Биржада ойнақтап, от басты

Биржада ойнақтап, от басты

Үкімет акция саудалайтын қазақстандықтар санын арттыр­мақ ниетте. Осы орайда қаржылық сауаттандыру, халықтық ІРО бағ­дар­ламасын жалғастыру көзделіп отыр. Бірақ биржада ойнауға ха­лық дайын ба? Сауат ашу сабақ­тарында коучтер биржада бір мезетте бар салымнан айырылып қалуға болатынын әрі оны мемлекет те қайтармайтынын түсіндір­меуі ықтимал. Тіпті, құнды қағаз­дар са­тып алған адамдардың өзі жыл сайын салық органына декларация тапсыруы, салық төлеуі керегін білмейді екен.

Қор нарығына шұбырған жан көп

«Финпром» сарапшыларының байламынша, акциялармен сауда жасайтын адамдар саны Қазақстанда біраз артып келеді. Құнды қағаздардың орталық депо­зитарийінің дерегінше, 2021 жылғы 1 шіл­­дедегі жағдай бойынша елде бөлшек сауда жасайтын инвесторлардың 176,5 мың сауда шоты тіркелді. Бұл жыл басындағыдан 36,5%-ға артық. Жалпы, 2020 жылға дейін жеке тұлғалардың шот саны бірқалыпты деңгейде сақталып келген. Алайда коронавирустың тара­луы­на байланысты жарияланған төтен­ше жағдай және карантин шектеулері кезеңінде үйлеріне қамалған жұртшылық акцияларға ынта-ықылас таныта баста­ды. Бұл саладағы үдемелі өсімге әкелді. 2021 жылы да халықтың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы күшейе түсті. Бүгінде жұмыс істейтін қазақстан­дықтардың 2%-ы құнды қағаздар нарығында сауда шотын ашып үлгеріпті. Әрине, бұл басы ғана. Пандемия кезінде кәсібі тоқыраған шағын және орта бизнес өкілдері де ақша инвестициялаудың баламалы түр­лерін іздеді. 2021 жылдың алты айының қорытындысында акциялардың қай­тала­ма нарығындағы инвестор­лардың ең үлкен үлесін – 46,7%-ын жеке тұлға­лар құрап отыр. Биржаға қаржы салғысы келетін адамдар санының өсуіне байланысты алаяқтар да қаптады. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі адал емес делдалдарға жолықпау үшін тек сертификатталған қатысушыларға жүгінуге кеңес береді. Қазір Қазақстанда инвестициялық портфельдерді басқару­мен айналысатын 19 ғана сертификат­талған ұйым бар. Алайда бөлшек инвес­тор­лар арасында солардың бірен-сараны танымал. Қаржылық реттеушінің мәлі­метінше, биылғы жазда барлық суб-есепшоттардың 91,1%-ы бар-жоғы 4 депоненттің клиенттеріне тиесілі. Бұлар – Қазпошта, Freedom Finance, Halyk Finance және CAIFC Investment Group. Қазақстандықтардың биржаға ден қоюына тағы бір тренд ықпал етті: пандемия мен карантин шектеулері қор нарығында жұмыс істейтін компания­ларды клиенттермен қарым-қатынастың барлық қырын, бүкіл процесін цифрлан­дыруға итермеледі. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компания­лардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың ак­ция­ларын сатып алуға болады. Брокерлік келісімшарт брокердің ұялы қосым­ша­сын пайдаланып, тұлғаны биометриялық сәйкестендіру арқылы бекітіледі. Бұған қоса, қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, MCX, SPB Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі еді: алдымен брокерге хабар­ласып, брокерлік шот ашу қажет-тін. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификат­тарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет бола­тын.

