Пандемия тойхана бизнесіне өзгеріс енгізді
Пандемия тойхана бизнесіне өзгеріс енгізді
389
оқылды

Шымкентте эпидахуал күрделі. Сол себептен болса керек, Шымкент бас мемлекеттік санитар дәрігер шектеу шараларын күшейткен 5 қаланың ішіне еніп тұр.

Қалалық Жедел жәрдем стансасына бір тәулікте 3 000-ға жуық қоңырау түс­кен. Жұқпалы аурулар ауруханасында 345 науқас пневмония және коронавирустың дельта штамымен ауырып жатыр. Қала­лық жедел жәрдем стансасының бас дә­рігері Гүлнәр Құрманбекова елдегі, ай­наласындағы ауыр жағдайларға қара­мастан той-томалақты тоқтатпай отырған ағайынға реніші бар екенін айтты.

Тойханалар нарықтан шықты ма?

Той демекші, «той – Құдайдың қазы­насы» деп білген қазақ әзірге одан бас тар­тар емес. Қонақтары тойхананың есігі­нен болмаса да тесігінен кірген талай той­дың куәсі болдық. Алайда жасыратыны жоқ, тойхана бизнесі едәуір құлдырады. Той­ханада тығылып той жасағанымен, бұрынғыдай көл-көсір, аста-төк тойдың дәурені өтті. 500-1 000 адамға дейін бар­лық салтанат шараларымен, жөн-жо­ралғысымен өтетін жиынның болма­ға­нына бір жарым жылдан асып қалды. Иә, біраз етек-жеңімізді жинап, қаржы үнем­деліп-ақ қалды. Дегенмен жоғарыда ай­тып өткендей, 100-150 адамға шамалап шағын той өткізіп жатқандар жоқ емес. Дәл мұндай сарынмен тойхана әкімшісі аса пайдаға кенеле қоймасы анық. Қалыпты жағдайға көшіп қалармыз деген үмітпен сабыр сақтап күтіп-ақ келеді. Жалпы, той бизнесі дамыған үшінші мегаполисте 100-ден астам мейрамхана бизнесі болса, 300-ге жуық тойхана бар. Қа­лалық Салық департаментінің маман­дары бүгінде шағын және орта бизнеске 3 жылға дейін мораторий жарияланғанын, сол себепті той бизнесі жүріп тұрған күнде де олардан мемлекет қоржынына тиын түспейтінін айтады. Шымкент қаласын­дағы 72 мың кәсіпкерлік нысанның 60 пайызы қызмет көрсетумен айналысады екен. Яғни, олардың барлығы да шағын және орта бизнес түріне кіреді. Жалпы, қаламыздағы 50 мыңнан астам кәсіп­керлік субъекті 5,8 млрд теңге болатын салықтан жеңілдік алған. Енді бір қарыс жер қымбат болып тұрған заманда даңғарадай тойхана ғимаратының ештеңеге жарамай қаңырап бос тұруы да жөнсіз. Әрине, әшекейлермен көмкеріліп салынған зәулім тойхана ғимаратын басқа мақсаттарға жұмсай салу кәсіпкерге оңай тие қоймасы анық. Бірақ пандемия жағдайының өмір салтымызға дендеп кіріп алғанын мойындауға да тура келеді. Енді тойхана иелері ғимараттарын әртараптандыру жағын қарас-тырып жатыр. Ал жалпы тойхана ғимаратын салу кілт тоқтады. Ескі тойханалар нарықтан шығып, ғимаратын басқа бағыттарға пай­далана бастағандар да бар. Оны «Оңтүстік қабылдау үйі» деп аталатын салтанат са­райының жекеменшік мектепке айналып кеткенінен де байқауға болады. Жалпы, айтпағымыз тойхана иелері енді қанша жерден бір кездегідей табысымыздан қағылдық деп әкімдіктің алдына шығып, наразылық шеруін жасаса да, бұл биз­нестің тұралағаны айдан анық.

Ashyq жобасы той-жиын өткізуге көмектесе ала ма?

Алайда бүгінде той-томалақ болмаса да, Ashyq мобильді қосымшасын іске қос­қан кәсіпкерлік нысандарға кішігірім іс-шараларға рұқсат берілген. Пандемия кезінде бизнесі тұралап қал­ған кәсіп иелеріне бұл жобаның тиім­ділігі зор. Бүгінде Шымкент қаласында Ashyq жобасына 938 нысан енген. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Әб­ді­манап Төлебаев атап өтті. Ashyq жоба­сына қатысушы нысандарға барып QR коды арқылы «қызыл» және «сары» ста­тус­пен анықталған жеке тұлғалар бо­йын­ша 454 хабарлама түскен. Анықталған 363 тұл­ғаның 135-іне «қызыл», 228-іне «сары» статусты көрсеткен. Оларға 14 күн­дік үй карантинін сақтау керегі туралы хабарлама беріліп, «сары» статуспен анық­талған тұл­ғаларға санитарлық-эпи­де­миялық ша­раларды орындау туралы қаулы шыға­ры­лыпты. Ал мұндай статустары бар 91 адам басқа облыстардан келген екен. Бұдан бө­лек, карантин режимін сақтамай «қы­зыл» мәртебесімен анықталған 33 жеке тұл­­ғаға 1 429 330 теңгеге айыппұл салыныпты. Жаңа қаулы бойынша, Ashyq-қа қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметі тоқтайды. Шымкент қаласы аумағында жыл ба­сынан бері карантин режимін бұзған 21 мекеменің жұмысы сот шешімімен 1 айға тоқтатылған. Сонымен қатар аудандық мобильді топтармен 60 566 нысанға тек­серу жүргізіліп, шектеу шараларын бұзған 2 046 тұлғаға 131 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Осынау айыппұл арқалап, сот ше­шімімен жұмысын тоқ­тат­қан мекеме­лер­дің басым бөлігі тойханалар екені белгілі.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы