Қасым-Жомарт Тоқаев түрмеде отырып, зорлыққа душар болған Наталья Слекишинаға рақымшылық жасады. Бұл жайында Президент жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі, омбудсмен Эльвира Азимова хабарлады.
Қылмысы дәлелденіп, бас бостандығынан айырылған Слекишина 2016 жылы топтық зорлаудан кейін колония надзирательдерінің бірінен бала туған болатын. Бұл оқиға әлемдік ақпарат құралдарының да назарын аудартқан. «Кешірім және рақымшылық жасау – ізгілік актісі саналады. Бұл демократиялық, құқықтық мемлекеттің, қылмыс жасағандардың құқығына құрмет көрсетудің, сенім білдірудің көрінісі. Бұл Мемлекет басшысының қылмыстық жазасын өтеушіге қайырымдылығы», – деді омбудсмен. Осының алдында сот қылмыскер әйелдің қалған жазасын өтеуін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Демек ол енді түзу жолдан таймаса, түрмеге оралмайды. «Бес жыл ішінде ол өзін үш баланың жақсы анасы ретінде көрсете білді, өз бетінше жұмысқа орналасты. Экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болды. Пробациялық бақылау кезінде оның мінез-құлқына қатысты шағым түспеді», – дейді Эльвира Азимова.Е.ЕРДЕНОВ