Zoom платформасы арқылы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Бектаева, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Б.Төлегенов, Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары С.Абдуллаев, Шымкент қаласының Санитариялык-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов және тағы басқалары қатысты. Отырыс барысында 2021 жылдың басынан бері карантин талаптарына бағынбай, түрлі отбасылық жиындарды жасырын ұйымдастырған тойхана, ірі кафелер мен ойын-сауық орталықтарының иелеріне қолданылған шара туралы тиісті мекеме басшыларының есебі тыңдалды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз ету, барлық нысандардың Ashyg қосымшасына тіркелуі және басқа да карантин талаптарының сақталуын жолға қою мәселелері баяндалды. Жиында Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі карантин талаптарына қарамастан жасырын той өткізу тоқтамай тұрғанын алға тартты. Мысалы, осы жылдың алты айында тыйым салынған отбасылық жиын ұйымдастырған 210 тойхана мен ірі кафеге 11 620 065 теңге, 88 ойын-сауық орнына 3 886 450 теңге көлемінде айыппұл салынған. Мәжілісті қорытындылау кезінде Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Тасқынбай Бүрлібаев қала тұрғындарын той-томалақ өткізбеуге шақырды. – Пандемияға дәрігерлер, полицейлер ғана емес, тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осы орайда аудан әкімдіктері жанынан құрылған мобильді топ құрамына Шымкент қалалық және аудандық партия филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерін енгізу туралы ұсынысты қарастырған жөн, – деді ол. Айта кетейік, қазір қалада санитарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильді топ бар. Мобильді топтар Шымкент қаласы Полиция департаментімен бірге жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша барлығы 2 046 бұзушылық анықтаған.Әбілмансұр ЖАСАН