Президентке елдегі қазіргі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері туралы баяндалды.
Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ведомство қылмыстың көптеген түрін ашу көрсеткіштерін жақсартқан. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқықбұзушылық саны азайған. Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылаған. Алайда интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс саны артқан. Бұған пандемия кезіндегі онлайн қызметтердің өсуі ықпал етті.
Мемлекет басшысына вакцина алғаны жөнінде жалған құжаттар таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Жыл басынан бері полиция органдары 50-і жалған вакцинация паспортын және 60-ы жалған ПТР-анықтамасын жасағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғаған.
Министр ІІМ бөлімшелеріндегі жеке құрам қызметкерлерінің 96 пайызы екпе алғанын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп карантиндік шараларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.