Электронды темекіні тұтынатындар көбейді
Электронды темекіні тұтынатындар көбейді
647
оқылды

Қазір жастар арасында элек­тронды темекі танымал. Орта жас­­тағылар да «темекі тастауға кө­мектеседі» деген желеумен вейп сатып алып жүр.  Әлеу­мет­тік­ желіде де электронды те­мекіні жасырын жарнамалайты­нын бай­қаймыз. Назар сала қалса­ңыз, мұнда да «кәдім­гі те­мекіге қа­ра­ған­да вейптің зияны аз» деп бат­титып жа­зып қояды. Бұл рас па? Нар­колог-дәрігерлер не дейді?

Вейпке құмар жастар көп...

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ұсынған статистика бойынша, әлемде 1 млрд тұрғын темекі шегеді. Оның шамамен 80%-ы экономикасы төмен және орташа елдерде тұрады. Сондықтан олар элек­тронды темекінің таралымын шектеуге үндеу жасады. Ұйым өкілдері электронды темекіні балалар мен жасөс­пірімдерге темекі және онымен байла­ныс­ты сала­лардың өндірушілері сататы­нын хабар­лады. Маңыздысы, олар осы жолда мың­даған тартымды хош иістерді қолданып, жастардың назарын аудара­ты­нын алға тартады. Сол үшін ДСҰ мемле­кеттерді темекіге қарсы тиісті саясатты қабылдауға, қоғамды электронды теме­кінің зиянынан қорғауға және олардың балаларға, жасөс­пірімдерге және басқа да осал топтарға таралуына жол бермеуге шақырды. Жоғарыдағы мәліметке көз жүгіртіп  жатып, көлікте бірге келе жатқан таны­сымның сөзіне қайран қалдым. Оның айтуынша, электронды темекі қарапайым темекіге қарағанда зиянсыз. Сол үшін темекінің осы түрін сатып алуды ойға алған. Әзірге қандай түрін алатынын нақты шешпеген. «Темекі шеккеніме биыл 8 жыл. Тастағым-ақ келеді, бірақ жігерім жетпей жүр. Жақында Алматыға бара жатқанымда бірге келген жолаушы электронды темекісін тартып көруіме болатынын айтты. Көп ойланбай, байқап көрдім. Иісі жоқ, жеңіл екен. Иә, қарапайым теме­кідей ләззат сыйламайтыны тағы бар. Вейпін ұсынған кісі бұл темекі түрінің шылымға қарағанда зиянсыз екенін, кейбіріне темекі тастауға көмектесетінін айтты. Содан бері вейп сатып алуға аң­сарым ауып жүр», – дейді елорда тұрғыны Абылайхан Маратұлы. Иә, электронды темекі жастар ара­сында жоғарыдағы пункт бойынша сұраныста екен. Жастар дейміз-ау, мектеп жасындағы балалар да вейп сатып алып жүр. «Бұл қалай деп?» таңырқаған болсаңыз, әлеуметтік желідегі парақшалар мен Olx сайты арқылы іздеп көріңіз. Бағасы 3 мың теңгеден бастап, 27 мың теңгеге дейін жетеді. Тіпті, бұдан да қымбат тұратын түрлері болуы мүмкін. Қазір дүкен сөрелеріндегі темекі бағасы 540-1 300 теңге екенін ескерсек, элек­тронды темекіні сатып алуды кез келген­нің қалтасы көтермейтіні тағы бар. темекі Басты мәселе бағада емес, құрамында болып тұр. Көпшілік вейп құрамында тек хош иістендіргіш аэрозоль бар деп ойлайды. Нарколог-дәрігерлер болса, электронды темекіде хош иістендірілген сұйық пропиленгликоль мен глицерин май мен никотинді аэрозоль барын айтады. Нарықта  никотині жоқ вейп түрлері де бар. Жасөспірімдер осы кейінгі түріне қызығып, артынша никотині бар вейп сатып алуға көшеді екен.

