Түркістан облысында «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутаттар әлі де пандемиямен күресте алдыңғы қатарда болып, BizBirgemiz акциясы аясында көмек көрсетіп жатыр.
Қайырымдылық шараларына ұдайы үлес қосып, қаншама жандарға көмек көрсетіп, ел алғысын арқалап жүрген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егембердиева жеке өзінің есебінен жасанды тыныс алу аппараты мен 10 дана кислород баллон жабдығын сатып алып, оны Сайрам аудандық ауруханасына табыстады. Осынау қиын мезетте «Nur Otan» партиясының өкілдері мен облыстық мәслихат депутаты қамқорлық танытып, халықпен бірге екенін білдірді. Іс-шараға Сайрам аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Әбдрахманұлы мен Сайрам аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасарлары Төлеген Жолдасұлы және Нұрали Рахматалиұлы қатысты. Халық қалаулысы Динара Егембердиева келешекте тағы бір тыныс алу құрылғысы мен дәрі-дәрмек қорапшасына тапсырыс беріп, тұрғындарға қолдау көрсетпек ниетте екенін жеткізді. – Барша науқастарға қажетті аппаратты сыйға тарту ізгі амал, жүздеген азаматтың өмірін арашалап қалуда себепші болары айтпаса да белгілі, – деді аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрали Ирсалиев. Мұндай игі іс Түркістан облысы Арыс қаласында да жалғасын тапты. Оттегі тапшылығын болдырмау және алдын алу мақсатында «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық мәслихаттағы фракция мүшесі Қалдыхан Өтегенов Арыс қалалық орталық ауруханасын 40 оттегі баллонымен қамтамасыз етті.Әбілмансұр ЖАСАН