Қуаңшылыққа мал індеті қосылды
Қуаңшылыққа мал індеті қосылды
317
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Мор­тық ауылында белгісіз індеттен ірі қара қырылып жатыр. Соңғы бір айдың ішінде 13 бұзаудың арам өлгені тіркелді.

Өлексе бірден өртелгендіктен, ветеринар дәрігерлер сараптама жасап үлгермепті. Бірақ аурудың белгілеріне қарап, бұл эмфизематозды карбункул болуы мүмкін деген жорамал жасап отыр. Мұндай ауру бұл өңірде көптен бері тіркелмеген. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, биылғы қуаңшылыққа  мал індеті қосылып, шаруаларды әлекке салды. Ол бірінші кезекте жас малға зардабын тигізетін көрінеді. Бәрі төрт бұзаудың жоғалып кетке­нінен басталған. Малшы Бауыржан Ра­мазанов Көктерек ауылдық округінің ветеринар дәрігері Ермек Әбіловке бұзаулардың ісініп кеткен өлексесін маңайдағы орманнан тауып алғанын хабарлаған. Содан кейін тексеріске шыққан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің  Уәлиханов ау­дандық аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының маман­дары табында тағы үш бұзаудың өлгенін көреді. Олардың денелері ыстықтан иістеніп, ісініп кеткен. Бұдан кейін бар­лық жас малға эмфизематозды кар­бун­кулға қарсы екпе егілген. Жалпы, ауыл­дық округтің ветеринар дәрігеріне 300 басқа арналған екпе беріліп, ол наурыз-сәуір айларында игерілген. Бірақ ол кезде жаңа туған бұзауларға жасына қарай екпе егілмеген көрінеді. Алайда екпеден кейін де бес бұзау өліпті. Көктерек ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Дүйсембаевтың айтуынша, оның үстіне 30-38 градус ыстыққа 2-3 айлық бұзаулар шыдай алмаған. Қы­рыл­ған малдың арасында әкімнің де бұзау­лары бар. «Қазір ауруға шалдыққан ірі қара «бициллин-5» препаратымен емделіп жатыр. Өлген малдың өлексесі өртеліп, орны «Дезол» дезинфекциялық құралымен өңделді. Жағдай бақылау­да», – деді әкім Қуанышбек Еркінұлы. Ветеринарлардың ұсынысына ­сәй­кес, Мортық ауылында ауру та­ра­луының алдын алу мақсатында ескі мал қорымы жабылып, жаңасы ашылды. Аумақтық инспекция мамандары ­мал­шылар мен ауыл тұрғындары ара­сында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын алу жұмыстарының нәтижесі болуы керек, басқа ауылдарға мұндай індет тараған жоқ. Тек көршілес Ақмола облысында 500-ден астам ірі қара ін­детке шалдығып, он шақтысы қырылды деген мәлімет бар.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы