Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айында жоғалған 22 жастағы бойжеткен өлі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 тамыз күні сағат 19.00 шамасында «102» пультіне өлген әйел адамның денесі табылғандығы жөнінде хабарлама түседі. Мүрде Петропавлдағы «Речпорт» ауданында орналасқан тазарту құрылыстарынан табылған.
Оқиға орнына бірден жедел-тергеу қызметі шығып, тиісті шараларды атқарды.
Табылған мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы бір айдан кейін белгілі болмақ. Алдын ала болжам бойынша, бұл - сәуір айында жоғалған бойжеткеннің мәйіті.
Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу жүргізіліп жатыр.