Нәзікжандылардың ауыр қылмысы
Нәзікжандылардың ауыр қылмысы
418
оқылды

Қылмыс жыныс талғамайды. Әйтсе де, қылмыс жасайтын­дардың психологиясын зерт­теуші мамандар әйел адамның да қыл­мыс жасауына түрткі болатын себеп көп екенін айтады. Әсіресе, қоғамдағы әйелдерге деген әділет­сіздік, бала күнінде көрген қор­лық, ата-анасынан көрмеген жылулық, тіпті елдің әлеуметтік жағ­дайы да әсер етеді екен.

Сол үшін ер адамдармен салыстыр­ған­да тумысынан нәзік жаратылыстың адам баласының ойына келмейтін озбырлық әре­кетке баруы, құлақ естіп көрмеген қулық-сұмдықты ойлап табуы құқық қорғау қызметі маман­дарын ғана емес, бүкіл қоғамды ойлантуы тиіс. Қылмыс жасаған адамдар арасында әйелдердің үлесі аз. Бірақ соңғы жыл­дары әрбір оныншы кісі өлімі әйел адамдардың қолымен жасалатын болған. Екі жыл бұрынғы дерекке сүйенсек, барлық қылмыстың 12 пайызы әйел адамдарға тиесілі. Бірнеше жыл бұрын темір торға қамалған әйелдер ұрлық жасау, сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін тонау секілді құқық­бұзу­шылыққа көбірек барса, қазір жемқорлық, алаяқ­тық пен қа­рақ­шылық, арты кісі өлімімен аяқ­та­латын ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тар жасайтыны бай­қалып жүр.

Бейімдеу орталығы ауадай қажет

Қылмыстық атқару жүйесінің баспа­сөз қызметінде көпжылдық тәжірибесі бар журналист Гүлнәр Мағзұ­мова қылмыс жасаған әйелдердің жаза­сын жеңіл­детіп, оларды әлеуметтік ор­та­ға бейімдеу жұмысына көңіл аударыл­ғаны жөн екенін жеткізді. «Әйелдер колония­сында отырғандардың көбі ұр­лық пен алаяқтық бойынша сотталған­дар. Сон­дай-ақ байқаусызда немесе өзін қорғау үшін абайсызда адам өлтіргендер бола­ды. Мысалы, маскүнем күйеуі күнде ішіп, отбасының шырқын бұзып, әйелі мен баласын үрей құшағында ұстаған кезде қорғанамын деп қылмысқа бара­тын әйелдер бар. Қатты ашу үстінде адам өзіне-өзі есеп бере алмай қалады. Сот үкімі шыққанда абайсызда қылмыс жаса­ғаны ескеріліп, жеңіл жаза тағайын­далса. Өйткені осындай оқиғада мас­күнем күйеуі қайтыс болады, анасы түр­меге түседі. Артында қалған балалар жетімдер үйіне жіберіледі» деп санайды Гүлнәр Мағзұмова. Оның айтуынша, ұзақ уақыт түрмеде отыру әйелдердің психологиясын бұзады. Қанша жерден тәрбие жұмысы жүріп жатса да, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы өзгереді. Сол үшін оларды қалыпты өмірге бейім­деуге, әлеуметтік ортаға сіңісіп кетуіне жұмыс істелуі керек. Өкінішке қарай, бейімдеу орталықтары мүлде жоқ. Қаңғыбастарды паналататын орынның атын өзгертіп, сотталып шыққандарды да сол жерге жібереміз. Ал түрмеден шық­қан кезде кейбір әйелді отбасы қабыл­дамайды. Күйеуі екінші рет үйленіп алады, балалары түрмеден шыққан шешесін керек етпейді. Әке-шешесі қайтыс болып кеткен. Ешкімге қажеті болмай қалған әйел әлгіндегідей ор­тада жүріп қоғамға бейімделуі екі­талай. Бұдан бөлек, қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар да бар. Олардың негізгі бөлігі өгей әкелерінен, жақын туыстарынан ұзақ уақыт қорлық көргендер. Бұл жағдайда да қорғанамын деп қылмыс жасағандар. «Аналары екінші рет тұрмысқа шығады. Өгей әкелері қыздарына шабуыл жасай­ды. Өтпелі кезеңде жүрген 12-14 жастағы қыздар пышақ салып алады. Сосын оларды шырылдатып отырып 9-12 жыл­ға соттатып жібереді. Оң-солын танып болмаған жасөспірімнің бойында адам­дарға деген өкпе-реніш пайда болады», – дейді Гүлнәр Мағзұмова.