Желіккен трейдер жинақты құртады

Дегенмен акциялар саудасы жеңіл­дегенімен, бұл осы ойынға қатысушы­лардың бәрі жеңеді дегенді білдірмейді. Биржаға ақша салып, миллиондарынан айырылып қалғандар бар. Соның бірі – алматылық кәсіпкер Андрей Климов. «Екі жыл бұрын құнды қағаздарды сатып ала бастағанда алапат майдан даласының ортасынан бір-ақ шыққан ашықауыз жеткіншекке ұқсадым. Apple, Facebook, Google, Тесла секілді әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алып қойсам, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды, тіпті немерелеріме бір бөлігін мұраға қалдырамын деп ойладым. Алайда биржа қатты құлағанда көптеген пози­ция күштеп жабылады екен. Бұдан, әсіресе миноритарийлер зардап шегеді. Салдарынан 3 миллион теңге салымым күйіп кетті», – дейді кәсіпкер. Содан биржа тосыннан құлағанда, брокер Excess Liquidity-ді ретке келтіру үшін клиенттерінің, соның ішінде Андрейдің құнды қағаздарын нарықтық төмен бағамен жоя салған. Салдарынан 7 мың доллардай шығын тіркелген. Биржада бұл – жиі кездесетін құбылыс. [caption id="attachment_154259" align="aligncenter" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Брокер Никита Силкиннің айтуын­ша, биржада трейдерлердің 80-95 пайы­зы клиенттерінің ақшасын жоғалтады. «Кейде нарық күрт жоғарылайды, көп­теген акция өсіп жатады. Бұл бро­керлердің көңіліне желік бітіреді. Олар әбден «қызып алғанда» биржада кор­рекция басталады. Позициялар оларға пайда емес, тек зиян келтіретін, ең тиімсіз нүктеде күштеп жабылады. Осы­дан кейін нарық еңсесін тіктейді де, қайта күш алып, жоғары өрлей жөнеледі. Бірақ бұл көштен әлгі жолаушылар қалыс қалады: олар бар салымынан айырылды, ал қаражаты Америкадағы сақтандырушы хэдж қорлардағы пысық та әбжіл жігіттердің уысында қалды», – дейді Н.Силкин.

Ойыншы қайткенде салықтан құтылады?

Кейбір адам акцияда ұтып, биржадан мол табыс тапсам, брокердің сыйа­қысынан басқасын басыбайлы иеленем деп ойлайды. Шынында, олай емес. Өзге комиссияларды айтпағанда, мемлекетке салық төлеу қажет болады. Нәтижесінде, табыстан қалған қаржы мардымсыз бо­лып шығуы ықтимал. Шағын кәсіпкер Жания Қапарова жергілікті биржада бағын сынап көріпті. «Мен Қазақстан қор биржасында (KASE) акцияларды сатып алып, сату­мен айналыстым. Алайда шығынға отырдым. Бірақ сонда да мемкірістер органына 240 нысанындағы есепті тапсыруым керек пе, соны білмеймін. Интернеттен қарап көрдім, қор нары­ғына қатысушылар декларацияны қан­дай жағдайда тапсыратыны нақтылан­бапты. Қазақстанның не АҚШ-тың қор нарығында сатып алынған акциялар бойынша шығындар мен кірістер қандай қағидамен есептелетіні де белгісіз», – дейді ол. Қаржы министрлігінің салық жинау­ға жауапты органы – Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің төрағасы Әли Алтын­баевтың түсіндіруінше, егер азамат  KASE-ден не «Астана» қаржы орталығы­ның биржасынан (АІХ) сатып алған акцияларын қайта сату кезінде оның құ­нының өсуінен пайда тапса, ол жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Бірақ ол бәрібір алған табысын мемле­кет­ке жариялап, кірісінің сомасын көр­сетіп, «Жеке табыс салығы бойынша дек­ларация» (форма 240.00) тапсыруы тиіс. «Ал егер құнды қағазды сатудан шы­ғын көрсе, онда ешқандай табысқа қол жеткізбегендіктен, 240.00 декларация­сын ұсыну міндеттемесінен босатылады. Бұл ретте табыс пен шығын әрбір акция бойынша жеке есептеледі. Америкадағы қор биржаларында табыс тапқан, ак­циялар сатып алған азамат та декларация тапсыруы шарт. Жеке табыс салығын азамат өз бетінше есептеп, бюджетке төлеуі керек», – деп түсініктеме берді мемкірістер органы. Егер азамат шетелдік биржаларда опе­рация жүргізу нәтижесінде табыс тапса, ол келесі жылдың 31 наурызына дейін 10% көлемінде жеке табыс салығын төлеуге және 10 сәуірден кешікпей 240.00 нысанында ЖТС бойынша декларация тапсыруға мін­детті. «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы­ның юрисдикциясына кіретін бир­­жалық ноталарға қатысты мәміле­лерден, соның ішінде Tabys мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған акциялардан алынған табыс та салық салудан босатылады екен. Айта кеткен жөн, қазір акциялар сау­да­сын қазақстандық танымал бло­герлер жарнамалап жүр. Олар жаһандық алпауыт компаниялардың құнды қаға­зын сатып алғанын мақтана көрсетеді, соны бедел көреді. Осыған қызыққан көрер­мендері биржаға «жүгіреді». Әйткенмен, мамандар биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының «әлқиссасымен» таны­сып алуға кеңес береді. Қор нары­ғы­ның қызметі түгіл онда қолданылатын терминдердің нені білдіретінін білмейтін адам майдан ортасында қалған қорған­сыз жеткіншекке ұқсап кетуі ғажап емес. Ондай клиентті сертификатталған трейдерлер де алдап соғуға бейім тұрады.

Елдос СЕНБАЙ