«Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында суицидтің себептері мен кибербуллингтің салдары туралы әңгіме қозғалды.
Медальдің екі жағы болатыны секілді, интернеттің кеңінен таралуы проблемалардың жаңа түрлерін тудырып отыр. Солардың бірі – әлеуметтік желілерде адамды қорлау. Бұл құбылыс кибербуллинг деп аталады. Өкінішке қарай, оған негізінен жасөспірімдер көп ұшырайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқыққа қарсы контентті зерделеу пен кибербуллингті анықтау мәселелерімен облыстық Полиция департаментінің арнайы жедел тергеу тобы айналысады. Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, тәртіп сақшылары Instagram, Twitter, ВK, OK, TikTok, Facebook әлеуметтік желілерінде балаларды құқыққа қарсы қолсұғушылықтан және олардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан оқшаулау және қорғау үшін күнделікті мониторинг жүргізеді. «2020 жылғы және 2021 жылдың 6 айында жүргізілген мониторинг барысында тыйым салынған интернет сайттарға 1 725 сілтеме анықталды. Соның ішінде порнографиялық мазмұндағы материалдар орналастырылған сайттар да бар. Олар бұғаттау үшін «Кибер қадағалау» жүйесіне жіберілді. Оқу орындарында полиция қызметкерлері тұрақты негізде интернетте қауіпсіз қарым-қатынас тақырыбында семинарлар мен дәрістер өткізеді», – деді «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Руслан Назаров. Жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг суицидке әкеліп соқтыруы мүмкін. Бүгінде бұл тақырып өте өзекті. Статистикаға сәйкес, 2020 жылы облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында 6 суицид және 14 суицид әрекеті тіркелді. Биыл 6 ай ішінде өңірде 1 суицид және 6 рет суицид жасауға оқталу тіркелді. Кәмелетке толмағандарға қатысты 19 жыныстық қылмыс орын алды, оның төртеуі – зорлау, сегізі – 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай қылмыстарды негізінен қыздардың өгей әкелері немесе басқа таныс-туыстары жасаған. Осындай заңсыздықтардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары ұдайы жұмыс жүргізуде. «Петропавл аумағында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ өз қызметін үздіксіз жүзеге асыруда, оның міндеті – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Сонымен қатар облыстың білім беру ұйымдарында 1 975 дәріс, әңгіме, дөңгелек үстел өткізілді» деп атап өтті Руслан Назаров.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы