№2 қалалық соты мотоцикл дөңгелегінің тысына есірткі тығып тасымалдаған Атырау облыстық Полиция департаментінің екі қызметкеріне үкім шығарды.Azh.kz тілшісінің хабарлауынша, 14 ақпанда әкімшілік полицияның «майор» және «капитан» шеніндегі екі қызметкері ұсталған болатын. Тінту кезінде мотоцикл дөңгелегінің тысына жасырылған марихуана табылған.
Сотта мыналар анықталды: Полиция офицерлері күдіктінің ісінен Алматыда бір келісі 160 мың теңгеден марихуана сатып алуға мүмкіндік бар екенін біледі (бұл «қара нарықта» бірнеше есе қымбат). 18 қаңтарда бұл соманы терминал арқылы сатушыға аударады. Ал 14 ақпанда олар Атырау-Доссор трассасында қылмыс үстінде ұсталды.
Сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-тармағының 4-тармақшасы («Лауазымды адам қызмет бабын пайдалана отырып, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау») бойынша жүргізілді.
«Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылардың құқық қорғау органының қызметкері бола тұрып ауыр қылмыс жасағанын және антты бұзғанын ауырлататын жағдай деп таныды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот екеуін де кінәлі деп танып, әрқайсысын шенінен айырумен қатар 7 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.