Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Осы жауапты сәтке дайындық қай деңгейде? Жол картасы бойынша салынып жатқан білім ұяларының құрылыс барысы қалай? Осы және өзге де мәселелер «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі республикалық Жол картасының білім саласына қатысты тармақтарының Түркістан облысында орындалуы, Түркістан облысының білім саласындағы өзекті мәселелері мен 2021-2022 оқу жылына дайындығы, Түркістан облысында жаңғырудан өтіп жатқан мектептер, Жол картасы аясында Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан мектептердегі жұмыс барысы кеңінен сөз болды. Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Рабиға Қуатбекова білімге қатысты индикаторлардың орындалуы бақылауда екенін айтты. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партияның сайлауалды бағдарламасында білім саласына баса мән берілгенін атап өтті. Жол картасы баяу орындалып жатқан аудан, қалаларға жұмысты жандандыру керегіне тоқталды. Ел қазынасынан қаржы бөлінген мектептер уақытылы әрі сапалы салынуы тиіс. Түркістан облысында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде 17 Жол картасы бекітілген. Қазір облыстың Жол картасында 26 негізгі көрсеткіш пен 128 іс-шара болса, оның әрбіріне облыстық мәслихаттың депутаттары, фракция мүшелері жетекшілік етеді. Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес партияның сайлауалды бағдарламасының білімге қатысты тармақтарының орындалуына ықпал етеді. Жол картасына сәйкес алдағы 5 жылда облыстағы апатты және үш ауысымды мектептің өзекті мәселелерін шешу мақсатында 130 мектеп салу (2021 жылы – 47, 2022 жылы – 26, 2023 жылы – 21, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 12) жоспарланған. Биылдың өзінде 78 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 44 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде «5 000 мектепті жаңғырту» жобасына облыстағы 108 мектеп еніп отыр. Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев жаңа оқу жылына дайындық жоспардағыдай екенін айтты. Оқулықтар жеткілікті. Облыста 2021-2022 оқу жылында жалпы бала саны – 527 586, оның ішінде 1-сыныпқа 80 894 бала қабылданады деп күтілуде. 1-сынып оқушылары былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 26 934 балаға артуы мүмкін. Жиында білім ұяларының құрылыс барысы туралы Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тәжібай Егетаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2021 жылы 78 білім нысанының құрылыс жұмысын жүргізуге 18,9 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 2 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы, 16,9 млрд теңге облыстық бюджеттен қаралған. Бүгінде 69 нысанның құрылыс жұмысы жүргізілуде. 9 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі анықталмаған. 2021 жылдың соңына дейін 44 білім нысанын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бірақ Арыс, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарында Жол картасы бойынша білім ұяларының құрылысы кешігіп жатыр. Жиында аталған аудан, қала әкімдері орынбасарларының мәліметтері тыңдалып, жұмысты жандандыру жөнінде ұсыныс берілді.Әбілмансұр ЖАСАН