Қатаң карантин енгізіле ме?
Қатаң карантин енгізіле ме?
128
оқылды

Тамыз айында елімізде бірқатар өзгеріс енді. Мәселен, барлық өңір «қызыл» аймаққа өтіп, «қою қызыл» аймақ пайда болды. Мегаполистерде демалыс күндері локдаун енгізілсе, індетпен күресіп жатқан дәрігер­лердің үстемеақысы екі есеге қыс­қар­ды. 5 өңірде қатаң шектеу шаралары қабылданып, қызмет көрсету саласы жұмысшыларына вакцина алу міндеттелді. Жоғарыдағы өзге­ріс­тер қатаң карантин енгізілетінін білдіре ме?

5 қалада күшейген карантин

2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент, Атырау мен Қарағанды қала­сында карантин күшейді. Бұқаралық, спорттық, отбасылық шаралар өткізуге тыйым салынды. Әрине, Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпорын мен ұйымдардың да қызметі  тоқтатылды. Оның үстіне, мем­ле­кеттік органдар, кеңселер, ұлттық ком­паниялар мен өзге де ұйым қызметкер­лерінің 80%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Егер жұмысшылардың арасында екпе салдырғандар мен кейінгі үш айда коронавируспен ауырғандар болса, кеңсеге келіп жұмыс істеуіне болады. Бірқатар ұйымға жоғарыда айтқан Ashyq жобасына қатыспай-ақ карантин күшейген аймақта жұмыс істеуге рұқсат берілгені тағы бар. Мәселен, өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылысшылар, көлік жуу орындары, туристік компаниялар, сақтан­дыру компаниялары, жылжымайтын мүлік агенттіктері мен тағы басқаларына жеңіл­дік жасалды. Одан бөлек, қоғамдық тамақ­тану орындары жеткізу қызметі негізінде жұмысын жалғастырады.

«Қою қызыл аймақтағы» жағдай

Карантин шарасы қатаңдаған қалалар­дың ішінде Алматының жағдайы айтарлық­тай қиын. Өйткені мегаполисте стацио­нарлардың 65,6%-ы толған. Сол үшін қала «қою қызыл» аймаққа кірген алғашқы шаһар атанды. Айта кетерлігі, 9 тамыздан бастап стационарларының 70%-ы толған өңірлер «қою қызыл» аймаққа енеді. Алма­ты­дағы эпидемиологиялық жағдай мен жаңа аймақ статусы туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары  Әсел Қалықова баяндап берді. «Неліктен Алматы «қою қызыл» ай­маққа кірді? Ең алдымен бұл – алдын алу шарасы. Тәулік сайын тұрғындар арасында инфек­ция жұқтыру саны артып келеді. Мысалы, күніне 1200-1500-ден астам жағдай тіркеле­ді. Ал «қоңыр-қызыл аймақ» статусына кел­сек, бас мемлекеттік санитар­лық дәрігердің қаулысына сәйкес жалғыз критерий белгі­ленді. Бұл инфек­циялық стационардағы төсек-орынның толуымен өлшенеді», – деді ол. Иә, Алматыдағы емдеу орындарының жағдайына үңілсек, төсек-орындарының толу үлесі 65,6%. Мәлімет бойынша, бөлінген 7 625 орынның 7 045-і толған. Шаһарда барлығы 23 ковид стационары бары белгілі. Мұнда жұмыс істейтін дәрі­гер­лер­дің жүктемесі көп екені айтпаса да түсінікті. Себебі 5 мыңға жуық емделуші ста­ционарда, тағы 10 мыңнан астамы үй ба­қылауында тұр. Жалпы, қалада шілде айында 20 мыңға жуық адам вирус жұқтыр­ған. Шаһардағы ковид ахуалының мүшкіл екенін дәрігер-реаниматологтердің желіге жүктеген видеосы айқындай түскендей. Кадрға мән берсеңіз, қанша адамның өкпені желдету аппаратына қосылғанын байқайсыз. Видеоны түсірген дәрігерлер болса, бұл интернеттегі әдеттегі «үркіту» емес, Алматыдағы шынайы көрініс деп отыр. карантин Фтизиопульмонология орталығының реаниматолог дәрігері Әбіш Досмұратов­тың айтуынша, жансақтау бөліміндегі 30 орынның барлығы толы. Ал науқастардың саны күнделікті өсіп жатыр. Оның үстіне, вак­ция­­ланбаған науқастар ауруды ауыр өткізіп жатқаны тағы бар. Сондықтан қаладағы инфекциялық стационарда жұмыс істейтін дәрігерлер тұрғындарды вак­ци­на алуға шақырды. Одан бөлек, ақ халаттылар науқастардың 80%-ға жуығы коро­навирустың «дельта» штамын жұқтыр­ғанын баса айтты.

Мөлшері азайған үстемеақы

Індетпен күресте дәрігерлердің аянбай күресіп жатқанын бәріміз білеміз. Сол үшін оларға тағайындалған арнайы үстемеақы бар. Алайда 1 тамыздан бастап олардың үстемеақысы екі есеге қысқарады. Тиісінше, қазан айынан бастап мұндай ақы түрі мүлдем төленбейді. Бұған дейін коронавируспен күрес үшін абзал жандар 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алатын. Енді 1 тамыз бен 1 қазан аралығында бірінші тәуекел тобында қызмет еткендерге 425 мың теңге төленеді. Сондай-ақ екінші тәуекел тобындағыларға 212 500, үшінші топтағыларға берілетін үстемеақы мөлшері 106 250 теңгеден аспайды. Дегенмен 1 қазаннан бастап үстемеақы беру тоқ­тағаны­мен, дәрігерлерді ынталандырудың жаңа ережесі енгізіледі. Яғни, қосымша ақы алу үшін індетпен бетпе-бет келудің қажеті жоқ. Сондықтан Президент панде­мия басталғалы бері төленген үстемеақы­ның уақытша екенін, дәрігер­лерді көтерме­леудің басқа да мүмкіндігін қарастыру қажетін атап өткен-ді.

Карантин жайы не болмақ?

Жұрт Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәлімдемесінен кейін секем алып қалды. Себебі елімізде алғаш коронавирус жұқтырған науқастар тіркелетін күнді дөп тапқан маманның аузы дуалы ма дерсіз. Ол бұл жолы 3-4 тамыз күндері жағдай нашарлайтынын, 10-12 тамызда вирус жұқтыру деңгейі шегіне жететінін болжады. Оның айтуын­ша, реалистік болжам бойынша, тамыз айында 25 мың науқас вирус жұқтырады. Ал бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов­тың қаулысында «қызыл-қоңыр аймаққа» енген өңірлерде карантин шарасы күшейетіні ашық жазылған. Оның үстіне, карантин күшейген бес қала жайы бөлек қарастырылған. Егер Бекшин айтқандай бір ғана Алматының өзінде 25 мың адам вирус жұқтыратын болса, елдің «тамыз айынан бастап қатаң карантин енгізіледі екен» дегені шындыққа айналатындай. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға тура қарар болсақ, қатаң карантин шарасы вакцина алғандар мен вирус жұқтырғандар санына тәуелді. Жалпы, инфекцияның таралу ауқымына байланысты болмақ. Сөзімізге дәлел ретінде Білім және ғылым министрлігі қызметкері Жомарт Қарам­баев­тың брифингте айтқан сөзін келтірсек болады. Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары 1 т оқсанда оқыту форматының қалай өтетіні эпидемиологиялық ахуалға байла­ныс­ты екенін ашық айтты. Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалғанын ескерсек, сала мамандары да нақты жауап беруге шарасыз. Демек, бір айдың ішінде жағдай қалай өзгеретінін ешкім болжап біле алмайды. Белгілісі, қызмет көрсету саласының жұмысшылары 10 тамызға дейін вакцина алуға міндетті. 1 қыркүйекке дейін вакцинаның екінші компонентін алмаған қызметкері бар компанияға тексеріс жүргізіліп, айыппұл салынады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