Зияны қандай десеңіз

Жоғарыда жазғанымыздай, қоғамда «электронды темекі шылымнан қарағанда зиянсыз» деген жаңсақ пікір бар. Жа­қында Қырым федералды университеті ғалымдары электронды темекі буы өкпе тінін бұзатынын дәлелдеп шықты. Никотині жоқ құрылғы да адам ағзасына айтарлықтай зиянын тигізеді екен. Олар жүргізген зерттеу бойынша, егеуқұйрыққа вейп сұйықтығын берген. Осылайша, 40 күн ішінде егеуқұйрықтың өкпесі іри бастаған. Сол үшін мамандар электронды темекіге әуес болмауға шақырады. Нұр-Сұлтан қалалық Психотерапия және наркология диспансерлік орталығы­ның нарколог-дәрігері Тоқтар Қойшы­беков те электронды темекінің зиянын сан мәрте айтып жүр. Мәселен, маман пропиленгликоль мен глицерин майы қызып, тыныс алу жолдарынан өтіп, өк­пеге жетпей тұрып қалатынын алға тар­тады. Артынша бұл тыныс алу жолдарын жауып, өкпеге ауа жетуін те­жейді. Сал­дарынан өкпе дертіне шал­дығу көбейеді. Одан бөлек, кейбір мамандар электронды темекі құрамында формальдегид барын, бұл химиялық элемент ағзаға түскесін бауырда жи­налатынын жазады. Олардың айтуынша, вейп құрамындағы улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі. Сол үшін «электронды темекі шылым шегуді тастауға көмектеседі» деу қате пікір екенін түсінген жөн. «Қалай болған күнде де, электронды темекі шылымға қарағанда зиянсыз деуге болмайды. Оның құрамында пропилен­гликоль, глицерин, никотин бар. Осы­лайша, өкпеге газ емес, майлы сұйықтық түседі. Ол ерімейді, әсерінен өкпені за­қымдайды. Темекі индустриясы жасөс­пірімдерді «вейп зиянсыз» деп сендіріп отыр. Сондықтан олар шылымды элек­тронды темекіге алмастырады. Статис­тикалық мәліметтер елімізде халықтың 2%-ы вейп қолданатынын айтады. Ме­ніңше, бұл статистика дұрыс емес. Өй­т­кені жасөспірімдерден сауалнама алса­ңыз, олар «темекі шекпейміз» деп жазып береді. Шынтуайтына келгенде, өздері шылым шегеді, вейп сатып алады», – дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Жеңісқызы. Әлемдік ұйымдар электронды теме­кімен күреске барынша назар аударуды сұрап жатқанын білеміз. Осы тұста еліміздегі темекі шегуге қарсы ұлттық қозғалыс өкілдері «Халық денсаулығы» кодексінде электронды темекіні шылым­мен теңестіруге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде темекі тауарын сататын орында вейптің де перде астына жасырылуын, құрамында не барын ашық жазуды талап ете алады. Сондай-ақ елімізде электронды темекіні қоғамдық орында шегуге тыйым салынған. Егер біреудің көпшілік орында вейп пайдаланғанын көре қалсаңыз, әрекеті үшін айыппұл арқалайтынын ескерте аласыз. Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы жариялаған үнпарақта да шы­лым шегуді тастау үшін электронды те­мекіге жүгіру қате екені жазылған. Ор­талық сарапшылары темекі тартуды тастау үшін бірнеше әдіс барын айтады. Мысалы, «суық индейка», мінез-құлық те­рапиясы, никотинді алмастыру тера­пиясы мен аралас терапияны бірге алып жүру керек. Қызығы сол, мамандар темекі тартқыңыз келгенде сағыз шайнауды әдетке айналдыруға кеңес береді. ХХІ ғасырдың басында басталған электронды темекі өндірісі қазір кең етек жайған. 466-дан астам түрі әлемнің түк­пір-түкпірінде сатылымда тұр. Мы­салы, 2005 жылы әлемде бір ғана вейп өндіретін зауыт болса, бүгінде жалпы саны 460-тан асқан. Сондықтан да ДСҰ электронды темекінің таралымын шектеуге шақырып жатыр. Соның ішінде елімізде де маман­дар мен ұйым өкілдері жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекінің зиянын барынша насихаттап жүр. Әрине, бұған назар салып тыңдар құймақұлақтар табылса-шы...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