Қазақстанда күніне 2 мыңдай автокөлік тіркеледі. Осыдан-ақ «автоцондарға» түсетін жүктемені бағамдауға болады. Алайда азаматтар бірер күннен бері жаңа көліктерді тіркей алмай, тығырыққа тірелді. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясының түсіндіруінше, бұған техникалық ақау себеп болыпты.
Ведомствоның түсіндіруінше, 2021 жылғы 5 тамызда кеден ақпараттық жүйесінде туындаған ақауға байланысты елдегі мамандандырылған ХҚКО-ларда жаңа автомобильдерді тіркеу уақытша тоқтатылды. Есепке қою кезінде автоХҚКО операторлары жаңа көлік құралдарының тіркеуін жүргізе алмаған: кеденнің деректер базасындағы ақау салдарынан мемлекеттік орган өтініштерді кері қайтарып жатыр. «Ақауға байланысты жаңа көлік құралдарын есепке қою қызметі қолжетімсіз. Бұл азаматтардың тікелей автосалондардан сатып алатын жаңа көліктерге қатысты. Жауапты орган ақпараттық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін азаматтардан кешірім сұраймыз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының сервис жөніндегі басқарушы директоры Бақтияр Мұхаметқалиев. Жүйенің қалпына келгені және жаңа автокөліктерді тіркеу қызметінің жандануы туралы клиенттерге қосымша хабарланатын болады.Айхан ШӘРІП