Президенттен сөгіс алған Сапарбаев шенеунікті қызметінен босатты
Президенттен сөгіс алған Сапарбаев шенеунікті қызметінен босатты
114
оқылды

Жамбыл облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"2021 жылдың 3 тамызында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды", - деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Бұған дейін Президент Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысын дұрыс атқармай, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялап, бір тәулік ішінде кадр қатесін түзетуге тапсырма берген еді.
Айта кетейік, ол 2019 жылдың қарашасында қала мектептерінің бірінде 12 жастағы қызды зорлау оқиғасына байланысты Тараз қаласының әкімі қызметінен босатылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатуды тапсырған.