Биыл Токиодағы XXXII жазғы Олимпиадада қай спорт түрін алсаңыз да, Қазақстан құрамасының оңбай ақсап жатқаны жасырын емес. Күн өткен сайын төртжылдықтың басты додасы аяқталуға таяп келеді. Ал ел қоржынына 3 қола медальдан басқа жүлде түсер емес. Бұл қазақ спортындағы мәселелерді тағы бір пысықтау қажет екенін көрсеткендей.
Бұрын-соңды Қазақстан құрамасы Олимпиадаларда мұндай нашар нәтиже көрсеткен емес. Мәселен, Атланта, Сидней, Лондон, Риодағы Олимпиадада 3 алтын медальдан олжалады. Бейжіңде ғана 2 алтынға ие болып, 4 күміс пен 7 қола медальды қоса еншіледі. Токиодағы жағдайға ұқсас нашар көрсеткішті бұрын да бір мәрте бастан кештік. 2004 жылы Афина Олимпиадасында құрамамыз ақырғы сәтке дейін алтынсыз келді. Сол жылы Олимпиаданың соңғы жарыс күнінде боксшы Бақтияр Артаев жеңіс тұғырына көтеріліп, елдің Әнұранын Афина төрінде шырқатты. Әйтеуір осылай Қазақстан 1 алтын, 4 күміс, 3 қола еншілеп, жалпы есепте 40-орын алған болатын. Бірақ байқасақ, ең сәтсіз санаған Афина Олимпиадасының өзі Токиодағы нәтиженің қасында тәуір болатын секілді. Қош, спортшыларды айыптай берер ниет жоқ. Бірақ кез келген сәтсіздік пен жеңілістің себебі болуы тиіс. Сол үшін біз бұрын қазақ спортшыларын биікке жеткізген бапкерлермен сөйлесіп, құраманың қай жерден шалыс басқанын білмек болдық.Боксшылар Ресейде жаттықпауы керек еді
Кезінде Сидней Олимпиадасының финалына төрт қазақ боксшысын шығарған Қазақстан бокс құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Токиодағы сәтсіздікке бапкерлердің стратегия құруда жаңылғаны себепші болғанын айтады. Даңқты маманмен сөйлескенімізде оның боксшыларға мүлде кінә артқысы келмейтінін байқадық. – Біздің боксшы жігіттерде кінә жоқ. Олардың әбден сілікпесі шыққан. Бапкерлер жыл бойы оқу-жаттығу жиындарымен зорықтырған. Бір бөлігі АҚШ-та, екіншісі Кубада жүрді. Одан кейін көктемде Ресейге апарды. Жарыс жоқ, тек шет мемлекеттерде жаттығу жиындары өте берген соң балалар шаршаған. Кей кезде маңызы жоқ, керек емес жарыстарға қатыстырды. Азияға не үшін барды? Басты проблема – боксшыларды сезе алмау. Олардың жанын түсіну керек. Шаршап жүрген жоқ па, психолог немесе дәрігерлер көмегіне зәру емес пе? Бәрі бақылауда болуы тиіс еді. Спортшыға үзіліссіз жаттығу істеуге де болмайды. Сырттай айтуға оңай, кеше ғана өздері ұтқандарынан жеңіліп жатты. Боксшыны дұрыс бақыламаса, кеше жасағанын қазір ұмытады. Қорыта айтқанда, жігіттердің әлі біткен. Ал әл жоқ жерде, техника мен жылдамдық өледі, – дейді Тұрсынғали Еділов.Басты проблема – боксшыларды сезе алмау. Олардың жанын түсіну керек. Шаршап жүрген жоқ па, психолог немесе дәрігерлер көмегіне зәру емес пе? Бәрі бақылауда болуы тиіс еді. Спортшыға үзіліссіз жаттығу істеуге де болмайды.
Отандасымыз, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Токио Олимпиадасының екінші айналымында ресейлік Имам Хатаевтан жеңілгенін білеміз. Биыл сәуірде «Санкт-Петербор Губернаторының кубогі» халықаралық турнирінің финалында осы Хатаевты Бекзат нокдаунға түсіріп, жеңімпаз атанған болатын. Яғни, көктемде Бекзаттың бір соққысына шыдас бермеген ресейлік есесін қайтарды. Спортта мұндай жағдайлар бола береді делік. Дегенмен бізге бапкерлердің бір қателігі айқын көрінген еді. Осы турнирден кейін қазақстандық боксшылар Ресейге оқу-жаттығуға барады. Бір сөзбен айтсақ, тәжірибе алмасып, білгенін үйретіп, білмегенін үйренбекке аттанған. Осы жаттығуларда ресейлік бапкерлердің жетегімен Бекзат пен жаңағы Хатаев бірге дайындалған екен. «Бұл қазақ боксшыларының сырын өзгеге ашып беру емес пе?» деген сауал туындаған. Бұл пікірімізді Тұрсынғали Еділов те құптады. – Біздің жаттықтырушылар мен Өзбекстан, Тәжікстан бапкерлерінде боксшыларды Ресейге апарып жаттықтыратын бір әдет бар. Бірақ бұлай істеуге болмайтын еді. Мен түсінбеймін, онсыз да тәжірибелі Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левитті көршілерге неге апарды, не үйренсін деп ойлады? Қайталап айтамын, бапкерлер онсыз да тәжірибелі боксшыларды осылай өзге елге тасып шаршатты, – дейді ол. Дегенмен қазір балаларды боксқа баулумен айналысатын бапкердің Токиодан әлі де үміті бар екен. – Алтын туралы бірдеңе деу қиын. Қамшыбек Қоңқабаевтан бірдеңе күтпесек болмас. Бағы жанса әлі жүлделі оралар, – деп қорытындылады маман.Сәтсіздікке министр мен басшылар жауап берер
Қазақстан ауыр атлеттерін төрткүл дүниеге танытып, алдыңғы олимпиадаларда талай мәрте қоржынымызға жүлде салғызған бапкер Алексей Ниді ешкім ұмыта қоймаған болар. Биыл Токиоға тек екі ауыр атлетіміз барды. Екеуі де жүлде алып, қос қола медальмен оралды. Олар – Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло. Барлық спорт түрі бойынша Қазақстан құрамасының есебінде тұрған 3 қоланың екеуін ауыр атлеттер алғанын ескерсек, ақсамаған осы спорт түрі ғана тәрізді. Қазір бапкерліктен алшақтап кеткен Алексей Ни де осы пікірде екен. – Қазір мен ауыр атлеттерді жаттықтырмаймын. Бірақ сонда да ел спортшыларына тілекші болып жүремін. Олимпиадаға екі зілтемірші барды, екеуі де қола алды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Себебі мен жүлдеге тек Чиншанло ілігеді деп ойладым. Ал Сонға сенбеп едік. Жасы 22-де, қатысып жатқан алғашқы үлкен додасы болатын. Бірақ қола алғанын көргенде қатты қуандым. Жақсы көрсеткіш, – дейді ол. Сондай-ақ Алексей Ниден биылғы Олимпиададағы сәтсіздіктердің себебін қалай түсінетінін сұраған едік. – Жалпы, сәтсіздіктерге жауап бере алмаймын. Мен бүкіл ситуацияны көрген жоқпын. Спортшылардың ахуалын білмеймін. Негізі, бұл сұраққа спорт саласына жауапты министр мен басшылар жауап бергені жөн, – деді маман. Негізі, Токиода Қазақстан құрамасы сенсация жасады. Бірақ жеңісті сенсация емес, жеңілістің көптігімен таңғалдыру болды. Ащы мысқыл болса да, шындығы осы. Мысалы, жуырда Олимпиадаға шолу жасаған Delcotimes.com сайты қазақстандықтардың жеңіліске көп ұшырап, спортшылардың басым бөлігінің жарыспен ерте қош айтысуын түсініксіз жағдайға балаған. Тіпті, боксшылардың сәтсіздігін басты сенсацияға теңепті. «Токиодағы Олимпиада ойындары көптеген күтпеген нәтиже сыйлады. Үздік саналған қазақстандық Василий Левиттің кубалық эмигранттан жеңілуі, әлем чемпионының жарыстан шығуы – басты сенсация. Бапкерлік штаб шәкірттерін дұрыс дайындамаған немесе қате стратегия таңдаған болар. Бұл барлық сарапшыны таңғалдырған нәтиже болды», – деп жазған сайт. Өкініштісі сол, сәтсіздік дейміз бе, әлде спортшылардың шама-шарқы кем болды ма, ауыр атлетиканы айтпағанда барлық спорт түрінен Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетпеді. Оңбай сүрінді деп осындайда айтсақ керек. Ал спорт мамандары «Қазақстан қоржынына бір алтын жүлдені салар» деп, қалған боксшылардан үмітін әлі де үзбей отыр.Мадияр ТӨЛЕУ