Шығыс Қазақстан облысында ұзындығы 500 шақырым болатын иесіз электр желісі сенімгерлік басқаруға беріледі.
Облыс әкімдігі жарты мың шақырымдық иесіз электр желісінің құжаттамасын қалпына келтіріп, облыстық энергетикалық компанияның сенімгерлік басқаруына тапсыруда. Бұл жөнінде өңір басшысы Даниал Ахметов энергия қауіпсіздігі мәселелеріне арналған отырыста хабарлады. Аймақтың энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешудің кешенді жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жаңа электр желілерін тартып, ескісін қайта жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. Ең алдымен елді мекендердегі халықтың тұрмысына тікелей қатысты желілер түгенделіп, тексеріледі. Сонымен қатар аймақта ұзындығы 500 шақырымнан асатын иесіз жатқан желілердің мәселесі шешімін таппақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ШҚО әкімдігі иесіз желілердің 494 шақырымын облыстық энергетикалық компанияның сенімгерлік басқаруына беру үшін заңдық базаны дайындап қойды. Облыс әкімінің айтуынша, қалған иесіз желілерге арналған құжаттама оларды қалпына келтіру құнын есептеу жұмысымен қатар дайындалатын болады.А.ШӘРІП