Үкімет акция саудалайтын қазақстандықтар санын арттырмақ ниетте. Осы орайда қаржылық сауаттандыру, халықтық ІРО бағдарламасын жалғастыру көзделіп отыр. Бірақ биржада ойнауға халық дайын ба? Сауат ашу сабақтарында коучтер биржада бір мезетте бар салымнан айырылып қалуға болатынын әрі оны мемлекет те қайтармайтынын түсіндірмеуі ықтимал. Тіпті, құнды қағаздар сатып алған адамдардың өзі жыл сайын салық органына декларация тапсыруы, салық төлеуі керегін білмейді екен.
Қор нарығына шұбырған жан көп
«Финпром» сарапшыларының байламынша, акциялармен сауда жасайтын адамдар саны Қазақстанда біраз артып келеді. Құнды қағаздардың орталық депозитарийінің дерегінше, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елде бөлшек сауда жасайтын инвесторлардың 176,5 мың сауда шоты тіркелді. Бұл жыл басындағыдан 36,5%-ға артық. Жалпы, 2020 жылға дейін жеке тұлғалардың шот саны бірқалыпты деңгейде сақталып келген. Алайда коронавирустың таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай және карантин шектеулері кезеңінде үйлеріне қамалған жұртшылық акцияларға ынта-ықылас таныта бастады. Бұл саладағы үдемелі өсімге әкелді. 2021 жылы да халықтың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы күшейе түсті. Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың 2%-ы құнды қағаздар нарығында сауда шотын ашып үлгеріпті. Әрине, бұл басы ғана. Пандемия кезінде кәсібі тоқыраған шағын және орта бизнес өкілдері де ақша инвестициялаудың баламалы түрлерін іздеді. 2021 жылдың алты айының қорытындысында акциялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың ең үлкен үлесін – 46,7%-ын жеке тұлғалар құрап отыр. Биржаға қаржы салғысы келетін адамдар санының өсуіне байланысты алаяқтар да қаптады. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі адал емес делдалдарға жолықпау үшін тек сертификатталған қатысушыларға жүгінуге кеңес береді. Қазір Қазақстанда инвестициялық портфельдерді басқарумен айналысатын 19 ғана сертификатталған ұйым бар. Алайда бөлшек инвесторлар арасында солардың бірен-сараны танымал. Қаржылық реттеушінің мәліметінше, биылғы жазда барлық суб-есепшоттардың 91,1%-ы бар-жоғы 4 депоненттің клиенттеріне тиесілі. Бұлар – Қазпошта, Freedom Finance, Halyk Finance және CAIFC Investment Group. Қазақстандықтардың биржаға ден қоюына тағы бір тренд ықпал етті: пандемия мен карантин шектеулері қор нарығында жұмыс істейтін компанияларды клиенттермен қарым-қатынастың барлық қырын, бүкіл процесін цифрландыруға итермеледі. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компаниялардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың акцияларын сатып алуға болады. Брокерлік келісімшарт брокердің ұялы қосымшасын пайдаланып, тұлғаны биометриялық сәйкестендіру арқылы бекітіледі. Бұған қоса, қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, MCX, SPB Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі еді: алдымен брокерге хабарласып, брокерлік шот ашу қажет-тін. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификаттарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет болатын.Желіккен трейдер жинақты құртады
Дегенмен акциялар саудасы жеңілдегенімен, бұл осы ойынға қатысушылардың бәрі жеңеді дегенді білдірмейді. Биржаға ақша салып, миллиондарынан айырылып қалғандар бар. Соның бірі – алматылық кәсіпкер Андрей Климов. «Екі жыл бұрын құнды қағаздарды сатып ала бастағанда алапат майдан даласының ортасынан бір-ақ шыққан ашықауыз жеткіншекке ұқсадым. Apple, Facebook, Google, Тесла секілді әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алып қойсам, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды, тіпті немерелеріме бір бөлігін мұраға қалдырамын деп ойладым. Алайда биржа қатты құлағанда көптеген позиция күштеп жабылады екен. Бұдан, әсіресе миноритарийлер зардап шегеді. Салдарынан 3 миллион теңге салымым күйіп кетті», – дейді кәсіпкер. Содан биржа тосыннан құлағанда, брокер Excess Liquidity-ді ретке келтіру үшін клиенттерінің, соның ішінде Андрейдің құнды қағаздарын нарықтық төмен бағамен жоя салған. Салдарынан 7 мың доллардай шығын тіркелген. Биржада бұл – жиі кездесетін құбылыс. [caption id="attachment_154259" align="aligncenter" width="1049"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Брокер Никита Силкиннің айтуынша, биржада трейдерлердің 80-95 пайызы клиенттерінің ақшасын жоғалтады. «Кейде нарық күрт жоғарылайды, көптеген акция өсіп жатады. Бұл брокерлердің көңіліне желік бітіреді. Олар әбден «қызып алғанда» биржада коррекция басталады. Позициялар оларға пайда емес, тек зиян келтіретін, ең тиімсіз нүктеде күштеп жабылады. Осыдан кейін нарық еңсесін тіктейді де, қайта күш алып, жоғары өрлей жөнеледі. Бірақ бұл көштен әлгі жолаушылар қалыс қалады: олар бар салымынан айырылды, ал қаражаты Америкадағы сақтандырушы хэдж қорлардағы пысық та әбжіл жігіттердің уысында қалды», – дейді Н.Силкин.Ойыншы қайткенде салықтан құтылады?
Кейбір адам акцияда ұтып, биржадан мол табыс тапсам, брокердің сыйақысынан басқасын басыбайлы иеленем деп ойлайды. Шынында, олай емес. Өзге комиссияларды айтпағанда, мемлекетке салық төлеу қажет болады. Нәтижесінде, табыстан қалған қаржы мардымсыз болып шығуы ықтимал. Шағын кәсіпкер Жания Қапарова жергілікті биржада бағын сынап көріпті. «Мен Қазақстан қор биржасында (KASE) акцияларды сатып алып, сатумен айналыстым. Алайда шығынға отырдым. Бірақ сонда да мемкірістер органына 240 нысанындағы есепті тапсыруым керек пе, соны білмеймін. Интернеттен қарап көрдім, қор нарығына қатысушылар декларацияны қандай жағдайда тапсыратыны нақтыланбапты. Қазақстанның не АҚШ-тың қор нарығында сатып алынған акциялар бойынша шығындар мен кірістер қандай қағидамен есептелетіні де белгісіз», – дейді ол. Қаржы министрлігінің салық жинауға жауапты органы – Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаевтың түсіндіруінше, егер азамат KASE-ден не «Астана» қаржы орталығының биржасынан (АІХ) сатып алған акцияларын қайта сату кезінде оның құнының өсуінен пайда тапса, ол жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Бірақ ол бәрібір алған табысын мемлекетке жариялап, кірісінің сомасын көрсетіп, «Жеке табыс салығы бойынша декларация» (форма 240.00) тапсыруы тиіс. «Ал егер құнды қағазды сатудан шығын көрсе, онда ешқандай табысқа қол жеткізбегендіктен, 240.00 декларациясын ұсыну міндеттемесінен босатылады. Бұл ретте табыс пен шығын әрбір акция бойынша жеке есептеледі. Америкадағы қор биржаларында табыс тапқан, акциялар сатып алған азамат та декларация тапсыруы шарт. Жеке табыс салығын азамат өз бетінше есептеп, бюджетке төлеуі керек», – деп түсініктеме берді мемкірістер органы. Егер азамат шетелдік биржаларда операция жүргізу нәтижесінде табыс тапса, ол келесі жылдың 31 наурызына дейін 10% көлемінде жеке табыс салығын төлеуге және 10 сәуірден кешікпей 240.00 нысанында ЖТС бойынша декларация тапсыруға міндетті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясына кіретін биржалық ноталарға қатысты мәмілелерден, соның ішінде Tabys мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған акциялардан алынған табыс та салық салудан босатылады екен. Айта кеткен жөн, қазір акциялар саудасын қазақстандық танымал блогерлер жарнамалап жүр. Олар жаһандық алпауыт компаниялардың құнды қағазын сатып алғанын мақтана көрсетеді, соны бедел көреді. Осыған қызыққан көрермендері биржаға «жүгіреді». Әйткенмен, мамандар биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының «әлқиссасымен» танысып алуға кеңес береді. Қор нарығының қызметі түгіл онда қолданылатын терминдердің нені білдіретінін білмейтін адам майдан ортасында қалған қорғансыз жеткіншекке ұқсап кетуі ғажап емес. Ондай клиентті сертификатталған трейдерлер де алдап соғуға бейім тұрады.Елдос СЕНБАЙ