Тауарлар мен қызметтер нарығында қазақстандық тұтынушы ең қорғалмаған буын болып есептеледі. Оның құқығы кез келген жерде және күнде бұзылады. Жыл сайын кәсіпкерлер мен сатушылар көрсететін қызмет сапасының төмендігіне шағым көбейіп бара жатыр.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ОРГАНДАРЫНЫҢ ШАРУАСЫ ЖОҚ
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Ләзім Мияшеваның мәліметінше, биыл 6 ай ішінде департаментке 131 өтініш келіп түскен. Арыздарды талдау көрсеткендей, тұтынушылардың құқықтары негізінен бөлшек сауда саласында бұзылады екен: барлық өтініштердің 78 пайызы. Сондай-ақ шағымдардың 16,8 пайызы – тұрмыстық қызметтер саласына, 8,4 пайызы – электрондық сауда, 7,6 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне қатысты. «Тәжірибе көрсеткендей, тұтынушылардың құқықтарын негізінен базарлар мен шағын дүкендерде түрлі тауар сататын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері бұзады. Олар көбінесе тұтынушылардың тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне, тауарды айырбастауға немесе қайтаруға, тауар мен сатушы туралы толық ақпарат алуға қатысты құқықтарын бұзады», – дейді Ләзім Исмағұлқызы. Келіп түскен арыздар «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» Солтүстік Қазақстан қоғамдық бірлестігіне жолданады. Қауымдастық төрайымы Надежда Дубоваяның айтуынша, соңғы кезде шағымдар тым көбейіп кетті. Сорақысы сол, алаяқтардан негізінен зейнеткерлер зардап шегіп отыр. Мәселен, Gummi Plast жеке кәсіпкерлігі «пластикалық терезелердің сапасын тегін тексеріп береміз» деп талайларды сан соқтырған. «Тегін дегенге құлақтары елең ете қалған қариялар қуана келіседі. Келген адамдар бірден келісімшартқа қол қойғызады. Қарттардың көбі оның мәтінін оқымайды немесе көздері көрмейді. Жұмысшылар 2-3 резеңке мен тұтқасын ауыстырып, 180 000 теңге талап етеді. Мұнымен келіспесе, келісімшартқа қол қойғанын алға тартады», – дейді Надежда Владимировна. Қазір қауымдастық осы Gummi Plast жеке кәсіпкерлігіне қатысты бірнеше шағымды қарастырып жатыр. Бірнешеуі сотта қаралып, тұтынушының пайдасына шешіліпті. Солардың бірі – Анна Калеченкова 5 тұтқа үшін 172 000 теңге тым қымбат екенін айтып, ескі тұтқаларын қайта орнатуларын талап еткен. Түптеп келгенде, ол жаңа тұтқаларға мұқтаж болмапты әрі терезелерінің кепілдік мерзімі де өтпеген екен. Алайда жеке кәсіпкер оған ақшасын қайтарудан бас тартқан. Ақыры зейнеткер тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына, кейін сотқа жүгінуге мәжбүр болып, шығынын қайтарып алды. Осындай мысалдар өте көп. «Қала тұрғындарын сан соқтырып жүрген осы компания өкілдері негізінен зейнеткерлерді жағалайды. «Олардың байланыс нөмірлерін қайдан алды?» деген заңды сұрақ туындайды. Меніңше, мұндайда құқық қорғау органдары араласуы тиіс. Бірақ олар бұл азаматтық-құқықтық қарым-қатынас екенін алға тартады. Адамдардың зардап шегіп жатқанында не полиция, не прокуратураның шаруасы жоқ. Халыққа төніп тұрған қауіпті, алаяқтық белгілерін көрмей ме?» – деп налиды Надежда Дубовая. Былтыр қыстыгүні 112 000 теңгеге шатырын жөндеткен зейнеткер Людмила Пестова көктем шыға төбеден қайтадан су аққандықтан мердігерге өтініш айтқанымен, «Таиров» жеке кәсіпкерлігі қайта жөндеуден бас тартыпты. Ақыры қария соттасып жүріп, үйінің төбесін қайта жөндеуге қол жеткізді. Әзірге сот жүріп жатыр, бірақ кәсіпкер талапкердің айтқанына көнген сыңайлы. Надежда Владимировнаның айтуынша, мұндай жағдайларда көбінесе келісімшарт та жасалмайды. Ондайда куәгерлерді тартуға және WhatsApp мессенджері арқылы жазылған жазбаларға жүгінуге тура келеді. Орындыққа арналған жамылғы саудалаушылардан зардап шеккендер бір төбе. Бұл компанияның қызметкерлері өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізіп, оған шақырылған адамдарға арнайы жамылғысы бар креслода «керемет жапон массажын» жасаумен айналысады екен. Бұл сылап-сипау барлық дертке шипа-мыс. Ең соңында келушілерге өз тауарын сатып алуды ұсынады. Бағасы күйіп тұр – 700 000 теңгеден астам. Тұсаукесерден соң келісімшартқа қол қойып, 300 000 теңге, кейін тағы 105 000 теңге алдын ала төлем жасаған петропавлдық Галина Карелина сатушының «тауарды жеткізіп береміз» дегеніне сеніп, үйіне кеткен. Ал Egawen компаниясының қызметкері оған массаж жасайтын креслоның орнына тек жамылғысын ғана әкеліп беріпті. Кейін сатушыларды іздеген тұтынушы олардың орнын сипап қалған. Алматыда тұратын компания өкілдері сот шешіміне сәйкес Галина Александровнаның ақшасын толық көлемде қайтарып, оның үстінен айыбы мен моральдық шығынын өтейтін болды.ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ
Қауымдастық төрайымы сот отырысы негізінен тұтынушы пайдасына шешілетінін айтты. Бірақ ара-тұра жеңіліс табатын кездері де болып тұрады. Мәселен, 600 100 теңгеге швейцариялық қолсағат сатып алмақшы болып, ақырында не ақшасыз, не тауарсыз қалған тұтынушының талап-арызы қалалық сотта қанағаттандырылғанымен, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы бұл шешімнің күшін жойыпты. Өйткені сот түбіртекте 600 100 теңге сағат үшін аударылғаны, құжаттарда сағаттың маркасы, өндірушісі көрсетілмегенін, жазбаша келісімшарт жасалмағанын, қысқасы талапкер сағат сатып алғанын дәлелдей алмағанын, түптеп келгенде желілік маркетингке ақша салғанын алға тартқан. Төрағалық еткен судья Айдар Смағұлов бұл істі медиациялық жолмен шешуге мүмкіндік болғанын, жауапкер 600 100 теңге қайтаруға келіскенін, бірақ талапкер тарап тағы 100 000 теңге көлемінде айып төлемі мен моральдық шығынын өтеуді талап еткенін айтады. Жалпы, негізінен сот тұтынушыларды қолдауға бейім. Ал бұл жерде желілік бизнес туралы мәселе қозғалып отырған көрінеді. Енді жеңіліс тапқан тарап Жоғарғы Сотқа жүгінбекші. Төрайымнан білгеніміздей, Ресейде тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкер айыппұл төлейді екен. Қазақстанда бұл айыппұл алынып тасталған. 30 жылдан бері тұтынушы құқығын қорғаумен айналысып жүрген Надежда Дубовая кәсіпкерлерге айыппұл салынған кезде олар дәл қазіргідей еркінсімегенін айтады. Қазір дүкендерде жарамдылық мерзімі өткен азық-түлік жиі кездеседі, супермаркет сөрелерінде көрсетілген баға кассадағымен сәйкес келмейді. Осының бәрі адамдарды алдау деп санайды қауымдастық төрайымы. Заң бойынша сатушы жарамдылық мерзімі өткен, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарды 30 күн ішінде қабылдап, ақшасын қайтаруға міндетті.«Нарық субъектісінің жұмысы тұтынушыны алдауға құрылмауы тиіс. Қазір кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік тым көп. Президент Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Бұл оларды тым еркінсітіп жіберді. Жарты жылда бір рет қоғамдық бақылау жасауға тиіспіз. Оның өзінде баратынымызды алдын ала хабарлауымыз керек. Одан кейін біз барғанша кәсіпкер барлық кемшіліктерін түзеп, мерзімі өткен не сапасыз тауарларды жойып жіберетіні белгілі ғой. Ал тұтынушы мүлдем қорғалмаған», – дейді қауымдастық төрайымы.
Департамент басшысы Ләзім Мияшеваның айтуынша, көптеген жеке кәсіпкерлер арасында жоспардан тыс тексерулер тағайындалмаса, тұтынушылардың құқықтарын бұза отырып, жазасыз қаламыз және жауапкершілікке тартылмаймыз деген қате түсінік қалыптасқан. Надежда Дубоваяның пікірінше, заңнама мен сот жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңының жобасына тұжырымдама жобасын әзірледі. Оған бүкіл Қазақстан тұтынушыларының құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктер ұсынған ұсыныстар енгізілді. Тұжырымдама тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, қоғамдық бірлестіктердің рөлін күшейтуге, Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізуге бағытталған. Әзірге бұл қауымдастық ерікті жарна есебінен ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Надежда Дубоваяның «Сауда жасағаныңыз үшін рақмет» жобасы өңір басшысы тарапынан қолдау тапқанымен, аяқсыз қалыпты. Оның аясында қауымдастық дүкендерден азық-түлік сатып алып, тәуелсіз сараптама орталығына тапсырмақшы болған. Ал сарапшылар азық-түліктің қаншалықты қауіпті не қауіпсіз екенін анықтауы тиіс. «Бұл кәсіпкерлерді де тәртіпке шақырып, сапалы тауар өндіруге және сатуға итермелейді. Екінші жағынан тұтынушы да хабардар болады. Бұл жерде ұлт денсаулығы туралы мәселе көтеріліп отыр. Азық-түліктің құрамында химиялық зиянды заттар тым көп. Ертең біреу-міреу өліп кетсе, кім жауап береді? Адамдар зардап шекпеуі үшін осындай жобаны жүзеге асырмақшы болып едік, одан түк шықпады», – дейді Надежда Владимировна. Қауымдастыққа ешқандай грант та, қаржы да бөлінбейді екен. Сарапшылар да тапшы. Ал шағымдар саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Қауымдастықтың шкаф сөрелері арыздарға лық толы. Сапасыз тауар сатып алғанымен, ешқайда жүгінбей, қолын сермей салғандар қаншама? Биыл елімізде тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыруға, оларды жүйелеуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейінде есепке алуға арналған e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Осы жүйенің мобильді нұсқасы да әзірленді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық аумақтық департаменттер пайдаланушылардың санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұдан соң тұтынушылық даулар саны арта түсері анық. Жалпы, америкалық сарапшылардың зерттеуі көрсеткендей, адамдардың 84 пайызы кейбір тауарларды ойланбастан сатып алып, көпшілігі кейін қайтарып жатады. Осындайда тұтынушы құқығын қорғайтын әрі қаржылық сауаттылығын арттыратын ұйымдар керек-ақ.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы