Қылмыс жыныс талғамайды. Әйтсе де, қылмыс жасайтындардың психологиясын зерттеуші мамандар әйел адамның да қылмыс жасауына түрткі болатын себеп көп екенін айтады. Әсіресе, қоғамдағы әйелдерге деген әділетсіздік, бала күнінде көрген қорлық, ата-анасынан көрмеген жылулық, тіпті елдің әлеуметтік жағдайы да әсер етеді екен.
Сол үшін ер адамдармен салыстырғанда тумысынан нәзік жаратылыстың адам баласының ойына келмейтін озбырлық әрекетке баруы, құлақ естіп көрмеген қулық-сұмдықты ойлап табуы құқық қорғау қызметі мамандарын ғана емес, бүкіл қоғамды ойлантуы тиіс. Қылмыс жасаған адамдар арасында әйелдердің үлесі аз. Бірақ соңғы жылдары әрбір оныншы кісі өлімі әйел адамдардың қолымен жасалатын болған. Екі жыл бұрынғы дерекке сүйенсек, барлық қылмыстың 12 пайызы әйел адамдарға тиесілі. Бірнеше жыл бұрын темір торға қамалған әйелдер ұрлық жасау, сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін тонау секілді құқықбұзушылыққа көбірек барса, қазір жемқорлық, алаяқтық пен қарақшылық, арты кісі өлімімен аяқталатын ауыр және аса ауыр қылмыстар жасайтыны байқалып жүр.Бейімдеу орталығы ауадай қажет
Қылмыстық атқару жүйесінің баспасөз қызметінде көпжылдық тәжірибесі бар журналист Гүлнәр Мағзұмова қылмыс жасаған әйелдердің жазасын жеңілдетіп, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмысына көңіл аударылғаны жөн екенін жеткізді. «Әйелдер колониясында отырғандардың көбі ұрлық пен алаяқтық бойынша сотталғандар. Сондай-ақ байқаусызда немесе өзін қорғау үшін абайсызда адам өлтіргендер болады. Мысалы, маскүнем күйеуі күнде ішіп, отбасының шырқын бұзып, әйелі мен баласын үрей құшағында ұстаған кезде қорғанамын деп қылмысқа баратын әйелдер бар. Қатты ашу үстінде адам өзіне-өзі есеп бере алмай қалады. Сот үкімі шыққанда абайсызда қылмыс жасағаны ескеріліп, жеңіл жаза тағайындалса. Өйткені осындай оқиғада маскүнем күйеуі қайтыс болады, анасы түрмеге түседі. Артында қалған балалар жетімдер үйіне жіберіледі» деп санайды Гүлнәр Мағзұмова. Оның айтуынша, ұзақ уақыт түрмеде отыру әйелдердің психологиясын бұзады. Қанша жерден тәрбие жұмысы жүріп жатса да, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы өзгереді. Сол үшін оларды қалыпты өмірге бейімдеуге, әлеуметтік ортаға сіңісіп кетуіне жұмыс істелуі керек. Өкінішке қарай, бейімдеу орталықтары мүлде жоқ. Қаңғыбастарды паналататын орынның атын өзгертіп, сотталып шыққандарды да сол жерге жібереміз. Ал түрмеден шыққан кезде кейбір әйелді отбасы қабылдамайды. Күйеуі екінші рет үйленіп алады, балалары түрмеден шыққан шешесін керек етпейді. Әке-шешесі қайтыс болып кеткен. Ешкімге қажеті болмай қалған әйел әлгіндегідей ортада жүріп қоғамға бейімделуі екіталай. Бұдан бөлек, қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар да бар. Олардың негізгі бөлігі өгей әкелерінен, жақын туыстарынан ұзақ уақыт қорлық көргендер. Бұл жағдайда да қорғанамын деп қылмыс жасағандар. «Аналары екінші рет тұрмысқа шығады. Өгей әкелері қыздарына шабуыл жасайды. Өтпелі кезеңде жүрген 12-14 жастағы қыздар пышақ салып алады. Сосын оларды шырылдатып отырып 9-12 жылға соттатып жібереді. Оң-солын танып болмаған жасөспірімнің бойында адамдарға деген өкпе-реніш пайда болады», – дейді Гүлнәр Мағзұмова.Қылмыстың өтеуі – жаза
Әйелдер арасында алаяқтық жасап, есірткі саудалап, жаза арқалағандар жетерлік. Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Әлқожаев жақында ғана бірінші деңгейдегі соттың үкімі шығарылған қылмыстық істе алаяқтық жасаған әйелге 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілгенін айтып: «Бұл зияткерлік қылмысқа жатады. Заң компаниясында заңгер болып істейтін әйел компания басшысының сеніміне кіріп, кәсіпкерге мәселесін оң шешіп беруге көндірген. Сөйтіп, 140 мың доллар алады. Ол жәбірленушіден ақшаны бөліп-бөліп алған. Төртінші рет сұратқанда, жәбірленуші оның әрекетінен күдіктеніп, заң органдарына арыз жазған», – дейді. [caption id="attachment_153846" align="aligncenter" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық соттағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биыл жарты жылда 12 әйелге қатысты 9 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде көлік пен пәтер алып беремін деп алаяқтық әрекет жасаған, аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан,жол-көлік оқиғасы кезінде адам өлтіріп алған әйелдер бар. Сонымен бірге бұрын сотты болғандар да кездескен. Осындай қылмыстарға көбіне отбасылы әйелдер, азаматтық некеде тұратындар, жалғызбасты аналар барады. Сондай-ақ қылмыс жасайтын жас қыздар да жетерлік. «Қылмыс жасағандардың барлығы оңай олжаға қол жеткізгісі келеді, заңсыз байығысы келеді. Мысалы, есірткі алып-сатумен айналысу денсаулығына оразан зиян тигізеді. Олар осыны біліп тұрып, саналы түрде қылмыс жасайды. Есірткінің бір грамы қомақты қаражат тұрады. Кейде оңай олжаға алданып қалатын жас қыздар кездеседі. Есірткімен айналысатындар жарнама арқылы жас қыздарды жұмысқа шақырып: «Саған ештеңе болмайды, тек тауарды қажетті жерге апарып берсең болды. Айына 400-700 мың теңге береміз» деп алдайды екен. Сосын олар «Бір затты екінші жерге қоя салатын оңай жұмыс» деп келісе салады. Екі-үш жыл тасиды, бір күні ұсталады. Ал осы үшін ең аз дегенде 10-15 жыл арқалайды», – дейді Қыдырбек Қорғанбекұлы.«Мен кінәлімін» деп ешкім айтпайды
Қоғамға қауіп төндіре отырып жасалған әрекет қылмыс болып есептеледі. Ол үшін жауапқа тартылу керек. Кез келген мемлекеттің ұстанымы осылай. Тұрмыстың төмендігі қылмыс жасайтындар үшін жақсы сылтау. Әйтпегенде, қазіргі қоғамда жағдайы жақсыларға қарағанда үйсіз-күйсіз жүргендер көп. Бірақ жағдайы жоқтық қылмысқа апарар жол емес. «Біз әрбір істі жеке-жеке қараймыз. Кісі өлімі болатын қылмыстарда «қорғаныс мақсатында қол жұмсаған» деп айтылады. Бірақ бұл теория. Ал біз оған заң тармақтарына қарап, бөлігі бойынша баға береміз. Өз тәжірибемде қорғанамын деп күйеуіне пышақ салып, өлтіріп қойған әйелдің ісі қаралды. Өзін қорғау үшін қылмысқа барғанын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ әрекеттің салдарынан адам өлімі болып тұр. Сол үшін жазалануы тиіс. Жазалану барысында ол күйеуін қасақана өлтірейін деді ме, әлде абайсызда болды ма, оның әрекетін жеке-жеке саралаймыз. Кейбір кезде «байқаусызда жасадым» дегенімен, оның әрекетінде адамды өлтіруге деген ниеті байқалады. Бірнеше жылға сотталайын деп тұрған адам «мен кінәлімін» деп ешқашан айтпайды. Адам тағдырына төрелік жасау қиын нәрсе», – дейді судья Қыдырбек Әлқожаев. Былтыр Алматы облысында талай жыл жуан жұдырықтың астында қалған әйел кезекті тепкінің үстінде өз күйеуін өлтіріп қойды. Көршілері күдіктінің бірнеше жыл бойы күйеуінің тепкісін көргенін, тіпті учаскелік полицейлер де хабары бар екенін айтты. Шыдамы таусылған шарасыз әйелдің артында аңырап балалары, ата-анасы қалды. Бұл жағдайда қылмыстың болуына қорғансыз келіншек қана емес, тиісті деңгейде жұмыс істемеген құқық қорғау қызметкерлері де жауапты.Жадыра МҮСІЛІМ