Қажет кезде қаржы ұйымдарынан қыруар қаржы алып, қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатындарға коллектор жақсы таныс. Борышкерлер банктің хабарламалары мен қоңырауына селк етпеген соң қаржы ұйымдары коллекторлық агенттіктің қызметіне жүгінеді. Бұдан кейін қарыз жинаушылар борышкерлердің банктегі қарызын қайтару үшін түрлі амалға барады.
Бұл үшін коллекторлардың үстінен шағым жазғанмен, жауапкершілікке тартқызу қиын. Сондықтан заң шығарушылар қарызды қайтарып алушылардың жауапкершілігін арттыру керек десе, енді бірі борышкерлердің жауапсыздығын жүгендеу қажетін алға тартады. Коллекторлар болса, бас-көзге қарамай несие беретін қаржылық ұйымдардың талабын орындап жүргендерін айтып, ақталады. Коллектор – қарыздарды өндіріп алумен айналысатын және берешекті өтеу мақсатында банк пен борышкер арасында келіссөздер жүргізетін адам. Қолданыстағы заңға сай, коллекторлық агенттіктер серіктестік түрінде жұмыс істейді. Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркеуде тұрған 265 коллекторлық агенттік бар. Коллекторлық қызмет туралы заңның 14-бабында көзделгендей, коллекторлық агенттік өз қызметін «Банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» заңның аясында жүзеге асыруға құқылы. Сондай-ақ үшінші тұлғалардан банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру туралы шарт жасасу кезінде берген борышкер туралы ақпаратты, оның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуына рұқсат берілген. Ал 15-бапқа сәйкес, корректорлық агенттік екі жұмыс күні ішінде өзінің борышкермен үлестес екенін түсіндіруге міндетті. Сонымен бірге борышкердің кредитор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауына коллекторлық агенттіктің тікелей немесе жанама түрде мүдделі екені салдарынан қысым жасалуына алып келуі мүмкін өзге де мән-жайлар жеткізілуі тиіс. Серіктестік атауы мен мекенжайын ауыстырған жағдайда үш күннен кешіктірмей уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге және өзінің интернет ресурсында ақпарат беруі керек. Борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлері өзгерген жағдайда үш күн ішінде уәкілетті органға хабардар етуі қажет. Бұдан бөлек, коллекторлық қызмет құпиясын сақтауға, айына бір рет борышкердің және оның өкілінің өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде алынған талап етулер бойынша негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы туралы мәліметтерді жазбаша нысанда өтеусіз беруі қажет болады. Кредитордан, борышкерден және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттар мен ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету міндеттеледі. Сондай-ақ кредитор банктік қарыз немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша талаптарды басқаға берген кезде борышкерден қосымша төлем алынуына жол бермеуі тиіс. Одан басқа қызметті автоматтандыру және берешекті есепке алу, сондай-ақ борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін коллекторлық агенттіктің тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио-бейнежазба құралдарының көмегімен тіркеу үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға ие болуы міндет.Қарыз коллекторға сатылады
Заңгер Еркін Қахаров коллекторлардың қызметі көп жағдайда заңды екенін жеткізді. Дегенмен коллекторлық агенттіктердің заңсыз әрекетін айтып, көмек сұрап келетіндер де баршылық деп отыр. Оның айтуынша, қарызды өндіру барысында коллекторлық агенттік тарапынан қысым жасалуы мүмкін мән-жайлар айтылған. Сондықтан борышкерлер қарызы барын мойындаудан басқа амалы жоқ. Оның айтуынша, банк борышкерден қаржыны қайтара алмаған кезде қарызды коллекторлық агенттікке сатып жібереді. Ал коллектор қарызды өз атына жаздырып, берешекті өтеп алу үшін сот орындаушыларының көмегіне жүгінеді. «Қарызды қайтару үшін ары қарай сот орындаушылары жұмыс істейді. Коллекторлар ішінара көмек береді. Өкінішке қарай, коллекторлардың көмегі адамның ар-намысына тиюден бастап қорқытып-үркітуге дейін барады. Бірақ олардың борышкерлерден тікелей ақшаны алуы заңсыз болып есептеледі. Себебі қарызды сот орындаушысы өндіріп алып, коллекторлық агенттікке құяды. Біздің елде ақша өндіру жеке сот орындаушыларының ғана қолында. Оны сот та, прокурор да өндіре алмайды. Алайда медиативтік келісім дейді, сол арқылы коллектор сот орындаушыларына «қарызды өндірдік» деп хат жібереді. Бірақ бәрібір сот орындаушылары өздерінің пайыздық үлесін алады», – дейді Еркін Қахаров.Соңғы тоқсанда сегіз әкімшілік жаза
Былтыр І жартыжылдықта екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға және кредиттік бюроға қатысты жалпы сомасы 12 681,6 мың теңгеге 67 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы, 43 жазбаша ұйғарым және 48 әкімшілік жаза қолданылды. Ал екінші тоқсанда жалпы сомасы 5 742,7 мың теңгеге 36 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы, 33 жазбаша ұйғарым және 20 әкімшілік жаза тағайындалған. Көп жасалған бұзушылықтың қатарында коллекторлық агенттіктердің қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзғаны анықталған. «Соңғы тоқсанда коллекторлық агенттіктерге қатысты 4 жазбаша ұйғарым, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 10 хаттама бойынша 8 әкімшілік жаза қолданылған. Жүргізілген талдау нәтижелері борышкерден берешекті қайтарып алуда жосықсыз іс-әрекеттермен, кредиттік бюроға мәліметтерді ұсынбау секілді коллекторлардың заңсыз әрекетін көрсеткен. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру, борышкерге және үшінші тұлғаға қағидаларда регламенттелген толық ақпаратты хабарламау, борышкермен және үшінші тұлғамен белгіленбеген уақытта өзара іс-қимылды жүзеге асыру, кредитордан алынған коммерциялық немесе өзге құпияларды жариялау бойынша жосықсыз іс-қимылдар жасау, коллекторлық агенттіктің үй-жайларында аудио-бейнежазба құралдарының көмегімен өзара іс-қимыл процесін тіркеуді жүзеге асырмау, кредиттік бюроға мәліметтерді ұсынбау секілді заңсыздықтарға барған», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі. Агенттіктің көмегіне жүгінушілер «Коллекторлық агенттік шоттарды «бұғаттауға» құқығы бар ма?» деген сауалды жиі қояды екен. Бір айта кетерлігі, коллектордың шотты бұғаттауға құқығы жоқ. Бірақ борышкерлердің банк шоттарына шектеулерді жеке сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу шеңберінде немесе төлем талаптарын алға тарту арқылы ұсынуы мүмкін.Кері байланысқа шыққысы жоқ
«Бэк» коллекторлық агенттігі» ЖШС-нің өкілі Айдос Құлажанов қарыз алғандардың көбі қайтаратын кезде құлықсыздық танытатынын айтады. «Қарыздарын бір жыл, екі жыл кейін қайтарып жатқандар бар. Кейбіреулер «мұнша көп несие алған жоқ едім» деп аң-таң болады. Бірақ олардың алған қарыздары құжатта жазылған, барлығы заңды. Біз өз тарапымыздан борышкерге баса-көктеп қарызды талап етпейміз, алдын ала хабарлама жібереміз. Бірақ борышкерлердің көбінің өзі Алматыда, тіркелген мекенжайы басқа облыста. Біздің жіберген хабарлама борышкердің қолына тимейді. Кейде хабарламаны алып тұрып хабарласпайды. Өйткені коллекторлық компания қарызды сұрайтынын біледі. Амал жоқ, сотқа жүгінеміз. Сол кезде ғана «хабарлама алмадық» деп қарсы уәж айтады. Бірақ олардың айтқандарын растайтын ешбір дәлел жоқ. Ал біздің қолымызда компанияның атынан сол мекенжайға жіберген хабарламаның екінші көшірмесі сақтаулы болады», – дейді Айдос Нүсіпжанұлы. [caption id="attachment_154467" align="alignnone" width="1141"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Заңгерлер коллекторлық компания өкілдері борышкерлердің банктегі құпиясын туған-туыстарына, көршілеріне жеткізіп, кейде есіктің сыртында қарызды қайтару керегін ескертіп жазып кететінін жеткізеді. Қаржылық ұйым қызметін қолданушының құпиясын жариялағаны үшін оларды жазаға тарту заңда көзделмеген көрінеді. «Борышкерлер хабарламаны алмаса, алып тұрып хабарласпаса, банктен несие алушының мәліметтерін сұратып, сол жерде көрсетілген жақындарының телефон нөміріне хабарласамыз. Көрсетілген мекенжайға барып, көршілерден сұраймыз. Банк бізге қандай ақпарат береді, сол бойынша әрекет етеміз. Егер ешбір ескертпені елемей, қашып жүруін жалғастырса, сотқа жүгінеміз, ІІМ арқылы іздеуге береміз. Әлеуметтік желілерде «коллекторлар қысым көрсетіп жатыр» деген сөзді қарызын қайтаруға құлықсыз борышкерлер береді. Шын мәнінде, коллекторлар ешкімнің есік-терезесін тоқылдатып тұрмауы керек. Хабарлама жібергенде байланысқа шығуы тиіс. Ал әлгіндей кері байланыс жоқ болса, борышкердің көрсеткен мекенжайына көшпелі бөлімнің коллекторлары тексеріс жүргізеді. Іздеп барғанда үйінде болмаса, хабарламаны есікке іліп кетеді. Не болмаса көршісіне табыстап кетеді. Бұл не үшін керек? Ертең сотқа жүгінген жағдайда көшпелі бөлімнің сол мекенжайға барғанын, көршілері растағанын дәлелдеу керек», – дейді Айдос Құлжанов. Оның сөзіне қарағанда, бес жыл бойы қарызын қайтармай жүрген борышкерлер бар екен. Ол кісі көрсетілген мекенжайда тұрады. Банктен алған несиесі өте көп. Несие алушының кепілге қоятын мүлігі не жұмысы жоқ. «Оған банк қарызды қалай бергенін түсінбейміз. Амал жоқ, алған ақшаны ең төменгі сома болса да төлетіп алуға тиіспіз», – дейді Айдос Құлажанов. Карантинге дейін күнара қоңырау шалатын сот орындаушысы мен коллектордың қыспағынан қан қысымы көтеріле бастаған борышкерлер де бар. «800 мыңға жуық қарызым болатын, ай сайын 10 мың теңге төлеп тұратын болып келістік. Алайда коллектор қалған 500 мың теңгені келіскен мерзімінен бұрын жауып тастауымды сұрады. Оған мүмкіндік жоқ екенін айтқанымда, сотқа жүгінетінін мәлімдеп, қорқыта бастады. Төрт баламмен бірге өзім де анамның зейнетақысына қарап отырғанда қарызды түгел қайтара алмаймын ғой. Олар түсінбейді. Қан қысымым көтерілген күндер де болды. Қазір онлайн болған соң хабарласып жүрген жоқ. Бірақ қарызымды аз-аздап төлеп жатырмын», – дейді Ардақ Құлкенова. Жеке сот орындаушылармен сыбайласып, борышкерлерден заңсыз ақша өндіретін коллекторлық компаниялардың қулығына құрық байлау мүмкін болмай барады дейтіндер көп. Алдағы жылы коллекторларға қатысты талап қатаңдап, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау күшейтілуі мүмкін. Дегенмен қараудағы құжатқа қарызын қайтарғысы келмейтіндердің құқығын қорғаумен қатар, жауапкершілігін де қарастырса...Жадыра МҮСІЛІМ