Мектептердің құрылысы қатаң бақылауға алынды
Мектептердің құрылысы қатаң бақылауға алынды
191
оқылды

Жаңа оқу жылының бас­талуына бір айдан аз уақыт қалды. Осы жауапты сәтке дайындық қай деңгейде? Жол картасы бойынша салынып жатқан білім ұяларының құ­рылыс барысы қалай? Осы және өзге де мәселелер «Nur Otan» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.

Күн тәртібінде «Nur Otan» пар­тиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауал­ды бағдарламасын жүзеге асыру жө­ніндегі республикалық Жол карта­сының білім саласына қа­тысты тармақтарының Түркістан облысында орындалуы, Түркістан облысының білім саласындағы өзекті мәселелері мен 2021-2022 оқу жылына дайындығы, Түр­кістан облысында жаңғырудан өтіп жат­қан мектептер, Жол кар­тасы ая­сында Түркістан облы­сында құры­лысы жүріп жатқан мектептердегі жұмыс барысы кеңі­нен сөз болды. Білім мен ғылымды дамыту жө­ніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Рабиға Қуатбекова білімге қатысты индикаторлардың орындалуы бақылауда екенін айтты. «Nur Otan» партиясы Түр­кіс­тан облыстық филиалы төра­ға­сы­ның бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партияның сай­лауалды бағдарламасында білім саласына баса мән берілгенін атап өтті. Жол картасы баяу орындалып жатқан аудан, қалаларға жұмысты жандандыру керегіне тоқталды. Ел қазынасынан қаржы бөлінген мек­тептер уақытылы әрі сапалы са­лынуы тиіс. Түркістан облысында «Өзгеріс­тер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарла­ма­сын іске асыру жөнінде 17 Жол картасы бекітілген. Қазір облыс­тың Жол картасында 26 негізгі көр­сеткіш пен 128 іс-шара болса, оның әрбіріне облыстық мәсли­хаттың депутаттары, фракция мү­шелері жетекшілік етеді. Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі ай­мақтық қоғамдық кеңес пар­тияның сайлауалды бағдарламасы­ның білімге қатысты тармақта­рының орындалуына ықпал етеді. Жол картасына сәйкес алдағы 5 жылда облыстағы апатты және үш ауысымды мектептің өзекті мә­селелерін шешу мақсатында 130 мектеп салу (2021 жылы – 47, 2022 жылы – 26, 2023 жылы – 21, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 12) жос­пар­ланған. Биылдың өзінде 78 мек­тептің құрылысы жүргізіліп жа­тыр. Жыл соңына дейін 44 мек­теп­тің құрылысын аяқтау жоспар­ланған. Сондай-ақ партияның сай­лауалды бағдарламасы шең­берінде «5 000 мектепті жаңғырту» жобасына облыстағы 108 мектеп еніп отыр. Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев жаңа оқу жылына дайындық жоспардағыдай екенін айтты. Оқулықтар жеткілікті. Облыста 2021-2022 оқу жылында жалпы бала саны – 527 586, оның ішінде 1-сыныпқа 80 894 бала қабылданады деп күтілуде. 1-сынып оқушылары былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 26 934 балаға артуы мүмкін. Жиында білім ұяларының құрылыс барысы туралы Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тәжібай Егетаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2021 жылы 78 білім нысанының құрылыс жұмысын жүргізуге 18,9 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 2 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы, 16,9 млрд теңге облыстық бюджеттен қаралған. Бүгінде 69 нысанның құрылыс жұмысы жүргізілуде. 9 нысан бо­йынша мемлекеттік сатып алу кон­курсының нәтижесі анықтал­ма­ған. 2021 жылдың соңына дейін 44 білім нысанын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бірақ Арыс, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түл­кібас аудандарында Жол картасы бойынша білім ұяларының құры­лысы кешігіп жатыр. Жиында атал­ған аудан, қала әкімдері орын­басарларының мәліметтері тың­далып, жұмысты жандандыру жө­нінде ұсыныс берілді.

Әбілмансұр ЖАСАН