Алматы облысында Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілімі аяқталды. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясы хабарлады.
«Достар, біз «Ұлы дала таңы» түсірілімін аяқтадық. Біздің команданың әр қатысушысына осы тамаша кезең үшін, баға жетпес тәжірибе үшін, еңбектеріңіз бен кәсіпқойлықтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді» деп жазды фильм режиссері Ақан Сатаев желідегі парақшасында. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы туралы тарихи-патриоттық фильм Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілді. Фильмде басты рөлдерді Берік Айтжанов, Данияр Оразаев, Ерік Жолжақсынов және Айдос Әбдіқадіров сомдайды. XVI ғасырдағы Қазақ хандығының билеушісі – Қасым ханның жетістіктері баяндалады. Еске сала кетейік, маусымда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған делегация Алматы облысы Қапшағай қаласының маңында орналасқан тарихи фильмінің түсірілім алаңында болған еді. Кейін «Қазақфильм» киностудиясы Instagram-да XVI ғасырдағы Қасым хан әскері мен Шайбани жауынгерлерінің айқасы туралы көріністі жариялады.Мейірім ҚАЙРАТҚЫЗЫ