Қылмыстың өтеуі – жаза

Әйелдер арасында алаяқтық жасап, есірткі саудалап, жаза арқалағандар жетерлік. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Әлқожаев жақында ғана бірінші деңгейдегі соттың үкімі шығарылған қылмыстық істе алаяқтық жасаған әйелге 12 жылға бас бостан­дығынан айыру жазасы кесілгенін айтып: «Бұл зияткерлік қылмысқа жатады. Заң компаниясында заңгер бо­лып істейтін әйел  компания басшы­сының сеніміне кіріп, кәсіпкерге мәсе­ле­сін оң шешіп беруге көндірген. Сөй­тіп, 140 мың доллар алады. Ол жәбірлену­шіден ақшаны бөліп-бөліп алған. Төртінші рет сұратқанда, жәбірленуші оның әрекетінен күдіктеніп, заң орган­дарына арыз жазған», – дейді. [caption id="attachment_153846" align="aligncenter" width="1200"]қылмыс © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Қылмыстық істерді қарайтын ма­ман­дандырылған ауданаралық соттағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биыл жарты жылда 12 әйелге қатысты 9 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде көлік пен пәтер алып беремін деп алаяқтық әрекет жасаған, аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан,жол-көлік оқиғасы кезінде адам өлтіріп алған әйелдер бар. Сонымен бірге бұрын  сот­ты болғандар да кездескен. Осындай қылмыстарға көбіне отбасылы әйелдер, азаматтық некеде тұратындар, жалғыз­басты аналар барады. Сондай-ақ қыл­мыс жасайтын жас қыздар да жетерлік. «Қылмыс жасағандардың барлығы оңай олжаға қол жеткізгісі келеді, заң­сыз байығысы келеді. Мысалы, есірткі алып-сатумен айналысу денсаулығына оразан зиян тигізеді. Олар осыны біліп тұрып, саналы түрде қылмыс жасайды. Есірткінің бір грамы қомақты қаражат тұрады. Кейде оңай олжаға алданып қалатын жас қыздар кездеседі. Есірт­кімен айналысатындар жарнама арқылы жас қыздарды жұмысқа шақырып: «Саған ештеңе болмайды, тек тауарды қажетті жерге апарып берсең болды. Айына 400-700 мың теңге береміз» деп алдайды екен. Сосын олар «Бір затты екінші жерге қоя салатын оңай жұмыс» деп келісе салады. Екі-үш жыл тасиды, бір күні ұсталады. Ал осы үшін ең аз дегенде 10-15 жыл арқалайды», – дейді Қыдырбек Қорғанбекұлы.

«Мен кінәлімін» деп ешкім айтпайды

Қоғамға қауіп төндіре отырып жасалған әрекет қылмыс болып есептеледі. Ол үшін жауапқа тартылу керек. Кез келген мемлекеттің ұстанымы осылай. Тұрмыстың төмендігі қылмыс жасайтындар үшін жақсы сылтау. Әйтпегенде, қазіргі қоғамда жағдайы жақсыларға қарағанда үйсіз-күйсіз жүргендер көп. Бірақ жағдайы жоқтық қылмысқа апарар жол емес. «Біз әрбір істі жеке-жеке қараймыз. Кісі өлімі болатын қылмыстарда «қорғаныс мақсатында қол жұмсаған» деп айтыла­ды. Бірақ бұл теория. Ал біз оған заң тармақ­тарына қарап, бөлігі бойынша баға береміз. Өз тәжірибемде қорғана­мын деп күйеуіне пышақ салып, өлтіріп қойған әйелдің ісі қаралды. Өзін қорғау үшін қылмысқа барғанын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ әрекеттің салдары­нан адам өлімі болып тұр. Сол үшін жазалануы тиіс. Жазалану барысында ол күйеуін қасақана өлтірейін деді ме, әлде абайсызда болды ма, оның әрекетін жеке-жеке саралаймыз. Кейбір кезде «байқаусызда жасадым» дегенімен, оның әрекетінде адамды өлтіруге деген ниеті байқалады. Бірнеше жылға сот­талайын деп тұрған адам «мен кінәлімін» деп ешқашан айтпайды. Адам тағдырына төрелік жасау қиын нәрсе», – дейді судья Қыдырбек Әлқожаев. Былтыр Алматы облысында талай жыл жуан жұдырықтың астында қалған әйел кезекті тепкінің үстінде өз күйеуін өлтіріп қойды. Көршілері күдіктінің бірнеше жыл бойы күйеуінің тепкісін көргенін, тіпті учаскелік полицейлер де хабары бар екенін айтты. Шыдамы таусылған шарасыз әйелдің артында аңырап балалары, ата-анасы қалды. Бұл жағдайда қылмыстың болуына қорған­сыз келіншек қана емес, тиісті деңгейде жұмыс істемеген құқық қорғау қызмет­керлері де жауапты.

Жадыра МҮСІЛІМ