Сайланған әкімдерге сенім білдірді
Сайланған әкімдерге сенім білдірді
150
оқылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өткен айдың 25 жұлдызында елімізде тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында жеңіске жетіп, өздеріне сенім білдірген округтердің тізгінін ұстаған ауылдық округ әкімдерімен кездесті.

Облыс басшысымен жүздесуге сайлауда ел сеніміне ие болғандар арасындағы екі әйел әкім – Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова мен Сарқан ауданындағы Аман­бөктер ауылдық округінің әкімі Шырынгүл Нұрханова, ең жас әкім ретінде Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов, сол сияқты Тал­ғар ауданындағы Панфилов ауыл­дық округінің әкімі Серік Шалов, осы аудандағы Бесқайнар ауыл­дық округінің әкімі Арман Жа­баев кел­ді. Сонымен қатар аудан басшы­лары мен басқа да жаңа сайланған округ әкімдері жиынға бейнебай­ланыс арқылы қатысып отырды. Су жаңа округ әкімдерін сай­лануларымен құттықтаған облыс әкі­мі олардың жұмыстарына сәт­тілік тіледі. Оларға жүктелген бір­қа­тар міндет-мақсаттарға тоќталды. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы­мен қазақстандық қоғамды де­мокра­тия­ландыру мақсатында әкімдер сай­лауы өтіп, сайлауда халық се­ні­міне ие болдыңыздар. Біздің об­лыс­та 71 округте сайлау өтті, со­ның 37-сінде әкімдер өз­герді. Мен бар­лық әкімнің өмір­баянын қарап шық­тым, бәрінің тәжірибесі бар, білімді азаматтар, яғни кадр­лардың сапалық құрамы жақсы. Облыста жалпы саны 742 елді ме­кен бар. Оның әрқайсы­сына ба­руға біздің уақытымыз да, мүмкін­дігіміз де бола бермейді. Сонықтан сол өңір­лердегі жағдай қандай, халықтың қандай өтініш-тілегі бар, соның бар­лығын дер кезінде біліп, шеші­мін күткен мәселелер болса, бізге жеткізіп, бірлесіп жұ­мыс істеуіміз керек. Өңірлердегі жұмысқа жаңа­ша көзқарас қажет, әр істе баста­машы болу керек. Аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектептер, бас­­қа да өзекті мә­селелер көтеріліп жа­тады. Солар­дың әрқайсысын жіті зер­делеп, мән-жайдан хабардар бо­лып, дұрыс шешімін қарастыру қажет. Елді мекендерде тұрмыс­тық қатты қалдықтарды бей-бе­рекет тастауға жол берілмеуі тиіс. Газдан­дыру ісі­не де ерекше назар аудары­ңыздар. Бізде атқарылып жатқан жұ­мыс көп, оны да ха­лыққа жеткі­зіп оты­рыңыздар. Ауы­лдық жер­лер­де ша­руашы­лықтар субсидия алды ма, қай өңір­лерге сервистік дайын­дау ор­­талығын құру керек, қай ай­мақ­қа техника қажет, қай ауыл­да жағдайы төмен қанша от­ба­сы бар? Осының барлығы сіз­дер­дің жіті на­зарларыңызда болуы тиіс. Округ­терге бөлінген бюджет қа­ражатын тиімді пайдалануды үне­­мі назарда ұстаңыздар. Біз жаңа округ әкімде­рінен жанды жұмыс, тың бас­та­ма­лар күтеміз. Өзара бір­лесіп ат­қар­ғанда ғана жұмысымыз нәтижелі болады, – деді Амандық Баталов. Мұнан соң Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова 14 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүргенін, өзі туған өңірдің дамуына атса­лы­сып келе жатқанын, жағдайды жақ­сы білетінін айтты. Енді округ әкі­мі ретінде туған жеріне қызмет етпек. Ал әскери салада біраз жыл еңбек етіп, тәртіп пен табанды­лық­­қа төселген маман, Талғар ау­да­нындағы Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов өз сөзінде ел сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ететінін білдірді: – 71,9% дауыс жинап, ел үмі­тін арқалап әкімдік қызметке кі­рістім. Әскери адам ретінде нақты нәти­жеге жету жолында жұмыс істеуге бар күш-жігерімді жұм­саймын. Қа­зір сайлауалды бағ­дарламаны орын­дауға, халықтың талап-тілегін іске асыруға өңір­дегі ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес сияқты қо­ғамдық ұйым­дармен бірлесіп кі­рі­сіп жатырмыз. Елдің сенімін ақтап, көптің игі­лігіне қызмет ете­ті­німе сенді­ре­мін, – деді Серік Шалов. Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов аудан, қала бас­шыларына және ауылдық округ әкімдеріне Елбасы мен Президент тапсырмаларына орай тың мін­дет­тер жүктеп, жұмыстарының же­місті болуына тілектестігін білдірді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы