21 жастағы бойжеткен қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ 156/1 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Сотталған қыз темір торға қалай түскенін айтып берді.
ШҚО ҚАЖД хабарлағандай, соңғы уақытта ОВ 156/1 мекемесіне есірткі қылмысы үшін 19-28 жастағы қыздар көп түскен.
Сотталған қыздың айтуынша, қазір ол 21 жаста. Жастардың көбі букмекерлік кеңседе құмар ойын ойнайды. Бойжеткен де ақшаға қызығып, тура жолдан осылай тайған.
"Ойыннан ақша ұта бастағанда бұл әдетке айналады. Бір күні мен қомақты қаржыға ұтылып қалдым. Оны қалай қайтарарымды білмедім. Ата-анама айтудан қорықтым", – дейді ол.
Тығырыққа тірелген бойжеткен табысы жоғары жұмыс іздеп жүріп, ақыры жұмыс уақыты еркін және ақысы жоғары жұмыс тауып алған.
"Сол кезде мен бұл жұмыс менің басыма бәле болатынын ойламаппын. Ақша керек болған соң мен курьер болуға келістім. Мен "скорость" есірткісін бір жерден екінші жерге тасымалдадым. Қарызымды қайтарған соң бұл жұмыстан бас тартамын деп ойладым.
Бір күні кезекті есірткіні жасырып жатқанымда мені полиция ұстап алды. Жеңіл ақшаның соңына түсемін деп, ОВ 156/1 мекемесінен бір-ақ шықтым. 10 жылға сотталдым. Сол уақытқа кері қайтып келсем, курьер болып жұмыс істемес едім", – дейді сотталушы.
Өкініш өзегін өртеген қыз замандастары оның ісінен сабақ алып, тура жолдан таймаса екен дейді.