Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен айдың 25 жұлдызында елімізде тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында жеңіске жетіп, өздеріне сенім білдірген округтердің тізгінін ұстаған ауылдық округ әкімдерімен кездесті.
Облыс басшысымен жүздесуге сайлауда ел сеніміне ие болғандар арасындағы екі әйел әкім – Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова мен Сарқан ауданындағы Аманбөктер ауылдық округінің әкімі Шырынгүл Нұрханова, ең жас әкім ретінде Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов, сол сияқты Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов, осы аудандағы Бесқайнар ауылдық округінің әкімі Арман Жабаев келді. Сонымен қатар аудан басшылары мен басқа да жаңа сайланған округ әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қатысып отырды. Су жаңа округ әкімдерін сайлануларымен құттықтаған облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Оларға жүктелген бірқатар міндет-мақсаттарға тоќталды. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандық қоғамды демократияландыру мақсатында әкімдер сайлауы өтіп, сайлауда халық сеніміне ие болдыңыздар. Біздің облыста 71 округте сайлау өтті, соның 37-сінде әкімдер өзгерді. Мен барлық әкімнің өмірбаянын қарап шықтым, бәрінің тәжірибесі бар, білімді азаматтар, яғни кадрлардың сапалық құрамы жақсы. Облыста жалпы саны 742 елді мекен бар. Оның әрқайсысына баруға біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де бола бермейді. Сонықтан сол өңірлердегі жағдай қандай, халықтың қандай өтініш-тілегі бар, соның барлығын дер кезінде біліп, шешімін күткен мәселелер болса, бізге жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Өңірлердегі жұмысқа жаңаша көзқарас қажет, әр істе бастамашы болу керек. Аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектептер, басқа да өзекті мәселелер көтеріліп жатады. Солардың әрқайсысын жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, дұрыс шешімін қарастыру қажет. Елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды бей-берекет тастауға жол берілмеуі тиіс. Газдандыру ісіне де ерекше назар аударыңыздар. Бізде атқарылып жатқан жұмыс көп, оны да халыққа жеткізіп отырыңыздар. Ауылдық жерлерде шаруашылықтар субсидия алды ма, қай өңірлерге сервистік дайындау орталығын құру керек, қай аймаққа техника қажет, қай ауылда жағдайы төмен қанша отбасы бар? Осының барлығы сіздердің жіті назарларыңызда болуы тиіс. Округтерге бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалануды үнемі назарда ұстаңыздар. Біз жаңа округ әкімдерінен жанды жұмыс, тың бастамалар күтеміз. Өзара бірлесіп атқарғанда ғана жұмысымыз нәтижелі болады, – деді Амандық Баталов. Мұнан соң Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова 14 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүргенін, өзі туған өңірдің дамуына атсалысып келе жатқанын, жағдайды жақсы білетінін айтты. Енді округ әкімі ретінде туған жеріне қызмет етпек. Ал әскери салада біраз жыл еңбек етіп, тәртіп пен табандылыққа төселген маман, Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов өз сөзінде ел сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ететінін білдірді: – 71,9% дауыс жинап, ел үмітін арқалап әкімдік қызметке кірістім. Әскери адам ретінде нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қазір сайлауалды бағдарламаны орындауға, халықтың талап-тілегін іске асыруға өңірдегі ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес сияқты қоғамдық ұйымдармен бірлесіп кірісіп жатырмыз. Елдің сенімін ақтап, көптің игілігіне қызмет ететініме сендіремін, – деді Серік Шалов. Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов аудан, қала басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне Елбасы мен Президент тапсырмаларына орай тың міндеттер жүктеп, жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы