тағам және өңдеу өнеркәсібі қауым­дас­тығының президенті Айжан Нау­рызғалиеваның айтуынша, 2021 жылдың 23 сәуір күні «Ақ қант және шикі қант құрағына қатысты Кедендік одақ комиссиясының кейбір шешімдеріне өзгертулер енгізу туралы» Еуразия эконо­ми­калық комиссиясының шешімі кү­шіне енген. Осыған орай эконо­микалық одаққа мүше елдердің аумағына 30 қыркүйекке дейін ақ қант және шикі қант құрағын баж салығынсыз енгізуге рұқсат етіл­ген. Яғни, үшінші елдерден рес­пуб­лика аумағына қант шикізатын тегін енгізуге мүмкіндік туған, ол біздің өндірісшілер үшін үлкен демеу еді. Алайда қашанда көштен қалып, аузы ашылып жүретін біз­дің шенеуніктер бұл құжатты үш айдай кешіктіріп барып қабыл­дады. Ауыл шаруашылығы ми­нис­трінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің тиісінше бұйрығы тек 19 шілде күні ғана шық­ты. Сөйтіп, ресейлік өндіріс­ші­лер әлемдік нарықтан ақ қант және шикі қант құрағын баж салы­ғынсыз алып жатқанда, қазақ­стандық өндірісшілер заңның осы жеңілдік нормасын пайдалана алмай, шерменде күй кешті. қант «Қызылшадан гөрі шикі қант құрағымен жұмыс істеген тиімді. Ол кезде өндіріс циклі 30 пайызға қысқарады. Сонымен қатар қы­зылшадан тек 12% дайын өнім алынса, қант құрағынан алынатын дайын өнімнің көрсеткіші 98,5-99,2%-ға дейін жетеді», – дейді қант өндірушілер бақылау ке­ңе­сінің төрағасы Нұржан Қайырбаев. Мұны келесідей көрсеткіш­тер­ден де көруге болады: кейінгі 10 жыл­­да Тараз және Мерке зауыт­тары қант құрағынан 2 млн 300 мың тон­на қант өндірсе, қызыл­шадан не­бә­рі 60 мың тонна дайын өнім шыққан.

Нарықтың нарқы

Қазір Ресей қантының Қазақ­стандағы көтерме бағасы – бір ке­лісіне 276 теңге. Ал отандық қант­т­ың бір келісі – 282-285 теңге. Мамандар бағаның мұндай айыр­машылығын Ресейде егістік ал­қабының көптігімен, өнім шы­ғымдылығының жоғарылығымен және өзіндік құнының төменді­гімен түсіндіреді. Біздің респуб­ликада қант қызылшасы алқаптары тым аз әрі егістікті суару жүйесінде проблема жеткілікті, мұның бәрі өнім бағасына кері әсер етуде. Сондай-ақ қант өндірісіне Жамбыл облысында газ бағасының қымбаттауы да кесірін тигізген. Өйткені газдың қант өндіріс құрылымындағы арақатынасы 60 пайызды қамтиды. Ол аз десеңіз, жыл басынан бері теміржол кө­лігімен тасымалдау тарифтері өсіп, өндіріске қосалқы және жанама қатысы бар материалдардың бәрі­нің бәсі арта түсті. Мәселен, Ақсу қант зауыты өнімінің өзіндік құ­ны­ның 15-20 пайызына тең жанар-жағармайдың бағасы көктем-жаз айларында қалай шырқап кеткенін бұқара жақсы біледі. Кейінгі бес жылда елімізде қант қызылшасының егістік аума­ғы 10 есе, жиналған өнім көлемі 20 есе артқанына қарамастан, әлі де жергілікті қант өндірісінің тапшы­лығы 240 мың тонна – бұл барлық тұтыну қажеттілігінің жартысынан астам. Тек бір ғана Мерке қант за­уыты толық қуатында жұмыс істеуі үшін республикада қызылша өнді­рісін үш есе ұлғайту қажет. Бұған отандық қалған үш зауыттың сұра­нысын қоссаңыз, егістік алқап­тарының көлемін әлі ондаған есеге көбейту керек екенін түсінесіз. Дегенмен Үкіметтің ондай ойы да жоқ емес. Алдағы жылдары қант қызылшасының егістік аймағын екі есе өсіріп, өнімнің сапасы мен шығымдылығын арттыру жоспар­ланған. Сондай-ақ жұмыс істеп тұр­ған төрт қант зауыттарын же­тіл­діріп, Жамбыл мен Павлодар облыстарында жаңадан тағы екі осындай кәсіпорын салу көзделген. Сондай-ақ қант өндірісі сала­сының мамандарын даярлау ісі де күн тәртібінде тұр. Өкінішке қа­рай, республикада бұл саланың ма­мандарын даярлайтын бірде-бір оқу орны жоқ. Қазір қант кәсіп­орындарында жұмыс істеп жүр­гендердің көпшілігі кеңес зама­нынан келе жатқан көнекөздер. Олардың да бір күні іс басынан кететіні белгілі. Сонда олардың орнын басатын маманды қайдан аламыз? Әйтеуір, бір кем дүние!

Дәулет АСАУ