Ақмолада заңсыз қоқыс полигоны көбейді
Ақмолада заңсыз қоқыс полигоны көбейді
© almaty.tv

Еліміздің қай қиырын алсақ та тау-тау болып үйілген көңірсіген қоқыстан көз ашпайсың. Мәселен, Ақмола облысында былтыр 1 593 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Арада жыл өтсе де, қордаланған қоқыстың саны әлі азаймай тұр.

Мыңдаған гектарға созылған қоқыс жайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет қозғап, қайта өңдеу саласын жандандыруды тапсырған. Алайда өңдеу былай тұрсын, полигон ету рұқсат етілмеген жерге де жүздеген тонна қоқыс төгетіндер табылып тұр. Рұқсат етілмеген «поли­гон­дар­дың» өзі елімізде мыңдап са­налады. Қоқыс төгу мәдениетіндегі жүгенсіздіктің жолын кесіп, тәр­тіпке келтіруді Президент Үкіметке шегелеп тапсырған салмағы ауыр жүктің бірі. Ал Үкімет облыстарға пәрмен берген-ді. Алайда Үкімет жүктеген міндет жедел арада шеші­луі тиіс болғанымен, облыстарда күрделі жағдайды қалпына келтіру әлі сылбыр. Мәселен, Ақмола об­лысында былтыр 1 593 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 624-і әлі бар екен. Былтырғыға қа­ра­ғанда бірталайы жойылғанымен, «қоқыс тауларының» қарасы көп. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау шаралары жүріп жатыр. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері ғарыш түсі­рі­лімдерінен 624 рұқсат етілмеген қоқыс орны белгілі болды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында – 147, Степногор қаласында – 51, Зе­ренді ауданында – 67, Целино­град ауданында – 286, Аршалы ау­данында – 13, Ақкөл ауданында – 22, Шортанды ауданында – 34 және Біржан сал ауданында 4 қо­қыс үйіндісі заңсыз төгілген», – дей­ді Ақмола облысының Эколо­гия департаменті. Аталған деректер бойынша аудан әкімдіктері де іске кіріскен. Қағаз жүзінде ме, әлде іс жүзінде ме, әйтеуір облысқа өңірден 316 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны жойылды деген хабар жетіпті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы