Тұтынушы құқығын кім қорғайды?
Тұтынушы құқығын кім қорғайды?
724
оқылды

Тауарлар мен қызметтер нарығында қазақстандық тұ­тынушы ең қорғалмаған буын болып есептеледі. Оның құ­қығы кез келген жерде және күнде бұзылады. Жыл сайын кәсіп­кер­лер мен сатушылар көрсететін қызмет сапасының төмендігіне шағым көбейіп бара жатыр.

 ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ОРГАНДАРЫНЫҢ ШАРУАСЫ ЖОҚ

Сауда және интеграция ми­нис­трлігі Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Ләзім Мияшеваның мәліметінше, биыл 6 ай ішінде департаментке 131 өтініш келіп түскен. Арыздарды тал­дау көрсеткендей, тұтыну­шы­лардың құқықтары негізінен бөл­шек сауда саласында бұзылады екен: барлық өтініштердің 78 па­йызы. Сондай-ақ шағымдардың 16,8 пайызы – тұрмыстық қыз­мет­тер саласына, 8,4 пайызы – элек­трондық сауда, 7,6 пайызы тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қыз­меттеріне қатысты. «Тә­­жіри­бе көрсеткендей, тұтыну­шы­лардың құқықтарын негізінен базарлар мен шағын дүкендерде түрлі тауар сататын шағын және микрокә­сіпкерлік субъектілері бұзады. Олар көбінесе тұтыну­шылардың тауардың сапасы мен қауіп­сіз­дігіне, тауарды айыр­бастауға не­месе қайтаруға, тауар мен сатушы туралы толық ақпарат алуға қа­тысты құқықтарын бұ­зады», – дейді Ләзім Исмағұл­қызы. Келіп түскен арыздар «Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы» Солтүстік Қазақстан қо­ғамдық бірлестігіне жолданады. Қа­уым­дастық төрайымы Надежда Дубо­ваяның айтуынша, соңғы кезде шағым­дар тым көбейіп кетті. Сорақысы сол, алаяқтардан негізінен зейнеткерлер зар­дап шегіп отыр. Мәселен, Gummi Plast жеке кәсіп­керлігі «пластикалық терезелердің сапа­сын тегін тексеріп береміз» деп талай­ларды сан соқтырған. «Тегін дегенге құлақтары елең ете қалған қариялар қуана келіседі. Келген адамдар бірден келі­сімшартқа қол қойғызады. Қарттардың көбі оның мәтінін оқымай­ды немесе көз­дері көрмейді. Жұмыс­шы­лар 2-3 ре­зеңке мен тұтқасын ауыстырып, 180 000 тең­ге талап етеді. Мұнымен ке­ліспесе, ке­лісімшартқа қол қойғанын ал­ға тар­тады», – дейді Надежда Владимировна. Қазір қауымдастық осы Gummi Plast жеке кәсіпкерлігіне қатысты бірнеше шағымды қарастырып жатыр. Бірнешеуі сотта қаралып, тұтынушының пайдасы­на шешіліпті. Солардың бірі – Анна Калеченкова 5 тұтқа үшін 172 000 теңге тым қымбат екенін айтып, ескі тұтқа­ларын қайта орнатуларын талап еткен. Түптеп келгенде, ол жаңа тұтқаларға мұқтаж болмапты әрі терезелерінің кепілдік мерзімі де өтпеген екен. Алайда жеке кәсіпкер оған ақшасын қайтарудан бас тартқан. Ақыры зейнеткер тұты­ну­шылар құқығын қорғау қауымдастығына, кейін сотқа жүгінуге мәжбүр болып, шы­ғынын қайтарып алды. Осындай мысалдар өте көп. «Қала тұрғындарын сан соқтырып жүрген осы компания өкілдері негізінен зейнет­керлерді жағалайды. «Олардың байланыс нөмірлерін қайдан алды?» деген заңды сұрақ туындайды. Меніңше, мұндайда құқық қорғау органдары араласуы тиіс. Бірақ олар бұл азаматтық-құқықтық қарым-қатынас екенін алға тартады. Адамдардың зардап шегіп жатқанында не полиция, не прокуратураның шаруасы жоқ. Халыққа төніп тұрған қауіпті, алаяқтық белгілерін көрмей ме?» – деп налиды Надежда Дубовая. Былтыр қыстыгүні 112 000 теңгеге шатырын жөндеткен зейнеткер Людмила Пестова көктем шыға төбеден қайтадан су аққандықтан мердігерге өтініш айт­қа­нымен, «Таиров» жеке кәсіпкерлігі қай­та жөндеуден бас тартыпты. Ақыры қария соттасып жүріп, үйінің төбесін қайта жөндеуге қол жеткізді. Әзірге сот жүріп жатыр, бірақ кәсіпкер талапкердің айт­қанына көнген сыңайлы. Надежда Вла­димировнаның айтуынша, мұндай жағ­дайларда көбінесе келісімшарт та жа­салмайды. Ондайда куәгерлерді тар­туға және WhatsApp мессенджері арқылы жазылған жазбаларға жүгінуге тура келеді. Орындыққа арналған жамылғы саудалаушылардан зардап шеккендер бір төбе. Бұл компанияның қызмет­кер­лері өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізіп, оған шақырылған адамдарға арнайы жамылғысы бар креслода «керемет жа­пон массажын» жасаумен айналысады екен. Бұл сылап-сипау барлық дертке шипа-мыс. Ең соңында келушілерге өз тауарын сатып алуды ұсынады. Бағасы күйіп тұр – 700 000 теңгеден астам. Тұ­саукесерден соң келісімшартқа қол қо­йып, 300 000 теңге, кейін тағы 105 000 тең­ге алдын ала төлем жасаған петро­павл­дық Галина Карелина сатушының «тауарды жеткізіп береміз» дегеніне се­ніп, үйіне кеткен. Ал Egawen компания­сының қызметкері оған массаж жасай­тын креслоның орнына тек жамылғысын ғана әкеліп беріпті. Кейін сатушыларды іздеген тұтынушы олардың орнын сипап қалған. Алматыда тұратын компания өкіл­дері сот шешіміне сәйкес Галина Александровнаның ақшасын толық көлемде қайтарып, оның үстінен айыбы мен моральдық шығынын өтейтін болды.

ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ҚАЖЕТ

Қауымдастық төрайымы сот оты­рысы негізінен тұтынушы пайдасына шешілетінін айтты. Бірақ ара-тұра жеңіліс табатын кездері де болып тұрады. Мәселен, 600 100 теңгеге швейца­рия­лық қолсағат сатып алмақшы болып, ақы­рында не ақшасыз, не тауарсыз қалған тұтынушының талап-арызы қа­лалық сотта қанағаттандырылғанымен, облыстық соттың азаматтық істер жө­ніндегі алқасы бұл шешімнің күшін жо­йыпты. Өйткені сот түбіртекте 600 100 теңге сағат үшін аударылғаны, құжаттар­да сағаттың маркасы, өндірушісі көрсе­тілмегенін, жазбаша келісімшарт жасал­мағанын, қысқасы талапкер сағат сатып алғанын дәлелдей алмағанын, түптеп келгенде желілік маркетингке ақша салғанын алға тартқан. Төрағалық еткен судья Айдар Смағұлов бұл істі медиа­циялық жолмен шешуге мүмкіндік бол­ғанын, жауапкер 600 100 теңге қайтаруға келіскенін, бірақ талапкер тарап тағы 100 000 теңге көлемінде айып төлемі мен моральдық шығынын өтеуді талап еткенін айтады. Жалпы, негізінен сот тұтынушыларды қолдауға бейім. Ал бұл жерде желілік бизнес туралы мәселе қозғалып отырған көрінеді. Енді жеңіліс тапқан тарап Жоғарғы Сотқа жүгінбекші. тұтынушы. Төрайымнан білгеніміздей, Ресейде тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкер айыппұл төлейді екен. Қазақстанда бұл айыппұл алынып тасталған. 30 жылдан бері тұтынушы құқығын қорғаумен айна­лысып жүрген Надежда Дубовая кәсіп­керлерге айыппұл салынған кезде олар дәл қазіргідей еркінсімегенін айтады. Қазір дүкендерде жарамдылық мер­зімі өткен азық-түлік жиі кездеседі, су­пермаркет сөрелерінде көрсетілген баға кассадағымен сәйкес келмейді. Осының бәрі адамдарды алдау деп санайды қауымдастық төрайымы. Заң бойынша сатушы жарамдылық мерзімі өткен, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талап­тарға сәйкес келмейтін тауарды 30 күн ішінде қабылдап, ақшасын қайтаруға міндетті.

«Нарық субъектісінің жұмысы тұты­нушыны алдауға құрылмауы тиіс. Қазір кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік тым көп. Президент Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіп­керлік субъек­тілерін тексеруге мора­торий жария­ланды. Бұл оларды тым еркінсітіп жіберді. Жарты жылда бір рет қоғамдық бақылау жасауға тиіспіз. Оның өзінде баратынымызды алдын ала хабар­лауымыз керек. Одан кейін біз барғанша кәсіпкер барлық кемшіліктерін түзеп, мерзімі өткен не сапасыз тауарларды жойып жіберетіні белгілі ғой. Ал тұты­нушы мүлдем қорғалмаған», – дейді қауымдастық төрайымы.

Департамент басшысы Ләзім Мия­шеваның айтуынша, көптеген жеке кәсіпкерлер арасында жоспардан тыс тексерулер тағайындалмаса, тұтыну­шылардың құқықтарын бұза отырып, жазасыз қаламыз және жауапкершілікке тартылмаймыз деген қате түсінік қа­лыптасқан. Надежда Дубоваяның пікірінше, заңнама мен сот жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңының жобасына тұжырымдама жобасын әзірледі. Оған бүкіл Қазақстан тұтынушыларының құқығын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктер ұсынған ұсыныстар енгізілді. Тұжы­рымдама тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, қоғамдық бірлестіктердің рөлін күшейтуге, Қазақ­станда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізуге бағытталған. Әзірге бұл қауымдастық ерікті жарна есебінен ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Надежда Дубоваяның «Сауда жасаға­ныңыз үшін рақмет» жобасы өңір бас­шысы тарапынан қолдау тапқанымен, аяқсыз қалыпты. Оның аясында қауымдастық дүкендерден азық-түлік сатып алып, тәуелсіз сараптама орта­лығына тапсырмақшы болған. Ал сарап­шылар азық-түліктің қаншалықты қа­уіпті не қауіпсіз екенін анықтауы тиіс. «Бұл кәсіпкерлерді де тәртіпке шақырып, сапалы тауар өндіруге және сатуға итермелейді. Екінші жағынан тұтынушы да хабардар болады. Бұл жерде ұлт ден­саулығы туралы мәселе көтеріліп отыр. Азық-түліктің құрамында химия­лық зиян­ды заттар тым көп. Ертең біреу-міреу өліп кетсе, кім жауап береді? Адам­дар зардап шекпеуі үшін осындай жобаны жүзеге асырмақшы болып едік, одан түк шықпады», – дейді Надежда Владимировна. Қауымдастыққа ешқандай грант та, қаржы да бөлінбейді екен. Сарапшылар да тапшы. Ал шағымдар саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Қауым­дастықтың шкаф сөрелері арыздарға лық толы. Сапасыз тауар сатып алғанымен, ешқайда жүгінбей, қолын сермей сал­ғандар қаншама? Биыл елімізде тұтынушылардың өті­ніштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыруға, оларды жүйелеуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық деңгейінде есепке алуға арналған e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Осы жүйенің мобильді нұсқасы да әзір­ленді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық аумақтық департаменттер пайдаланушылардың санын арттыру бойынша жұмыс жүргі­зуде. Бұдан соң тұтынушылық даулар саны арта түсері анық. Жалпы, амери­ка­лық сарапшылардың зерттеуі көрсет­кендей, адамдардың 84 пайызы кейбір тауарларды ойланбастан сатып алып, көпшілігі кейін қайтарып жатады. Осын­дайда тұтынушы құқығын қорғайтын әрі қаржылық сауаттылығын арттыратын ұйымдар керек-ақ.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы